Мен – КМҚК » №72 бөбекжай — балабақшасы»
Айдахметова Анар Согысбековна » балабақша тәрбиешісі ретінде, жыл сайын асыға күтетін ерекше күн – Жаңа жыл мерекесі жайлы өз әсерімді бөліскім келеді.
Жаңа жыл – тек үлкендер үшін ғана емес, кішкентай бүлдіршіндер үшін де нағыз ертегідей мереке. Балалар шыршаны көріп қуанады, ән айтып, би билеп, өз өнерлерін көрсетуге асығады. Биылғы іс-шарамыз да дәл осындай көтеріңкі көңіл-күймен өтті. 28 желтоқсан күні балабақшамызда «Жаңа жыл – қуаныш мерекесі» атты үлкен кеш ұйымдастырдық.
Зал іші ертегі әлеміндей безендіріліп, әр топтағы балалар өз өнерлерін көрсетті. Тақпақтар, әндер, ұлттық және заманауи билер – барлығы балалардың бойындағы талантты, батылдықты көрсетті. Мен олардың әрқайсысына қарап, мақтаныш сезімін бастан кешірдім.
Балалар әсем әуенге ілесіп, сахна төрінде мың бұрала биледі. Кішкентай қадамдары мен қуанышқа толы жүздері жүрекке жылу сыйлады. Мен үшін сол сәт – өнерге, шаттыққа, бала көңілге толы нағыз мерекелік көрініс болды.
Мерекенің әсерлі сәттерінің бірі – балалардың менімен қуана-қуана естелік суретке түскені еді. Кішкентай қолдарымен мені құшақтап, жарқын күлкілерімен фотоға түскен олардың әрқайсысы – жүрегімнің бір бөлшегі. Бұл сәттер менің тәрбиеші ретіндегі ең үлкен қуанышым мен мақтанышым десем, артық айтқаным емес.
Мерекелік кештің ең қызықты сәті – әрине, Аяз ата мен Ақшақардың келуі болды. Балалар оларды қуана қарсы алып, өздері дайындаған өнерлерін тарту етті. Аяз атаның қолынан сыйлық алған сәтте балалардың көзіндегі қуанышты көру – мен үшін ең үлкен марапат.
Мұндай шаралар балалардың шығармашылығын дамытып қана қоймай, олардың мейірімді, тәрбиелі, өз-өзіне сенімді тұлға болып қалыптасуына үлкен үлес қосады. Сонымен қатар ата-аналармен байланысымызды нығайтып, бірлескен тәрбие жұмысына жол ашады.
Мен барлық әріптестеріме, ата-аналарға және сүйікті балаларға алғысымды білдіремін. Бірлесе ұйымдастырған мерекеміз әр жүректе жақсы естелік болып қалды деп сенемін.
Келе жатқан Жаңа жыл әр шаңыраққа шаттық пен береке әкелсін! Балаларымыз аман, еліміз тыныш, жарқын болашақ нұрлы болғай!
Жаңа жыл құтты болсын!