Home » О нас » Жасөспірімдер арасындағы қатыгездік қайдан шығады?

Жасөспірімдер арасындағы қатыгездік қайдан шығады?

Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек,
тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы,
 ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі”
  Әл-Фараби

Алматы қаласы Білім басқармасы Алатау аудандық Білім бөліміне қарасты №156 ЖББ мектепте балалар мен жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алуға байланысты жұмыс жоспарын жүзеге асыру және оқушыларға құқықтық  білім беру, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында құқық негіздері пәні мұғалімдері 10-сынып оқушыларымен “Бүгінгі таңдағы бала тәрбиесі” тақырыбында құзырлы мекеме қызметкерлерімен бірлескен шара өткізді.


Шарада “Жасөспірімдер арасындағы қатыгездік қайдан шығады?”  тақырыбында пікір алаңы ұйымдастырылды. Пікір алаңына Алатау аудандық сотының судьясы Давлетниязов Талғат, аудандық Соттың бас маманы Серіков Ержан Әбдікәрімұлы, Алатау ауданы ПБ ЖПҚБЮПБ  аға инспекторы полиция майоры Алиева Ақерке Оразханқызы және жасөспірімдер істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, капитан Әкбаров Жасұлан Сәрсенұлы қатысты.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі, олардың амандығы, білімі мен тәрбиесі-мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі», — деп бала тәрбиесі туралы баса айтқан болатын.

Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын мақсат, міндеттерінің ең бастысы — қоғамда өз орнын таба білген саналы, салауатты ұрпақ тәрбиелеу. Жасөспірімдерге адамгершілік-рухани тәлім тәрбие беру, болашағына бағыт-бағдар көрсету бүгінгі қоғамның басты мәселесі деуге де болады. Ал жасөспірімнің бойына жағымды қасиеттерді сіңіру тек білім берумен ғана шектелмейді. Яғни оқушының ішкі жан дүниесін ояту және оң әсер ету нәтижесінде оның жоғарыда аталған адами қасиеттері қалыптасады.


Заман ағымының үздіксіз дамуымен бірге адамдардың мінез-құлқы да күн сайын өзгеруде. Таңдауы да, талғамы да бөлек жастардың тәрбиесі қандай? Балаларына барлық жағдайды жасап бергісі келіп, ақша табу мақсатында тек сыртта жүретін ата-аналардың беріп жатқан тәрбиесі қандай?        Жасөспірімдер арасындағы қатыгездік қайдан шығады?  Қазіргі заманның жастары, өскелең ұрпақты қалай дұрыс жолға салуға болады? Осы мәселелер туралы пікір алаңына қатысушылар өз ойларын ортаға салды. Құқықбұзушылық туралы бейнеролик көрсетіліп, талқылаулар жүргізілді.

Оқушылар жасөспірім баланың жаңа өсіп келе жатқан жас бұтақ сияқты екенін, оны қалай баптасаң, солай өсіп, сондай жеміс беретінін айтты. Ата-ананың әрбір жасаған қимылы — балаға берген тәрбиесі. Бала — ата-анасының айнасы. Ата-ана қалай тәрбиелеп, қалай бағыттайды, бала солай қарай ұшатынын, сонымен қатар өзіндік оң ой, көзқарастың болу керектігін айтып, пікір алаңын қорытындылады.

Келген қонақтар оқушыларға тағылымға толы ақыл, кеңестерін беріп, жақсылықтан үйреніп, жамандықтан жирену керектігіне, мейірімділік, адамгершілік қасиеттерді бойға сіңіре өсудің өмірдегі маңыздылығына жан-жақты тоқталды. Ойдың сөзге, сөздің іске, істің әдетке, әдеттің мінезге, мінездің тағдырға, тағдырдың өмір жолына айналатыны рас, ендеше “Ұят болады”, “Жаман болады”, “Обал болады” деген 3 сөзбен тәрбиелеген ата-баба үрдісі жалғасын тапса, бала тәрбиесі дұрыс жолға қойылса, баланың өмірі де, тағдыры да жақсы болатыны туралы айтып, оқушыларға үлкен, терең ой тастады.

Құқықбұзушылықтың алдын алуға байланысты осындай құзырлы мекеме мамандарының қатысуымен өтетін шаралардың бала тәрбиесінде маңызды орын алатындығы сөзсіз.

 

№156 ЖББ мектептің тарих және құқық
негіздері пәні мұғалімдері О.Р.Ахметкаримова,
 С.Ә.Адильшеева, Ж.М.Бегманова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*