Home » Новости » Наурыз – Ұлыстың Ұлы күні

Наурыз – Ұлыстың Ұлы күні

Алматы қаласы, Бостандық ауданы, КМҚК №99 бөбекжай-балабақшасын Ұлыстың Ұлы күнін атап өтті.
Іс-шараның шымылдығын бабабақша меңгерушісі Жорашова Нарима Мырзановна өзінің алғы сөзімен бастады.

Наурыз – көктемнің шуақты мерекесі, табиғаттың жаңаруы мен тіршіліктің басталуын білдіретін күн. Бұл мереке – қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін үлкен маңызға ие. Наурыз мейрамы наурыздың 22-сінде тойланады және жаңа жылдың бастауы саналады.

Балабақшадағы Наурыз мерекесі
Бүгін балабақшада Наурыз мейрамына арналған тамаша іс-шара өтті. Бұл мерекелік жиында екі тәрбиеші жүргізуші болып, балалардың көңілін көтеріп, шараны ерекше әсерлі етті. Балабақша тәрбиешілері оркестр ойнап, әсем билерін көрсетіп, мерекенің сәнін келтірді. Балаларға шаттық сыйлаған тәрбиешілердің еңбегі зор!

Бүлдіршіндер өнер көрсетті
Мерекелік думан барысында балабақшадағы бүлдіршіндер өз өнерлерін ортаға салып, әсем әндер орындап, ұлттық би биледі. Балалардың көздеріндегі қуаныш, сахнадағы жарқыраған жүздері мерекенің шырайын аша түсті. Олардың Наурызға арналған әндері мен билері көрермендерді тәнті етті.

Айтулы шараға бұрын осы балабақшаның түлектері болған балалар да арнайы қонақ болып келді. Олар да өз өнерлерін көрсетіп, жүрек жарды әндерін орындап, тамаша билерімен мерекелік кештің сәнін арттырды. Бұл көрініс – балабақшаның тәрбиеленушілері үшін үлкен үлгі әрі қуанышты сәт болды. Кезінде осы шаңырақтың тәрбиесін көрген түлектердің өнер көрсетуі – олардың өз балабақшасын ұмытпай, қастерлейтінінің белгісі іспетті.

Сонымен қатар, мерекелік іс-шара барысында балабақша меңгерушісі Жорашова Нарима Мырзановна бір бүлдіршіннің тұсауын кесіп, оған ақ жол тіледі. Бұл дәстүр баланың болашағына ақ ниет білдіріп, оның алғашқы қадамдарына сәттілік әкеледі деген сеніммен жасалады. Барша қауым бүлдіршінге ұзақ өмір, жарқын болашақ тіледі.

Қадір ата балабақшаға келді
Наурыз мерекесінің құрметіне балабақшамызға қадірлі қонақ – Қадір ата келді. Ақ сақалды, абыройлы қария балаларға батасын беріп, ұлттық дәстүрлеріміз жайлы тағылымды әңгімелер айтты.Оның даналыққа толы сөздері балғын жүректерге ой салды, ал мейірімді жүзінен шуақ шашылды. Балалар атадан бата алып, оның айтқан өнегелі әңгімелерін қызыға тыңдады.

Әкелер мен аналардың арқан тартысы
Мерекелік думан барысында ата-аналар да шет қалмады. Балабақша алаңында ерекше көңілді әрі қызықты арқан тартыс сайысы өтті. Алдымен, әкелер жеке команда құрып, өздерінің күш-қайратын сынады. Жігерлі әкелер жиналған көрермендерге нағыз күш пен бірліктің үлгісін көрсетті. Олардың әр қимылы, әр серпілісі нағыз қазақ жігіттеріне тән қайсарлықты бейнеледі.

Келесі кезекте аналар алаңға шықты. Олар да ерлерден қалыспай, жеңіске деген талпыныстарын байқатты. Қол ұстасып, бір мақсатқа жұмылған аналар ширақ қимылдап, ұйымшылдықтарын көрсетті. Көрермендер оларды қошеметтеп, үлкен қолдау білдірді. Осылайша, арқан тартыс тек жарыс қана емес, шынайы қуаныш пен бірліктің мерекесіне айналды.

Балабақшадағы ұлттық ойындар
Наурыз мейрамы аясында тәрбиешілер балаларды әр топқа бөліп, қазақтың ұлттық ойындарын үйретіп, арнайы тапсырмалар ұйымдастырды. Әр топтағы балалар өздеріне берілген ұлттық ойындарды қызыға ойнап, қазақ халқының дәстүрлерімен жақын танысты. Бір топ асық ату ойынында мергендік танытса, енді бірі арқан тартысып, шапшаңдық пен бірліктің маңызын сезінді. Сондай-ақ, қыз қуу, алтыбақан, бәйге сынды ойындар ұйымдастырылып, балалардың көңілін көтерді. Осылайша, әрбір бүлдіршін ұлттық ойындардың ерекшелігін біліп, мерекелік шараға белсене қатысты.

Наурыз – өткенді қадірлеу, жаңаруға ұмтылу, бірлік пен татулықтың мейрамы. Бұл мереке жас ұрпақтың бойына халқымыздың құндылықтарын сіңіруге көмектеседі. Сондықтан балабақшаларда Наурыз мейрамын кеңінен тойлау – балаларға ұлттық мәдениетімізді дәріптеудің маңызды жолы. Көктемнің жарқын мерекесі әр шаңыраққа молшылық пен бақыт әкелсін!

Ұлттық құндылықтарды дәріптеген 99-бөбекжай-балабақшасына алғыс
Осындай ауқымды мерекелік іс-шараны ұйымдастырып, қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін жаңғыртып, жас ұрпаққа ұлттық тәрбие бергені үшін №99 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі: Жорашова Нарима Мырзановна және тәрбиешілер: Мамырбаева Айжан Айдаровновна, Шешукова Светлана Васильевна, Нуртазина Айгерим Турсынгалиевна, Юрьева Валентина Петровна, Аллаева Зайтунам Аруповна,
Камбарова Газиза Торебековна,
Мерзлова Виктория Александровна,
Фомина Анастасия Дмитриевна, Кураева Элмира Нураддиновна,Усеинова Мулкия Латифовна,Алиева Фарида Гарибовна,Есбулганова Нуржамал Аскербековна,Абдилдаева Нургул Сейсеналиевна,Музапарова Сауле Асилхановна,Аубакирова Гулгина Акасовна, Аныкбаева Перизат Халыковна және қазақ тілі маманы:Кожаева Айман Сабитхановна, музыка жетекшісі:Сембаева Айгеримге, барша балабақша ұжымына шексіз алғысымызды білдіреміз.

Даламызда киіз үй тігіп, балаларды ұлттық киіммен сәндендіріп, ата-аналарды ортақ қуанышқа шақырып, ұлыстың ұлы күнін ерекше салтанатпен атап өткен балабақша ұжымының еңбегі зор. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, келер ұрпаққа аманат етіп отырған балабақша меңгерушісіне, тәрбиешілерге, барлық қызметкерлерге жүрекжарды алғысымызды білдіреміз. Наурыз мерекесі жыл сайын осындай думанға толы, берекелі болсын! Ұлт мұрасын қадірлейтін, рухы биік ұрпақ өсіп-жетілсін!

Алматы қаласы
BILIM AINASY
Елназ Тұрсынғалиқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*