«Өнер арқылы жасыл планетаға»
Алматы қаласы Жетісу ауданы, білім басқарамасына қарасты № 170 бөбекжай балабақшасында ата-ана, тәрбиеленушілер, ұжым бірігіп ұйымдастырған жоба жоспары бойынша «Өнер арқылы жасыл планетаға» тақырыбында қалалық семинар өтті.
Семинарға Алматы қаласы мектепке дейінгі ресурстық орталықтың әдіскері Ж.А. Туралина және Абай атындағы ҚазҰПУ аға оқытушысы PhD С.Ж.Еркебаева, Жетісу ауданы әдістемелік бірлестік мүшелері және педагогтары мен ата-аналар қатысты.
— Алматы қаласы әкімдігінің 2023-2025 жылға арналған жол картасы негізінде Алматы қаласы бойынша балабақшалардың меңгерушілері мен педагогтарын шет елдерде тағылымдамадан өткізу жоспары бойынша ағымдағы жылы бірнеше меңгерушілер мен педагогтар Қытай мен Малайзияға барып, тағылымдамадан өтіп, тәжірибе алмасып қайтқан болатынбыз. Шет елдерден алған тәжірибеміз бен білімімізді ұштастыра орытып бүгінгі семинарда «Өнер арқылы жасыл планетаға» деп аталатын жобамызды барынша жан-жақты қамти алдық десем артық айтпаспын. Қытайдың экологиясын, Малайзияның шығармашылығын негізге ала отырып, ұлттық құндылықтармен ұштастырып, жасанды интеллектті кіріктіре осы жобаны қараша айынан бастап жүргізіп келеміз.
Бүгінгі семинар ата-аналар, тәрбиеленушілер мен ұжымның жүргізген орта мерзімді жобамыздың қорытындысы болды. Өзіміз де, көпшілікте дән риза,- дейді балабақша меңгерушісі Орманбекова Шаризат Бегадилевна.
Жоба экология тақырыбына негізделгендіктен бөлме гүлдерін алған. «Бөлме экологиясы — бөлме өсімдіктерінің рөлі» деп аталатын айдарда «Әйел бақыты» гүлін және «Қазтамақ», «Ангиник» гүлдерін, сонымен қатар «Сиқырлы лимон» деп аталатын айдар тағып лимон өсімдігін зерттеп, гүлдердің құрылымын, емдік қасиетін тілге тиек етіп, көпшілікке көптеген пайдалы ақпарат берілді. Жалпы осы жоба аясында балабақша гүлденіп көркейе түскендей. Қандай өсімдік болмасын ауаға тазалық, жан-жаққа көрік беріп тұрары анық. Сондықтан да болар балабақша ауласы да, іші де жайнап тұр. Бұл — үлкен еңбектің нәтижесі. Бәрі бірігіп, жұмыла жұмыс істеп, еңбектеніп, оң нәтижесін көріп отыр.
Аталған тақырыпты әр ұйымдасқан іс-әрекетте ұлттық құндылықтармен сабақтастыра отырып жүргізіп келеді.
Бүгінгі семинар барысында қатысушылар көптеген мәліметтер мен пайдалы кеңестер алды. Әсіресе шеберлік сабағын өткізгендер қатысушылардың қызығушылықтарын оятты. Назар қоя тыңдап, сұрақтарына жауап алып, таңқалыстарын жасыра алмағандар болды. Жалпы айтқанда берері мол тәжірибе алмасу семинары өтті.
Адамның адам болып қалыптасуының құралы — еңбек. Еңбектің нәтижесі әрбір адамға, еңбекке деген түсінігі, шығармашылық көзқарасына байланысты. Олай болса бүгінгі таңдағы қоғам қажеттілігі — жас ұрпақты еңбекке ынталандырып тәрбиелеу, болашақ еңбек жолын дұрыс таңдауға баулу. Баланың жеке басының еңбекке бейім болып өсуі оны еңбек тәрбиесіне баулуға тікелей байланысты. № 170 бөбекжай- балабақша ұжымы бүгінгі өткен семинар барысында осыны айшықтағандай. Жалпы балабақша ұжымы қажымай, талмай еңбектеніп келеді. Оған балабақша қабырғасында жиі өткізетін іс-шаралар мен бүгінгі семинар дәлел бола алады. Олай болса, еңбекқор жандар жиналған ұжымның алар асулары әлі алда дер едім.
Семинар соңында кері байланыс орнады.
Жұлдыз Смаилова
«БІЛІМ АЙНАСЫ»
Алматы қаласы