Бала. Ата-ана. Балабақша.
Осы үштік одақ бір-бірімен тығыз байланыста болса ,тәрбиенің алмайтын қамалы жоқ. Баланың бақытты болуы –ата-ананың көңіл бөлуіне және балабақшадағы білімге байланысты. Алматы қаласы, Түрксіб ауданы,
№167 бөбекжай-балабақшасында
«Үштік одақ — Бала бақыты» тақырыбында қалалық семинар өтті.
Семинарға мектепалды Күншуақ тобының тәрбиеленушілері мен
ата-аналар қатысты. Сондай-ақ
Түрксіб ауданы бөбекжай-балабақшаларының меңгерушілері қонақ болды.
Тәрбиеленушілер киіз үй, күбі, домбыра топтарына бөлініп, ата-аналарымен бірге топ атына сәйкес қолөнер бұйымдарын жасады. Зергерлік бұйымдар жасап, киіз басты.
Қазақ халқы сүт өнімдерін сақтау үшін әр түрлі теріден, ағаштан жасалған бұйымдарды пайдаланған. Әсіресе сүт өнімдерін өңдеу ісіне күбі кеңінен пайдаланылған. Күбі – қымыз мен айран дайындауға арналған, пісу арқылы ашытып, тұщытатын ыдыс.
Ол екі түрлі тәсілде жасалады: тұтас қайың кесіндісінің өзегін ұңғып, кеңейту арқылы; әр түрлі ағаштардан бірнеше бөлік жіңішке тақтайшаларды темір құрсаулармен бекіту арқылы. Қымыз күбілері аласалау, жуандау болады. Күбі ауыз жағы тарлау, түп жағы кеңірек етіп еменнен жасалады. 60-70 және 100 литр сүт өнімі сиятындай әр түрлі мөлшерде болады. Оның іші де апта сайын жуып кептіріліп, сүр еттің майымен, қойдың құйрығымен майланып, тобылғы дүзгін, құлмұрын ағаштарының, қоғажай дейтін шөп түбінің түтінімен ысталып отырады. Күбіні баптай білген үйдің қымызы мен айраны да дәмді болады. Қымыз еш уақытта темір ыдысқа құйылмайды. Саба, күбі піспегінің басы аршаның қызылынан ойылып, саба да жақсы ағаштан жасалған және сүйек, күміспен өрнектелген.
Піспек, сүт сауатын шелек, тегене, шөміштер де жиі-жиі ысталып отырған. Күбіні, піспекті қайың, емен, арша, талдан дайындалған жұқа тақтайшалардан құрап жасайды. Жеке тақтайшалардан құрап жасаған күбіге түп салынады, сыртынан темір құрсаулармен тартады. Күбіде төрт құрсау болады. Міне осы ақпараттар айтылып, балалар мен ата-аналар, балабақша ұжымы бірлесе отырып бірнеше күбі жасаған екен.
Балалар өз қолдарымен жасаған күбімен сергіту сәтін өткізді. Ұлттық құндылықты ұлықтау мақсатында өткізілген бұл семинар өзге семинарлардан ерекше болды.
Келген қонақтар да ата-аналар мен тәрбиеші, тәрбиеленушілердің одағының тұтастығына риза болды. Зергерлік бұйымдарды суретке түсіріп, алғыстарын айтып, жоғары көңіл-күйде тарқасты.
№167 бөбекжай-балабақшасының ұжымының семинарлар мен іс-шаралар өткізуге төселгені көрініп-ақ тұр.
Бүгінгі шараны жоғары деңгейде өткізген тәрбиешілер Тургумбаева Карлыгаш Асаубаевна мен Бердыханова Фариза Мейрамовнаға қонақтар да, ата-аналар да риза екенін байқадық. Әр істі қиыннан қиыстырып кететін басшысы мен ұжымының еңбегі бәрекелді деуге тұрарлық. Бір ұжым болып жұмыс жасау, жеңіске жету, нәтижесін көру бұл үлкен еңбек пен мол білімнің нәтижесінде келеді.
Еңбектерінің елініп, көркейе беріңіздер №167 бөбекжай-балабақшасының ұжымы…
BILIM AINASY
Алматы қаласынан
Ақерке Амангелдіқызы