Бүгін мен Алматы қаласы, Жетісу ауданы, №101 бөбекжай-балабақшасындағы V қалалық мектепке жасына дейінгі тәрбиеленушілер мен педагогтеріне арналған «Театрдың ғажайып әлемі» байқауына қатысып, ерекше әсер алдым.
«Театрдың ғажайып әлемі» байқауының негізгі мақсаты — мектеп жасына дейінгі балалардың бойына ұлттық құндылықтарды театр мәдениеті арқылы қалыптастыру, дарынды педагогтер мен балаларды анықтау, дамыту және қолдау.
Бұл байқауда балалар «Ай мен жұлдыз» ертегісін сахналап, көрермендерді сиқырлы әлемге жетеледі. Кішкентай әртістердің өнері жүрекке жылу сыйлап, олардың шынайы бейнесі көрермендерді тәнті етті. Ай мен жұлдыз – арманға жетелер ертегі. Қойылым барысында балалардың үлкен ынтамен ойнағанын, әр кейіпкердің жанды бейнесін көріп, еріксіз сүйсіндік.
«Ердің сыншысы – халық, өнердің сыншысы – уақыт» демекші, әрбір көрермен қойылымнан өзіне қажетті нәрсе алды. Бірі – адалдықтың, мейірімділіктің құдіретін ұқты, бірі – арманға жету жолында төзімділік пен сенімнің маңызын түсінді. Балалар театры – болашақтың бастауы.
Театр – тәрбие құралы. «Өнерлінің қолы алтын, өлеңшінің сөзі алтын» демекші, балғындардың сахнада өзін еркін ұстауы, рөлдерін сенімді сомдауы олардың шығармашылық қабілетін айқындады. Осындай шаралар балалардың мәдениетке деген қызығушылығын оятып, рухани байытады. Өнерлі ұрпақ – елдің ертеңі!Өнер – адамзаттың рухани азығы, ал театр – сол өнердің шыңы.
Балабақшадағы мұндай іс-шаралар балалардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, олардың мәдениетке деген сүйіспеншілігін арттырады. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, кішкентайынан сахнаның сиқырын сезініп өскен бала болашақта өнерді, көркем әдебиетті құрметтейтін азамат болады.
№101 бөбекжай-балабақшасы
V қалалық шығармашылық «Театрдың ғажайып әлемі» байқауының қалалық кезеңінде өз шеберліктерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Шығармашылықпен өрілген қойылымдары көрермендердің көңілінен шығып, әділқазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Нәтижесінде, жас әртістеріміз құрметті 2-орынды иеленіп, өз білім ошағының мерейін үстем етті. Бұл жетістік – меңгеруші мен тәрбиешілердің кәсібилігі мен балғындардың өнерге деген сүйіспеншілігінің айқын көрінісі. Алдағы уақытта да олардың таланты талай биіктерді бағындырары сөзсіз.
Бұл байқау – тек өнер додасы емес, балаларға ұмытылмас естелік, жаңа шабыт пен қанат бітіретін тамаша мүмкіндік. Осындай тамаша шаралар болашақта да жалғасын тапса екен деп тілейміз!
Әсем безендірілген сахна, кейіпкерлердің жарқын образдары, көңілге қонымды қойылым – меңгеруші, әдіскер, тәрбиешілер мен музыка жетекшілерінің, ата-аналар мен балабақша ұжымының бірлескен еңбегінің жемісі. Ертегі әлемімен қуантқан №101 бөбекжай-балабақшасының ұжымына шығармашылық шабыт, еңбектеріне табыс, жаңа жетістіктер тілейміз!
BILIM AINASY
Алматы қаласынан
Ақерке Амангелдіқызы