Мирзабекова Улпан Оразбековна
Алматы қаласы, Бостандық ауданы
ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы
№140 гимназия» МКК-нің
география пән мұғалімі
Алматы қаласы ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия» МКК-де жылда дәстүрге айналған барлық пәндерден ашық сабақтар керуені өтті. Жоспарға сай әріптестеріміз керемет ашық сабақтар легін өткізді. Ашық сабақтан әріптестік тәжірибе алмасу, әдіс-тәсіл алмасу жүйесі әдемі көрініс тапты. Мұндай ашық сабақтардың оқушылармен қатар жас мамандарға, әріптестерге берері мол. Осы керуен аясында мен де 7 «Б» сыныбына география пәнінен «Дүниежүзі халықтарының діни құрамы» тақырыбында ашық сабақ өттім. Сабақтың басты мақсаты – оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырумен қатар, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру және жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын қолдану арқылы білім беру процесін жандандыру болды.
Ұлттық құндылықтарға негізделген география сабағы киіз үй бейнесінде безендірілген қазақ тілі кабинетінде, ерекше атмосферада өтті. Оқушыларды топтастыру киіз үй қиындылары арқылы, сынып оқушылары ислам діні, христиан діні, будда діні арқылы топтастырылды. «Ойлан, тап» әдісінде «Gimkit» бағдарламасы арқылы интербелсенді тақтадағы сұрақтарға оқушылар жауап беру арқылы бағалау парақшасында көрсетілген ұпайларын алып отырды.
Ашық сабақ Мұқағали Мақатаев айлығымен қатар келгендіктен, оның шығармашылығымен байланыстыру мақсатында «Бірігіңдер, әлемнің мұсылманы!» атты өлең шумағы оқушылар тарапынан жатқа айтылып, жаңа сабақтың тақырыбы осы арқылы ашылды. ЖИ-мен бейнеролик көрсету арқылы жаңа сабақ түсіндіріліп, «түртіп алу» әдісі арқылы дәптермен жұмыс жүргізілді. «Ортақ ой» әдісі арқылы топтық тапсырмаға тақырып ЖИ 3D бағдарламасы MERGE Paper Cube арқылы берілді. Тапсырманы орындау дискрипторы ЖИ talkingco.de бағдарламасымен түсіндірілді.
Оқушылар топтық жұмыс жүргізе отырып жұптық жұмыс ретінде әлемдік діндердің таралу аймақтары кескін картаға түсіріп, атлас картамен жұмыс жасай алды. Оқушыларды шығармашылыққа баулу мақсатында «Қосалқы діндер» тақырыбында жұптық командалық жоба қорғалды. Оқушылар «Кім жылдам?» әдісі арқылы жеке жұмыс ретінде google формада, QR арқылы ұсынылған тест жұмысын орындады. Ұй жұмысы беріліп, кері байланыс жүзеге асты. «Ән көңілдің ажары» әдісі арқылы Садрадиннің «Алладан сұра» атты өлеңін хормен айту арқылы оқушылардың бойында ұлттық құндылықтар қалыптасты.
Көрнекілік ретінде әлемдің діндердің таралу картасы, ислам дінінің құндылықтары, мұсылманның бес парызы, рамазан айының мән-мағынасы, ораза кестесі таратылды.
Сабақ «Адамгершілік ұлт пен дінге бөлінбейді» деген ізгі оймен аяқталды. Ұлттық құндылықтармен көмкерілген география сабағы оқушылардың бойында Отанын, ұлтын сүю, салт-дәстүрді ұмытпау және адамгершілік қағидаларын бойына сіңіру жолында маңызды рөл атқарады. Осындай сабақтар арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, рухани-адамгершілік тәрбие беру – басты мақсатымыз.