Алматы каласы, Әуезов ауданы,
№ 33 бөбекжай- балабақшасында “Қазақшаң қалай балақай?” тақырыбында іс-шара өтті. Балабақша меңгерушісі
Аида Майбековна іс-шараны өзінің алғы сөзімен бастады.
Іс-шараға мектепалды орыс тілінде оқытылатын топтардың тәрбиеленушілері мен ата-аналары қатысты. Қоржын ішіндегі асықтарды таңдау арқылы “Қарлығаш”, “Достық”, “Жұлдыз”, “Қыран” , “Барыс”, “Болашақ” деп алты топқа бөлінді. Қатысушылармен танысу және ойынға деген ынталандыру мақсатында іс-шара шаттық шеңберімен басталды.
Бірінші кезең әр топ өзінің аты мен ұранын айтты. Бұл кезеңнің басты мақсаты сөздік қорды молайту. Екінші кезең “Мақал-сөздің мәйегі” деп аталды. Экранға сурет пен сөздің қосылуы арқылы мақал-мәтелдер жасырылды. Қай топ бірінші табады, сол топ үстел үстіндегі қоңырауды басып жауап берді. Бұл сайыстың басты мақсаты: қазақтың мақал-мәтелдерін жетік білу және жылдамдыққа жетелеу.
Үшінші кезең “Пазл құрастыру” деп аталды. Әр топқа конверт берілді. Барлық топ конверт ішіндегі пазлдарды құрастырды. Әр пазлда қазақ ертегілерінің кейіпкерлері, ою-өрнегі, ұлттық аспаптары құралды. Құралған пазлға ауызша түсінік берді. Төртінші кезең қазақтың ұлттық ойыны “Ақсүйек” болды.
Тәрбиеленушілер ортаға шығып, музыка біткенше биледі. Бұл шарадан ата-аналар да тыс қалмады. Аналар мен балалары екі топқа бөлініп, “Ақсүйек” ойнады. Ойыннан тыс қалған ата-аналар болмады.
Бесінші кезең “Даналық” үстел ойыны деп аталды. Бұл кезеңде үстел үстіндегі карточкаларда жасырылған сұрақтарға жауап берді. Ең соңғы алтыншы кезең “Өлең-сөздің патшасы” деп аталды. Тәрбиеленушілер қазақтың ұлттық өлеңдерін мәнерлеп, нақышына келтіріп айтып берді. Барлық топ сен тұр, мен атайын дегендей болды. Топтарға баға бергенше, ойынға қатысушы топтар қазақтың ұлттық аспаптары мен оркестрда ойнады.
“Жақсыны көрмекке, айтпаққа” — демекші, ұрпаққа ұлт тәрбиесін беремін деп білек сыбана іске кіріскен №33 бөбекжай-балабақшасының ұжымына “бәрекелді” дейміз.
Сондай-ақ осы іс-шараны ұйымдастыруға ат салысқан Арайлым Кадировнаның (қазақ тілі оқытушысы) еңбегін айтып кетпесек болмас.
Тілден құдіретті, бағалы қасиет жоқ деп ойлаймын. Тіл – оны жасаушы халықтың тарихы, шежіресі, бүкіл өмірінің жаңғырығы мен ізі, арманы мен алдағы үміті, қайғысы мен қуанышы, күллі рухани өмірінің үні болатын болса, осы құндылықтардың бәрін заманнан заманға, адамнан адамға жеткізуші — бүгінгі ұрпақ.
BILIM AINASY
Алматы қаласы
Елназ Тұрсынғалиқызы