Алматы қаласы, Бостандық ауданы КМҚК «№40 бөбекжай-балабақшасында» Біртұтас тәрбие бағдарламасының аясында “Ұлттық құндылық — ұлт тірегі” тақырыбында мектепке дейінгі ұйым педагогтарына арналған аудандық семинар өтті.
Семинар балабақша меңгерушісі Акылбекова Сауле Каптагаевнаның алғы сөзімен басталды.
«Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтары – халықтың рухани байлығы, мәдени мұрасы және өмір сүру дағдысының айнасы. Әрбір ұлттың өзіндік ерекшелігі, салт-дәстүрі, тілі мен діні, әдебиеті мен өнері – оның ең басты құндылықтары болып табылады. Ал осы ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру – олардың келешекте елдің нағыз азаматтары болып қалыптасуына негіз болады.
Баланың ұлттық болмысының қалыптасуы ең алдымен отбасынан басталса, оны ары қарай дамытуда балабақшаның атқаратын рөлі зор. Балабақша – тәрбие мен білімнің алғашқы баспалдағы ғана емес, ұлттық тәрбиенің де алтын бесігі. Осы орайда, балабақшаларда ұлттық құндылықтарға негізделген іс-шаралар өткізу өте маңызды.» — дейді меңгеруші Сауле Каптагаевна.
№40 бөбекжай-балабақшасының ішіне кіргеннен қазақилықтың иісі аңқиды. Музыка залына кіргенде көзіміз бірден қабырғадағы картинаға түсті. Картинада бейнеленген домбыра залға өзіндік бір рең беріп тұрғандай. Балабақшаның әр қабырғасына дейін таңды-таңға жалғап айта беруге болады. Сондықтан семинарға ойысайын.
Семинардың теориялық бөлімін әдіскер Манабаева А.К өткізіп, өзінің білімді де білікті маман екенін көрсетіп кетті.
Балабақшада әжелер мектебі де жұмыс істеп тұрғанына куә болдық.
Әжеміз бен немерелеріне киіз басуды үйретіп, қонақтармен бірге ауылдың алты ауызы айтылды. Қазақтың ұлттық ойындарының бірі — Ханталапай ойнатылды.
Семинарға қатысушы педагогтармен бірге шығармашылық галереясы ұйымдастырылды. Яғни педагогтар бірлесе отырып, тақияны әшекейлеп, тұмарша жасап, ертегілеріне еліне саяхаттап келді. Балабақшаның тәрбиеленушілері әсем ән шырқап, мың бұрала би билеп, сахнаның көркіне айналды.
Мұндай іс-шаралар балаларға ғана емес, тәрбиешілерге де жаңа серпін беріп, ұлттық тәрбие әдістерін жетілдіруге көмектеседі. Алдағы уақытта да осындай мағыналы семинарлар ұйымдастырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді жалғастыра береміз деген сенімдемін.
Ұлттық құндылықтар – болашақтың кепілі. Егер біз жас ұрпақты қазақы рухта тәрбиелесек, олар өз ана тілін құрметтейтін, ұлттық салт-дәстүрді сақтайтын, еліне, жеріне адал азамат болып өседі. Балабақша қабырғасынан бастап ұлттық құндылықтарды дәріптеу – еліміздің болашағына салынған инвестиция. Сондықтан да «Ұлттық құндылық – ұлт тірегі» деген ұстанымды басшылыққа ала отырып, әрбір ата-ана мен тәрбиеші балалардың бойына ұлттық рухты сіңіруге барын салуы керек. Тек сонда ғана біз өзіміздің даралығымызды сақтай отырып, әлемдік өркениет көшінде ұлттық болмысымызды жоғалтпай, ұлт ретінде биік деңгейге көтеріле аламыз.
BILIM AINASY
Алматы қаласы
Ақерке Аманқызы