Home » статьи » Ғылыми-зерттеушілік құзіреттіліктерін дамыту: сараптама, талдау, рефлексия

Ғылыми-зерттеушілік құзіреттіліктерін дамыту: сараптама, талдау, рефлексия


Дәулетбек Ләззәт Байшымырқызы,
Алматы қаласы «№180 мектеп-гимназия»
КММ-нің директоры

       Ұстаз —  мектеп жасындағы шәкірттерді дамытушы ғана емес, болашақты қалыптастырушы. Білім мекемесінде  ғылыми-зерттеушілік құзіреттіліктерті қалыптастыру арқылы  ұстаз бен оқушының  ғылыми зерттеу жүргізу қабілетін, өз бетінше мәселелерді шешу мен ғылыми ақпаратты талдап, өңдей алу дағдыларын дамыту аса маңызды. Заманауи білім беру жүйесінде осы құзіреттіліктерді дамыту басты мақсаттардың бірі, себебі ол оқушылардың ғылыми көзқарасын қалыптастырып, шығармашылық ойлауын және ғылыми жұмыс жасау дағдыларын жетілдіреді. Мен басшы ретінде осы бағыттағы жұмыстарға баса назар аударудамын. Алматы қаласы Білім басқармасының 2023 жылдың 14 қарашадағы №1001 бұйрығының негізінде 2023 жылдың 12-19 желтоқсан аралығында Жапония мемлекетінде «Жапония мысалындағы білім берудегі заманауи инновациялар» тақырыбында халықаралық тағылымдамадан өттім. Тағылымдама  барысында жасаған сараптамаларым да ғылыми-зерттеушілік құзіреттіліктердің маңыздылығын танытты. Сараптама негізінен белгілі бір мәселеге қатысты терең түсінік қалыптастыру үшін ақпаратты жан-жақты зерттеу мен бағалаудың әдісі болып табылады.  Сараптама барысында ғылыми әдіснамалық принциптерді сақтау, деректерді обьективті түрде бағалау маңызды. Осы тұрғыда мұғалімдерге оқушылардың сараптама дағдыларын дамытуды ұсынып отырамын, бұл олардың зерттеу сұрағын қою, гипотезалар жасау, тәжірибе немесе зерттеу нәтижелерін дұрыс интерпретациялау қабілеттерін арттырады. Қазіргі таңда ұжымдағы әр пән мұғалімі өз пәніне мен сабақ беретін оқушыларының деңгейіне қарай  зерттеу тақырыбымен жұмыс жасауда. Зерттеу тақырыбына сай талдау зерттелетін объектіні бөліктерге бөліп, олардың өзара байланыстарын, ерекшеліктерін анықтау процесімен құнды. Бұл зерттеушінің өзі айналысатын тақырыбын жүйелі түрде өңдеуіне, оны өзектілігін тануына әрі тереңірек меңгеруіне  мүмкіндік берді. Талдау дағдыларын дамыту мұғалімдердің ғана емес, оқушылардың да зерттеу тақырыбы бойынша мәліметтер жинауына, оларды салыстыруға және өз көзқарастарын қалыптастыруына  көмектесеуде. Оған жыл сайын жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсында оқушылардың жеңімпаз атануы дәлел бола алады.

Талдамалы ойлау  тек қана мәліметтерді өңдеуіне ғана ықпал етпейді, сонымен қатар деректерді сыни тұрғыдан қарау, олардың арасындағы себеп-салдарлық байланыстарды анықтау дағдысын қалыптастырады. Бұл көптеген жаңа идеялар мен инновациялық шешімдер ұсынуға ықпал етуде.

Ұжымның, яғни, мұғалімдердің ғылыми-зерттеушілік құзіреттіліктерін дамытуда рефлексия маңызды рөл атқарды, себебі ол зерттеу әдістерін, тәсілдерін және нәтижелерін сараптап, сын тұрғысынан қарауға, талдап, жаңаша жоспарлауға мүмкіндік береді. Рефлексия процесі барысында мұғалімдер өз тәжірибесін талдайды, қандай қиындықтар туындағанын және оларды қалай шешуге болатынын анықтайды. Бұл процесс тек ғылыми зерттеу нәтижелерін ғана емес, сонымен қатар зерттеу барысындағы іс-әрекеттерін, ойлау процестерін де бағалауға үйретті. Рефлексия арқылы жұмыстың  нәтижелілігін арттыру үшін қажетті өзгерістер мен педагогикалық  жоба,  жоспарларын ұсына алды.

Мұғалімдердің зерттеу нысаны ретінде әр түрлі тақырыптарды таңдауы кәсіби дамуына, білім беру процесін жетілдіруге және білім сапасын арттыруға көмектесті. Мұғалімдердің бір тобы оқушылардың білім алу деңгейін, олардың нәтижелеріне әсер ететін факторларды зерттеді. Мысалы, оқу бағдарламасын игерудің жаңа әдістері, оқушылардың мотивациясын арттыру тәсілдері аясындағы зерттеулер жылдам әрі нақты мониторинг түзуге себеп болуда. Енді бір тобы жаңа әдістерді, оқыту стратегияларын немесе білім беру технологияларын зерделеді. Мысалы, цифрлық құралдарды оқу процесіне енгізу, топтық жұмыс, ойын әдістері және т.б. Сондай-ақ, мұғалімдердің зерттеу жұмысының нысанына: оқушылардың эмоционалды және психологиялық дамуы, оларды қолдау әдістері мен стратегиялық педагогикалық тәсілдер,  өздерінің кәсіби дағдыларын арттыру және білім беру саласындағы жаңа бағыттарды зерттеу арқылы оқыту әдістемелерін жетілдіру, сыныптағы тәртіп және оларды басқаруға арналған арнайы педагогикалық әдістер алынды. Зерттеу нысаны мұғалімнің қызығушылықтарына, кәсіби қажеттіліктеріне және оқу орнындағы нақты мәселелерге байланысты алынғандықтан да тиімділігі мен қажеттілігін танытуда. Осы бағыттағы жұмыстар оқу үрдісіне жаңа серпін, шығармашылық шабыт сыйлауымен ерекшеленгендіктен де алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*