Алматы қаласындағы
ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы
№140 гимназия» МКК директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары
Айтбаева Айша Абдуллақызы
Алматы қаласындағы ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия» МКК-де ерекше кездесу өтті. Шараның өзгешелігі — халықаралық достықты нығайтуға бағытталуында. Жүздесудің басты кейіпкерлері — Жапониядағы Kanto International High School оқушылары. «Достықта жоқ шекара» деген даналықты ұран еткен, ынтымақтастыққа негізделген бұл шара – мұхит пен дала баласын табыстырған алтын көпір іспеттес. «Қуанса, бала қуансын!» демей ме дана халқымыз?! Мазмұнды әрі танымдық бағдарлама аясында өткен аталмыш шара мәдениеті мен салты бөлек қос құрлықтың балаларына ерекше көңіл-күй сыйлады.
Қонақтар мектеп өмірімен және Қазақстанның білім беру жүйесімен танысып, мектеп ішіне, мұражайға экскурсия жасады. Қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрлерін тереңірек түсіну мақсатында мектеп оқушылары домбыра мен жетігенде ойнап, халық билерін орындады. Іс-шара барысында ұлттық ойындар – асық ату, бес асық, арқан тарту, ләңгі мен қазақша күрес – ерекше көңіл-күймен өтті. Бұл белсенділікке дене шынықтыру пәні мұғалімдері жетекшілік етті.
Осы оқу жылының желтоқсан айында гимназия директоры Сәния Өскенбайқызымен бірге маған Жапонияда тағылымдамадан өту бақыты бұйырған болатын. Балаларға осы іссапардан алған әсерімізді де бөлісіп, пікір алмастық. Кездесу барысында Токио, Осака, Хиросима қаласындағы біз барған мектептерді слайдтар арқылы көрсетіп, Жапония елінің заманауи технологиямен жабдықталған мектептерінің озық тәжірибелерімен танысқанымызды, сондай-ақ екі ел арасындағы білім алмасу жобаларының маңыздылығын да атап өттік. Kanto International High School мектебімен келісім шарт жасалынуда. Алдағы уақытта екі мектеп арасында пікір алмасу мен білімдегі тиімді әдіс-тәсілдермен бөлісу жоспарлануда.
Кездесу аясында орыс тілі пәнінің мұғалімі Гүлмира Уәлиқызы ерекше форматтағы интеграциялық сабақты сәтті өткізді. «Тіл – достықтың кілті» атты бұл сабақта екі елдің оқушылары еркін қарым-қатынас орнатып, тілдік кедергілерге қарамастан бірін-бірі түсінуге ұмтылды.
Мектеп ішін аралап, оқу ордасының тыныс-тіршілігімен танысты. Қонақтар гимназия оқушылары дайындаған мерекелік концертті тамашалап, қазақтың дәстүрлі ойындарын бірге ойнап, шеберлік сабақтарға қатысты. Бұл – қос елдің мәдени байланысын арттырып, оқушылардың таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған маңызды шара болды.
Кездесу аясындағы ашық пікір алмасу, шетелдік оқушылармен тығыз байланыс орнату – жас ұрпақтың жаһандық ойлау қабілетін қалыптастырып, мәдениетаралық түсіністікті дамытуға ықпал ететін маңызды қадам. Осындай кездесулер болашақта жаңа халықаралық жобаларға жол ашатыны сөзсіз.
Бұл күн оқушылар үшін де, мұғалімдер үшін де шынайы достық, өзара түсіністік пен мәдени көпір құрудың жарқын үлгісіне айналды. Кездесу соңында ұлттық тағамдардан дастарқан жайылып, қонақтар дәм татты. Қонақтар мектеп қабырғасынан жылы естеліктер алып, алғыстарын айтып қайтты.