Чайзаданова Гулсим Сейткалиевна
Алматы қаласы ШЖҚ “М.Мақатаев атындағы
№140 гимназия” МКК-нің
музыка пәні мұғалімі
Қазіргі таңда адам денсаулығына түрлі факторлардың әсер ететіндігі белгілі. Олардың бірі – адамның психоэмоционалдық жағдайы, әлеуметтік ортасы, сондай-ақ көңіл-күйі. Музыка сабағында оқушылардың денсаулығын нығайту үшін көптеген әдістер қолданылады, олардың ішіндегі бірегейі әрі тиімдісі –музыка терапиясы әдісін қолдану.
Музыка терапиясы әдісі – бұл музыкалық элементтер мен әдістерді қолдану арқылы адамның физикалық, психологиялық және эмоциялық жағдайын жақсарту мақсатында қолданылатын әдіс. Музыка адамның жан дүниесіне терең әсер етіп, оның денсаулығын қалпына келтіруге, күйзелістермен күресуге және өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл әдісті сабақта тақырыпқа сай орынды қолдану, адамның жан дүниесін байытуға, денсаулығын сақтауға ықпал етеді.
Мен сабақта қолданатын музыкалық терапия әдістерінің көпшілігі — оқушының физикалық және психикалық саулығын нығайтуға бағытталған әдістер. Музыкалық шығармаларды тыңдауда ЖИ-ді қолдану, әнді орындауда музыкалық құралдарды пайдалану оқушының эмоционалды күйін жақсартады, стресстен арылуына себеп болады. Өйткені музыкалық терапияның эмоционалды және психологиялық әсері мол. Мысалы, баяу әуендер тыныштандырып, күйзелісті жеңілдетеді, ал жылдам ырғақтар көңіл-күйді көтеріп, энергия береді. Музыканың әсері оқушының стресс деңгейін төмендетіп, мазасыздығын жойып, мидың жұмысын белсенді етеді, әуені мен ырғағы адамның зейінін шоғырландырып, есте сақтау қабілетін жақсартады. Музыкалық шығармаларды бірге орындау оқушылардың қарым-қатынасын жақсартып, сыныпта жылы атмосфера орнатады.
Музыка терапиясы әдістерінің ең тиімдісі — тыңдау терапиясы. Бұл әдіс арқылы оқушылар тақырыпқа сай музыкалық шығармаларды тыңдайды. Әнді аспаптарды қолданып, нақышына келтіре орындап, шығармашылық қабілеттерін дамытып, психологиялық және физикалық жағынан қуаттанады. Ал импровизация әдісі оқушының ішкі дүниесін түсінуіне, өзін-өзі тануына, айтарын жасырмай, сыртқа шығаруына мүмкіндік береді. Ал танымдық дене жаттығуларына негізделген музыка терапия әдістері музыка ырғағына сай физикалық жаттығулар жасауға бағыттайды.
Музыканы терапия ретінде қолдану қажеттіліктен туындап отыр, оған дәлел — оның қолдану аясының кеңдігі. Ол мектептегі музыка сабақтарынан бөлек басқа сауықтыру орындарында да қолданылады. Бұл — музыка терапиясының денсаулықты нығайтудың аса маңызды құралы екендігінің айғағы. Адамның көңіл-күйіне және денсаулығына оң әсерін тигізумен қатар, өмірге деген көзқарасын жақсы жаққа өзгертеді.
Ертеңгі ел болашағы жас бүлдіршіндердің тұлғалық қабілетін дамытуда музыкалық терапия әдісін ерекше талғаммен, дұрыс әрі сапалы қолдану нәтиже берері сөзсіз.