Home » Детский сад » «Ұлттық құндылықтар — ел қазынасы»

«Ұлттық құндылықтар — ел қазынасы»

Алматы қаласы білім басқармасына қарасты № 106 бөбекжай балабақшасында «Мектепке дейінгі ұйымдардағы ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттеріне қойылатын заманауи талаптар» мектепалды топ тәрбиешілеріне арналған іс-тәжірибе тарату семинары, сонымен қатар біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Ұлттық құндылықтар — ел қазынасы» тақырыбында семинар өтті.
Жиынға Медеу ауданының білім бөлімінің бас маманы Омарова Әлия Рысбековна қатысты.
      
Сондай-ақ Медеу ауданындағы өзге балабақша тәрбиешілері ашық іс-әрекет тәжірибе алмасу мақсатында келді. Сахна төріне аталған балабақша меңгерушісі Бексұлтанова Гүлнар Аскербековна шығып, жиналған қонақтармен амандасып, құттықтау сөз сөйлеп, іс-шараны ашық деп жариялады. Семинар балабақша тәрбиеленушілерінің өнер көрсетуімен басталды. «Күншуақ» мектепалды тобының балалары мен тәрбиешілері Салимова Айман Владимировна және Мақсұтжан Жазира Болатжанқызы өнерлерін ортаға салды. Ұлттық киім киген бүлдіршін қыздар “Қамажай” қазақ биін мың бұрала билеп берді. Одан кейін өнерпаз бүлдіршіндерден құралған “Шулы” оркестор, дәстүрлі емес оркестор өнерлері көпшілік назарына ұсынылып, көремендер тарапынан мол ықыласқа ие болды.
     
Сахнаға үнді елінен келген саяхатшы қыз Самира шықты. Ол қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық салт дәстүрі, әдет-ғұрпымен танысқысы келетінін айтып, балабақша тәрбиеленушілеріне қолқа салды. Балалар да тәрбиешілер де аянып қаламады. Ғайыптан пайда болған ғажайып қыз Самираға ұлттық құндылықтар туралы баяндап, салт-дәстүрлерді іс-әрекет, көріністермен көрсетті.
Қазақ халқы ықылым заманан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық құндылыққа бай. Сонысымен де өзгелерден ерекшеленеміз. Тізбектеп айта берсек шегі жоқ. Балабақша ұжымы осы құндылықтарымызды бала бойына жетік сіңіре білген. Оған бүгінгі семинар барысында куә болдық. Кішкентай тәрбиеленуші ұл-қыздар, ұлттық құндылыққа, ұлттық ойындар, аспаптар, әшекей бұйымдар, киімдер, ұлттық қолөнерге не жататынын айтып, сұрақтарға жарыса жауап беріп, іс-әрекет негізінде көрсетіп жатты.

Ақжаулықты кейуана Манкеева Зағипа Малсаковна бүгінгі басқосудың ажарын ашып, киіз басу, текемет тоқудың қыр сырымен бөлісті. Ол ортаға шығып, киіз басу үшін алдымен малдан жүн алынатынын, ол жүн жуылып, түтілетінін айтты. Одан әрі сабалып, боялатынын түсіндіріп, тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар ол кейінгі буын аналарға амандасудың маңыздылыңына тоқталды. Тәрбиелік мәні ашып, отбасындағы татулық жөнінде де сөз қозғады.
Қазақы тәрбие беруде Аналар мектебі мен Әкелер мектебінің алар орны ерекше. Балабақшада тәрбиелік мәні бар Аналар мектебі мен Әкелер мектебі қалыптасқан. Бүгін аналар Шекербекова Жазира Айдархановна шаш өру жөнінде кеңінен ақпарат беріп, іс жүзінде көрсетті. “Қыз баланың шашының әсемдігі — ең алдымен тазалығында, одан соң әдемі өрілуінде және шашбау тағып жүруінде”, — деді ол.

Әкелер мектебінен сахна төріне Батырбек Нұрбақыт Орынбекұлы мырза шығып, қамшы өру өнері туралы кеңінен тарқатып айтты. Қамшының түр-түріне тоқталып, өру түрлерін де айта кетті. Мысалы өрудің өзі 6, 24, 48-ге дейін болады екен. Семинарда ең оңай түрі — үш өрімді өріп көрсетті. Жалпы әкелер мектебінің ізін жалғастырушы әкеден көптеген пайдалы мағұлмат алдық. Қамшының түр-түрге бөлінетінін білдік. Мысалы, аңға шыққанға, көкпарға, жарысқа қатысқанда ұстатын тб түрлері көп. Ал қыз балаларға арналған қамшы жылтырақтар мен оюлармен көмкерілетіндігі қызықтырды.
Жалпы балабақшада алты топ бар. Оның екеуі орыс тобы, басқа төртеуі қазақ топтары. Бүлдіршіндер семинар барысында өздерінің білімділіктерін көрсетті. Жеті қазынаны мүдірместен айтып, әр қайсысына қатысты арнайы жаттаған мақал-мәтелдерін жарыса айтты. Түрлі ойындар арқылы ұлттық құндылыққа деген сүйіспеншілік пен құрметтерін жеткізе алды. Бұл жолда балабақша ұжымының еңбектерін айтпай кетпеуге болмас.
Этносуреттер арқылы кілемшелерде секіріп “Шаңырақ” ойынын және “Шабандоздар” ойындарын ойнады. Осылайша Үндістаннан келген ғажайып қыз Самира қазақтың ұлттық құндылғынан хабардар болып, ризашылығын білдірді. Жиналғандар балабақша ұжымы мен тәрбиеленушілерге қошемет көрсетіп, алғыстарын айтты.

«BILIM AINASY»
Жұлдыз Смаилова
Журналист
Алматы қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*