Home » О нас » Мектепке дейінгі білім беру сапасын бағалау: тәжірибе мен жаңа тәсілдер

Мектепке дейінгі білім беру сапасын бағалау: тәжірибе мен жаңа тәсілдер

Алматы қаласы, Бостандық ауданы
№113 бөбекжай-балабақшасында мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбие мен оқыту сапасын арттыруға бағытталған маңызды қалалық семинар өтті. “Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасы және өзін-өзі бағалау” тақырыбындағы бұл шара білім беру саласындағы заманауи әдістерді талқылауға, тәжірибе алмасуға арналған алаңға айналды. Семинарда
Бостандық ауданы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің бас маманы Муратова Шолпан Муратовна, қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталық басшысы Карасёва Наталья Викторовна қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталық әдіскері Туралина Жанар Анварбековна және Алматы қаласының бөбекжай-балабақшаларының меңгерушілері мен әдіскерлері қатысты.

Семинар шымылдығы №113 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Кожанова Шолпан Ауелбековнаның баяндамасымен түрілді. Ол «Мектепке дейінгі ұйымдар үшін сапаны бағалау өлшемшарттары» тақырыбында маңызды мәселелерді көтеріп, қазіргі таңдағы білім беру сапасын бағалаудың негізгі тетіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, сапалы білім беру жүйесі – үздіксіз жетілдіруді, өзін-өзі бағалауды қажет ететін үдеріс.
Одан әрі қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталықтың басшысы Карасёва Наталья Викторовна сөз алып, “Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру сапасын бағалау” мәселесіне кеңінен тоқталды. Ол өз баяндамасында халықаралық тәжірибелер мен отандық білім беру жүйесіндегі бағалау әдістерін салыстырып, тиімді тетіктерді ұсынды.
Семинар барысында №113 бөбекжай-балабақшасының әдіскері Утепова Г.Ш “Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы” тақырыбында сөз қозғады. Ол мектепке дейінгі білім беруді дамытудың халықаралық стандарттары жайлы мәліметтермен бөлісіп, Қазақстанның бұл бағыттағы қадамдарын атап өтті.
Сонымен қатар, балабақша тәрбиешісі Долженко Т.В “Білім беру моделінің тоғыз қағидасы” тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті. Оның баяндамасы қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, тың идеяларымен ерекшеленді.

Семинар барысында №151 бөбекжай-балабақшасының әдіскері Ибрагимова А.И “Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы қазіргі сапаны бағалау құралдары” тақырыбында сөз сөйледі. Ол бағалау құралдарын нақты мысалдармен түсіндіріп, тәжірибеде қалай қолдануға болатынын көрсетті.
Шараның соңында №113 бөбекжай-балабақшасының психологы Еркинова М.К “Мейірімді болса жүрек – орындалар тілек” атты ерекше тренинг өткізді. Бұл сәт қатысушыларға жылулық сыйлап, сенімді қарым-қатынас орнатуға бағытталды.
Семинарға қатысушылар өз ойларын ортаға салып, алған әсерлерімен бөлісті. Көпшілік ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтті. Кеш соңында қатысушылар ән шырқап, көңілді би билеп, шараны әсем нотада аяқтады.

Осылайша, қалалық семинар мектепке дейінгі тәрбие мен білім сапасын бағалаудың өзекті мәселелерін талқылап қана қоймай, педагогтер үшін жаңа білім көкжиегін ашатын тәжірибе алаңына айналды. Мұндай басқосулар мамандардың кәсіби дамуына, білім беру жүйесінің сапасын жақсартуға үлкен үлес қосатыны сөзсіз.

BILIM AINASY
Алматы қаласынан
Ақерке Амангелдіқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*