Home » статьи » Балабақша мен ата-ананың ынтымақтастығы – бала тәрбиесінің берік негізі

Балабақша мен ата-ананың ынтымақтастығы – бала тәрбиесінің берік негізі


Салимова Лаззат Нурслановна
Алматы қаласы, Алмалы ауданы
№14 бөбекжай-балабақшасының
меңгерушісі

Баланың болашағы – ұлттың болашағы. Жас шыбықтай иілуге бейім балдырғанды қалай баптасақ, ертеңгі қоғам да солай қалыптасады. Осы орайда, баланың алғашқы тәрбиесі – ата-ананың мейірімінен бастау алып, балабақшада жүйеленеді. «Баланы жастан» деген халық даналығы дәл осы сәтте өз маңызын көрсетеді.

Балабақша – тек ойын алаңы емес, бұл – балаға білім мен тәрбие дәнін себетін қасиетті орда. Алайда тәрбие тек тәрбиешінің ғана міндеті емес, ол – ата-ана мен педагогтердің ортақ еңбегінің жемісі. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, отбасы мен балабақша арасындағы тығыз байланыс – бала бойына жақсы қасиеттерді сіңірудің ең тиімді жолы.

Ата-аналар балабақша өміріне белсенді араласқанда, бала да өзін жайлы әрі сенімді сезінеді. Бірлік бар жерде береке бар. Бала балабақшада өзін туған үйіндегідей сезінсе, ол жаңа ортаға тез бейімделеді, достарымен қарым-қатынасы нығаяды, танымдық қызығушылығы артады.

Осы мақсатта біздің балабақшада ата-аналармен бірлескен түрлі іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Ұйымдастырылған іс-әрекет, мерекелік қойылымдар, спорттық сайыстар, отбасылық тренингтер – мұның бәрі ата-аналардың балабақша өміріне жақын болуына ықпал етеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, ата-ананың бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауы – оның келешектегі жетістіктерінің кепілі.

Ата-аналармен өзара қарым-қатынастың басты мақсаты – баланы жан-жақты дамыту, оның қабілеттерін ашу. Ал бұл үшін бала тәрбиесіндегі ортақ ұстанымдар маңызды. Балабақша мен ата-ана бір бағытта жұмыс істегенде ғана, бала өзіне қажет дағдыларды толық меңгере алады.

Балабақшада алған тәрбие үйдегі үлгі-өнегемен ұштасқанда ғана бала тұлға болып қалыптасады. Сондықтан біз ата-аналармен тығыз байланыс орнатып, оларды педагогикалық үдеріске белсенді тартуға тырысамыз.

Бала – ата-ана мен педагогтің ортақ аманаты. Оның тұлға болып қалыптасуында отбасы мен балабақшаның өзара әрекеттестігі ерекше рөл атқарады. Бірлік пен ынтымақ бар жерде ғана берекелі тәрбие мен сапалы білім болмақ. «Бала тәрбиесі – бесіктен» деген ұлы сөзді жадымызда ұстап, ұрпағымызға ұлағатты тәрбие бере алсақ, ең басты міндетіміздің орындалғаны.
Біз, балабақша ұжымы, әрбір ата-анамен тығыз байланыста жұмыс істеуге, баланың жарқын болашағы үшін бірлесе әрекет етуге әрқашан дайынбыз!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*