Home » Новости » ӘЛЕМ ХАЛҚЫ АҚТАУҒА НАЗАР АУДАРМАҚ

ӘЛЕМ ХАЛҚЫ АҚТАУҒА НАЗАР АУДАРМАҚ

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мен «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевтың кездесуінен кейін бұл жоба нақтылана түсті.

Өткен жылы халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің мәдениет министрлері кеңесінің 41-отырысы өтіп, сол жиында аталған көшпелі міндетті ТҮРКСОЙ ұйымы шешімімен Түрікменстанның Анау қаласынан Қазақстанның Ақтау қаласы қабылдап алған еді. Бұл жөнінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлаған-ды. Енді Ақтау шаһары эстафетаны қабылдап,  жаңа мәдени астана ретінде жалғастырмақ. Жоспарланған іс-шараларға суретшілер мен мүсіншілер,  қолөнершілер, жазушылар басқа да өнер шеберлері қатыстырылып,  фестиваль, ғылыми конференция басқа да іс-шаралар өтпек.

Кеше Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті. Басқосуда «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» шарасын ұйымдастыру және өткізу мәселелері талқыланды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, ауқымды мәдени жоба сәуір айында салтанатты түрде ашылып, қараша айының ортасына дейін жалғасады. Осы аралықта әр айға арнайы тақырыптық бағыттар белгіленіп, 30-ға жуық ірі мәдени іс-шара ұйымдастырылады.

Ал 500-ден астам өнерпаздың қатысуымен өтетін ашылу салтанаты аясында арнайы этноқалашық бой көтеріп, онда түркі халықтарының мәдениеті мен дәстүрін таныстыратын жеті ауыл қызмет көрсетеді. Қонақтар Маңғыстау өңірінің бай тарихымен, ұлттық салт-дәстүрімен, қолөнерімен және тұрмысымен таныса алады.


Кездесу барысында «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев Ақтаудың мәдени астаналар ішіндегі ерекшелігіне тоқталды.

— Биылғы мәдени астана Қазақстанның теңіз жағасындағы бірегей қаласы – Ақтауға берілді. Ақтау – бұрынғы мәдени астаналардың арасында Каспий теңізінің жағасында орналасуымен, тарихи мұрасымен және заманауи келбетімен ерекше. Сондықтан Ақтауға өнерпаздар мен туристер тек бұл шара барысында ғана емес, одан кейін де жиі келетін болады деп ойлаймыз, – деді Сұлтан Раев.

Өз кезегінде, облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай ауқымды шараның маңыздылығына тоқталып, оны жоғары деңгейде өткізу керектігін атап өтті.

— Бұл – түркі халықтарының рухани байланысын арттыруға бағытталған маңызды жоба. Ақтау қаласының Түркі әлемінің мәдени астанасы атануы – біз үшін үлкен мәртебе ғана емес, зор жауапкершілік. Өңірімізге келетін меймандарға ұлттық мәдениетімізді, дәстүрімізді кеңінен таныстырып, түркі әлемінің ортақ құндылықтарын дәріптеу – біздің басты міндетіміз. Біз бұл мүмкіндікті пайдаланып, өңіріміздің мәдени әлеуетін жаһандық деңгейде көрсетуге тиіспіз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.


Айта кетейік, түркітілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыстар мен достықты, түркілік мәдениет пен өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, оны әлемге таныту мақсатында түркітілдес мемлекеттер өнерпаздарының қатысуымен театр, кино, опера, би, дәстүрлі өнер және басқа да көптеген байқаулар мен фестивальдер, ақындар айтысы, түркі әлемі суретшілерінің симпозиумы, қолөнер шеберлерінің фестивалі, тарихи-ғылыми конференциялар, ақын-жазушылармен кездесулер, түркі әлемінің ұлы ғұламаларының өмірі мен еңбектеріне арналған жиындар өткізіліп, өзге де мағыналы, тағылымды шаралар ұйымдастырылатын болады.

 

М.Балқыбекұлы,
Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*