Садикова Айнұр Серікқызы
Алматы қаласы
ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы
№140 гимназия» МКК-нің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Сайын Мұратбеков — қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, оның шығармалары қазақ халқының мәдениеті мен тарихын тереңінен сыр шертеді. Мектеп қабырғасында Сайын Мұратбеков шығармаларын оқу арқылы оқушылар қазақ халқының дәстүрлері мен тұрмысы, ұлттық менталитеті, еңбек және отбасы құндылықтары жайлы ақпарат алады, өз жерінің тарихын құрметтеуге үйренеді. Әдебиетке деген қызығушылықтары артып, шығармашылық қабілеті дамиды. Шығармадағы тіл байлығы мен стиль өзгешеліктері оқушыларды әдеби талдау жасауға үйретеді. Қаламгердің оқушының тілдік дағдыларын жетілдіруге ықпал ететін шығармаларының тілі көркем әрі түсінікті. Шығармаларында адам өміріндегі түрлі әлеуметтік мәселелер мен қиындықтар, адамның ішкі әлемі, оның сезімдері мен ойлары, өмірге деген көзқарасы көрініс тапқан. Бұл әсіресе жастардың моральдық және адамгершілік тәрбиесіне үлкен әсер етеді. Бұдан шығатын түйін: Сайын Мұратбековтың шығармалары жалпы мәдениетті, адамгершілікті және ұлттық сананы дамыту үшін маңызды.
ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия» МКК-де «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында қаламгер шығармалары негізінде көптеген оқырмандар конференциясы өтіп тұрады. Жылдық жұмыс жоспарына сай әр сынып өзіне бекітілген қаламгердің кітабын бірге оқып, шығарма желісі бойынша бірлесе конференция өткізеді. Бүгін С.Мұратбековтың «Жусан иісі» шығармасы бойынша оқырмандар конференциясы өтті.
Конференцияны қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Дүйсенова Гүлзағира Қазтайқызының ұйымдастыруымен 6 «И» сынып оқушылары өткізді. Оқушылар “Жусан иісі” шығармасы бойынша терең философиялық мағынасы бар, адам жүрегіне әсер ететін оқиғалары туралы ойларын ортаға салды. Сол кездегі халықтың ауыр тағдырын, шығарма кейіпкері Аянның бейнесін сомдады. Оқушылар сондай-ақ, шығарманың басты кейіпкерінің туған жерге деген сағынышы мен отбасына деген адалдығын ерекше атап өтті. “Жусан иісі” шығармасы арқылы оқушылар адамгершілік құндылықтар мен рухани күштің маңызын ұғынды. Оқушылардың пікірінше, шығарма адам өміріндегі қиындықтарды жеңуге деген сенімділікті арттырады.
Шығарманың табиғатты бейнелеу тәсілі де көпшіліктің назарынан тыс қалмады. Жусанның иісі мен табиғаттың шынайы суреттері көрермендерді таңқалдырды, әрі олар табиғаттың адам өміріндегі маңызына ерекше назар аударды. Шара барысында оқушылар шығарманың кейіпкерлерінің мінез-құлқы мен психологиясына терең талдау жасады. Олар шығарманың басты кейіпкерінің ішкі күресі мен оның өмірдегі жолын таңдаудағы қиындықтарын көрініс арқылы көрсетті. Сондай-ақ, Сайын Мұратбековтың тіл байлығына және шығармашылық шеберлігіне ерекше баға берді.
Шара соңында оқушылар шығарманы оқу арқылы адамзаттық құндылықтар мен моральдық ұстанымдарды тереңірек түсінгенін айтты. Жас оқырмандардың пікірінше, «Жусан иісі» шығармасы бір жағынан тарихты еске салса, екінші жағынан, адамгершіліктің маңыздылығын түсіндіреді. Оқушылар өздерінің өмірлерінде кездесетін қиындықтар мен сынақтарды жеңу үшін күресу керектігін, адам өміріндегі шыдамдылықтың маңызды екенін жарыса айтты.
Конференцияға қатысушылар да шараның жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Кітап сүйер шәкірттердің қатарын көбейту мақсатындағы аталмыш жұмыстар ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия» МКК-де одан әрі де жалғасын таппақ. Өнегелі де өрелі, білімді де дарынды шәкірттеріміз көп болғай!