Сапарова Сауле Амангелдиновна
Алматы қаласы
ШЖҚ « М.Мақатаев атындағы
№140 гимназия» МКК
химия пәнінің мұғалімі
Мектеп қабырғасында оқушылардың ғылыми-зерттеушілік қабілетін арттыру өте маңызды. Соның ішінде әсіресе жаратылыстану-математикалық бағытта білім алып жатқан оқушылардың шығармашылығын, зерттеушілік қырын дамыту өзекті. Неге десеңіз, білім беру сапасына сәйкес осы бағытта біз мектеп қабырғасынан бастап балаларды ғылыми зерттеуге баулысақ, болашақта олар өз мамандықтарын жаңылыспай тауып, елімізді гүлдендіру жолында аянбай еңбек етері хақ.
Білім саласында химия пәнінің ұстазы ретінде 29 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Осы жылдары сабақ берумен қатар озық ойлы шәкірттерімді ғылыми жоба жазуға баулып келемін.
2022 жылы «Жасанды интеллект құралдарын қолдану арқылы адыраспан өсімдігі мен балауыздан жасалған жақпа майдың тері күтіміне әсерін зерттеу» тақырыбындағы ғылыми жобаға жетекшілік етуді қолға алдым. Ғылым мен техника дамыған ғасырда жас зерттеушілердің ролі өте маңызды. Олар жаңа технологиялар мен құралдарды пайдалану арқылы табиғи өнімдердің адам ағзасына әсерін терең зерттеуге мүмкіндік алады. Жасанды интеллект құралдары осы зерттеулерді жүргізуде тиімділік пен дәлдік береді, себебі олар үлкен мәліметтерді өңдеу, талдау және болжау қабілетіне ие.
Зерттеу жұмысының мақсаты: Адыраспан мен балауыз қоспасынан пекроляция әдісімен алынған тұнбадан дайындалған экстракт құрамындағы негізгі компоненттердің терідегі жараларды емдеу мен қабынуды азайту әсерін қолдану үшін жақпа май құрамы мен технологиясын таңдау болды.
Ғылыми жобаның өзектілігі: Еліміздің кең даласы дәрілік өсімдіктер мен табиғи өнімдер шикізатына бай. Қазіргі тұтынушылардың денсаулықты сақтауға және табиғи өнімдерді қолдануға деген қызығушылығы артып келеді. Адыраспан мен балауыз табиғи және органикалық өнімдер ретінде осы сұранысты қанағаттандыруға көмектеседі. Тиімділігі жоғары және қымбат емес дәрілік жақпамайлар өндіру заманауи фармацевтика әлемінің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.
2022 жылы тоғызыншы сынып оқып жүрген Мұралбекқызы Үкіжан ғылыми жобаның тақырыбына өзінің қызығушылығын танытып, нәтижесінде жобаны зерделеудің алғашқы қадамдарын бастадық. Алдымен әдебиеттерге шолу жасап, адыраспен мен ара балауызының емдік қасиеттерін және теріге жағымды, жағымсыз әсерлері жөнінде мәліметтер жинадық. Жұмыс барысында адыраспанның антибактериалды, теріні ылғалдандырушы және қорғайтын қасиеттері зерттелді. Адыраспан мен балауыз қоспасынан пекроляция әдісімен алынған тұнбадан дайындалған экстракт құрамындағы негізгі компоненттердің терідегі жараларды емдеу мен қабынуды азайту әсерін келтірілген. Жас зерттеуші тиімділігі жоғары және қымбат емес дәрілік жақпамайлар өндіру заманауи фармацевтика әлемінің өзекті мәселелерінің бірі екенін көрсете отырып, жақпа май өндіруді жақсарту іс-шараларын жетілдіру жолдарын қарастырды. Жоба барысында адыраспан мен балауыз қоспасынан пекроляция әдісімен тұнба алып, ол тұнбадан экстракт алу, жақпа майдың теріге әсерін патч-тестілеуден өткізу әдістерін пайдаланды. Мұралбекқызы Үкіжан жұмыс барысында зерттеу нәтижелерін талдап, ғылыми тұрғыда қорытынды жасай алатындығын көрсетті. Үкіжанның ғылыми жетекшісі Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің доценті, химия ғылымдарының кандидидаты Унербаева Зульфия Оралбаевна болды. Болашақ ғалым мектептен тыс кезеңде әрдайым осы Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің химия факультетінің зертханасында зерттеу жұмыстарымен айналысты. Екі жылдық табанды еңбектің нәтижесін тәжірибе жүзінде сынақтан өткізіп, жетекшілерінің ұйғарымымен жұмысты қорытындылаған Үкіжанның жұмысын 2024 жылы Республикалық ғылыми жобалар сайысына ұсындық. Еліміздің жас зерттеушілер сайысының қалалық кезеңінде 3-орын жүлдегері атанған Муралбекқызы Үкіжан 2025 жылдың 21-27 наурыз аралығында Тунистегі International Festival of Engineering, Science and Technology I-FEST 2025 фестивалінде алтын медаль жеңіп алды. Бұл жетістік -Үкіжанның табандылығы мен еңбекқорлығының нәтижесі.
Үкіжанның жетістігіне оның ата-анасы мен мұғалімдерінің қосқан үлесі зор. Ұстаздары, ата-анасы Үкіжанға әрдайым қолдау көрсетіп, сенім білдіріп, бағыт-бағдар берді. Бұл алтын медаль — олардың ортақ еңбегінің жемісі. Біз шәкіртімізбен мақтанамыз!