Уразбекова Жанбота
Астана қаласы,
№ 12 Қарлығаш балабақшасы,
тәрбиеші
Ұлттық құндылық – хaлықтың сан ғасырлар жиналған рухани және этно мәдени көзқарасы, ұлттық тәрбие, ұлттық сана–сезім жалпы айтқанда ұлттық коды. Қазақ халқы ерекше мәдениетімен, көркем рухани құндылықтарға бай салт дәстүрімен ерекшеленетін дана халық. Ұлтық құндылықтарымызды сақтап, болашақ ұрпақты отан сүйгіштікке, ұлтжандылыққа, рухани адамгершілігі кемелденген білімді тұлға тәрбиелеу біздің басты міндетіміз [1, Б.655]. Демек кез келген білім беру ұйымында ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие беру міндетті саналады.
Мектепке дейінгі білім беру стандартында: Әр баланың қызығушылықтарын, ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, жалпы адами және ұлттық құндылықтар негізінде оларды толыққанды дамыту мен әлеуетін ашу:
- физикалық дамыту;
- коммуникативтік дағдыларды дамыту;
- танымдық және зияткерлік дағдыларды дамыту;
- балалардың шығармашылық дағдыларын, зерттеу іс-әрекетін дамыту;
- әлеуметтік-эмоционалды дағдыларды қалыптастыру арқылы жүзеге асырылады [2].
Біз мектепке дейінгі білім беру стандартына негізделе осы орайда мектеп жасына дейінгі балаларды жас ерекшеліктеріне сай дамыта отырып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру көзделеді. Мектеп жасына дейінгі балаларды ұлттық құндылықтар негізінде дамыту – маңызды процесс, себебі баланың дүниетанымы, мәдениеті және әлеуметтік дағдылары осы кезеңде қалыптасады. Кез-келген ұйымдастырылған іс-әрекетке ұлттық құндылықтарды кіріктіріп, байланыстыруға болады.
Қазіргі ақпаратты заманда мектеп жасына дейінгі балаларды ұлттық құндылыққа негіздеп дамыту аса маңызды. Себебі баланың бойындағы отанға, елге деген сүйіспеншілігін арттыру, салт-дәстүрін білуге, оны бойына сіңіруін дамыту қажіттілігі бар. Сондықтан мектеп жасына дейінгі балаларды жас ерекшелігіне сай ұлттық құндылықтар негізінде дамыту өзекті болып табылады. Мектеп жасына дейінгі балаларды жас ерекшеліктеріне сай ұлттық құндылықтар арқылы дамыту. Балалар жас ерекшеліктеріне қарай ұлттық құндылықтарды тани отырып, мектеп жасына дейінгі білім беру бағдарламасына сай дамиды.
Балабақша алғаш қадам басқан баланың түстерді тануы қалыпты жағдай. Кейбір балалар түстерді танып, білсе, кейбір тәрбиеленушілер түстерді ажыра алмай жатады. Біздің мақсатымыз күнделікті ұйымдастырылған іс-әрекет жоспарына сай түстерді ажыратуды үйрету. Кез келген педагог әдісін түрліше түрлендіріп, дамыта береді. Біздің тәжірибеде түстерді тануда қазақтың ұлттық құндылығының бірі – асықты қолдану басты қағида саналды.
«Ойын – балалардың негізгі іс – әрекетінің бір түрі. Ойын арқылы бала өмірден көптеген мәліметтер алады, өзінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады, яғни ойын арқылы бала білім алады. Бала зейіні қажет ететін, әдейілеп ұйымдастырылған ойындар оның ақылын, дүниетанымын кеңейтеді, мінез – құлқын, ерік – жігерін қалыптастырады. Аса ірі психологтардың айтуы бойынша, бала ойын үстінде қандай болса, өскенде еңбекте де сондай болады. Ойын – адамның өмір танымының алғашқы қадамы. Жас сәбидің өмірі, қоршаған ортаны танып, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері ойын үстінде қалыптасады» [3]. Сол себепті мектеп жасына дейінгі баланы дидактикалық ойындар арқылы ұлттық құндылықтарды қалыптастыру мектепке дейінгі білім берудің басты алғышарты.
4 жастағы балаларға ұлттық құндылықтар негізінде «Түсін таны» дидактикалық ойын өткізілді. 4 жастағы балалардың дүниетанымы кеңейіп, ақыл-ойы дамиды. Осы кезеңде балалар түрлі ұғымдарды түсініп, игеруге тырысты. «Түсін таны» ойыны – бұл балалардың түстерді ажыратуын дамыта отырып, сонымен қатар математикалық ұғымдармен таныстыру үшін қолданылатын әдіс. Ойын арқылы балалар түстерді есте сақтау, салыстыру, айыра білу дағдыларын қалыптастырып, «үлкен-кіші», «біреу және көп» сияқты ұғымдарды түсініп, оларды тәжірибеде қолдануды үйренеді. Ойынның құрылымы балалар асықтарды пайдалану арқылы түстерді ажыратуды үйренеді. Қазақтың ұлттық ойыны болып табылатын асықтың түстерін пайдалану – ойынға ұлттық элементті енгізу және балаларды қазақ халқының мәдениетімен таныстыру үшін жақсы тәсіл. Ойын барысында балаларға түрлі түсті асықтар беріледі. Әр балаға бірнеше асықтан таратылып беріледі. Педагог балаларға асықтардың түрлі түстерін көрсетіп, оларды атай отырып, түстермен таныстырады. Мысалы: «Бұл – қызыл асық, ал мынау – көк асық. Балаларға түстердің айырмашылығын түсінуге көмектесу үшін әртүрлі сұрақтар қойылады. «Үлкен-кіші» ұғымын қалыптастыру мақсатында балаларға асықтардың үлкен және кішілігін анықтау тапсырмасы беріледі. Педагог балалардан «қайсысы үлкен?» немесе «қайсысы кіші?» деп сұрап, асықтарды қатар қойып көрсетеді. Балалар үлкен және кішіні салыстырып, дұрыс ажырата білу дағдыларын қалыптастырады. Мысалы, «Бұл үлкен асық, ал мынау кіші асық.» деп айтуға болады. «Біреу және көп» ұғымдарын қалыптастыру үшін ойын барысында балаларға бір асық және бірнеше асық туралы түсінік беріледі. Педагог балаларға бір асықты алып көрсетіп: «Бұл бір асық», ал бірнеше асықты алып көрсетіп: «Ал, бұл көп асық» деп түсіндіреді. Балаларға бір асық пен бірнеше асықты салыстырып, «біреу» мен «көп» деген ұғымдарды ажыратып үйрету мақсатында сұрақтар қойылады. Балалар түстерді ажырата білуді үйренгеннен кейін, олардың түстермен шығармашылық түрде жұмыс істеуі ұйымдастырылады. Мысалы, педагог балаларға: «Енді біз осы асықтарды қалай орналастыруымыз керек? Мысалы, қызыл асықтың үстіне көк асықты қойса, қандай түстер пайда болады?» деп сұрауға болады. Балалар өз ойлары мен қиялдары арқылы түстерді үйлестіруді, симметриялы түрде орналастыруды үйренеді. Ойынның нәтижесін былай қорытындылаймыз:
- Түстерді ажырату дағдылары: Балалар түстерді ажырата отырып, көру арқылы ақпаратты қабылдай алады. Бұл қабілет олардың визуалды қабылдауын жақсартады.
- Математикалық ұғымдар: «Үлкен-кіші», «біреу-көп» ұғымдарын түсініп, салыстыру арқылы сандық және кеңістіктік ойлау дағдылары дамиды.
- Шығармашылық қабілеттері: Балалар түстер мен түрлерді үйлестіре
отырып, шығармашылық қабілеттерін арттырады. Қазақтың ұлттық мәдениетіне деген қызығушылық: Асық ойынын пайдалану арқылы балалар қазақ халқының ұлттық мұрасымен танысады.
Қорытындысында «түсін таны» ойыны балаларға тек түстер мен ұғымдарды үйретумен ғана шектелмейді. Ол ұлттық ойындарды енгізу арқылы балалардың ұлттық құндылықтарды тануына, ұлттық мәдениетке деген қызығушылықтарының артуына мүмкіндік береді. Бұл ойын балалардың логикалық ойлауын дамытуға, сандық ұғымдарды түсінуге, сондай-ақ олардың эмоционалды және әлеуметтік дағдыларын жетілдіруге үлкен әсер етеді.
4 жастағы балаларға «Санамақ» дидактикалық ойыны өткізілді.
Мақсаты: балалардың асықтарды санауға үйрету, түсін ажырату арқылы ойлау қабілеттерін арттыру, саусақ моторикаларын дамыту. Ұлттық құндылықтар негізінде дамыта отырып, ұлттық құндылықтарды бағалауға, құрметтеуге тәрбиелеу.
«Санамақ» ойыны балалардың санау дағдыларын дамытуға бағытталған. Балаларға көмек ретінде мынадай санамақ жолдарын қолдануға болады:
«Бір асық, екі асық, үш асық…». Осылайша балалар асықтарды тура санау әдісін үйренеді. Санау барысында әр асықтың түсі мен санын айта отырып, баланың ойлау қабілеттері дамиды.
«Кері санау» әдісі. Ойын барысында педагог балалардан асықтарды кері санауды да сұрайды: «Бес асықтан бастаймыз, төрт асық, үш асық…»
Бұл әдіс балалардың сандық ұғымдарды тереңірек меңгеруіне және ойлау қабілетінің дамуына ықпал етеді.
Өз тәжірибемізде «санамақ» ойыны оң нәтиже бергенін айтамыз. Себебі баланың санауға үйрету арқылы, қол моторикасын дамытып, асық арқылы тура және кері санауды, түстерді ажыратуды меңгертуге болады.
5 жастағы балаларға «Текемет құрастыру» ойнатылды. Мақсаты: баланың эстетикалық талғамын дамыта отырып, қазақтың ою-өрнектерінің атауларын игерту. Ою-өрнектерді симметриялы орналастыра білуге, түстерді ажыратуға, шығармашылық қабілетін арттыруға баулу.
«Текемет құрастыру» ойыны. Бірнеше бағытта ойнатуға болады. Балаларыдың түстерді үйрету, ою атауларын жаттату, құрастыру арқылы ойлауын дамыту т.б.
5 жастағы балалар өздерінің шығармашылық қабілеттерін ашуға бейім. Бұл кезеңде балалар эстетикалық қабылдауларын дамытуға дайын. «Текемет құрастыру» ойыны арқылы балалар қазақ халқының мәдениетін танып, ою-өрнектердің маңызын түсінеді. Сонымен қатар, бұл ойын баланың логикалық ойлау қабілетін, қол моторикасын, шығармашылық қиялын дамытады.
Қазақтың ұлттық ою-өрнектері, текемет үлгілері балалардың түстерді және пішіндерді үйлестіру, симметриялы түрде орналастыру дағдыларын дамытуға көмектесті. Ойын барысында балалар тек түс пен пішіннің әдемі үйлесімін ғана емес, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін де меңгереді. Текемет құрастыру арқылы балалар ұлттық құндылықтарды тануға мүмкіндік алды.
Қорыта келгенде, ұлттық құндылықтар негізінде жүргізілген дидактикалық ойындар ғасырлар бойы жинақталған халқымыздың мәдени мұрасын балаларда ойын әрекеті арқылы жеткізудің ыңғайлы әрі қызықты тәсілі. Балалар ойын арқылы білім алады, дағдыларын дамытады, сондай-ақ өз халқына деген сүйіспеншілік сеземін қалыптастырады. Ұлттық құндылықтарды балаларға ойын арқылы үйрету – ең тиімді әдіс. Себебі, ойын баланың қызығушылығын оятады, ол ұлттық құндылықтар туралы мәліметті жеңіл әрі қызықты түрде қабылдайды. Мысалы, қазақтың ұлттық ойындарын пайдалану арқылы балалар ұлттық салт-дәстүрлерді меңгереді, оларды құрметтеуді, ұлттық мұраны сақтаудың маңыздылығын түсінеді.
Сонымен қатар, дидактикалық ойындар балаларға қоғамда дұрыс қарым-қатынас орнатуды, әлеуметтік нормаларға бағынуды, ұлттық мәдениетті бағалауды үйретеді. Олардың ішкі дүниесін байыта отырып, оларды болашақта өз халқын сүйетін, ұлттық құндылықтарды қастерлейтін азамат етіп тәрбиелейміз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Түшіген, Г.Б.; Мендыбаева, Н.У. Мектепке дейінгі жастағы балаларды ұлттық құндылықтар негізінде тұлғаны рухани адамгершілікке тәрбиелеу. URI: http://localhost:8080/xmlui/handle/123456789/7210
- https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2200029031
- Турбекова А.Б. Ойын арқылы баланы оқыту және тәрбиелеу https://bilimdinews.kz/?p=61968