Home » Детский сад » Ұлттық тәрбие – балабақшадағы құндылықтар негізі

Ұлттық тәрбие – балабақшадағы құндылықтар негізі

Бала тәрбиесі – ұлттың болашағын қалыптастыру жолындағы аса жауапты әрі күрделі міндет. Әр халық өз ұрпағын ғасырлар бойы жинақталған салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтары мен әдет-ғұрыптары арқылы тәрбиелеген. Қазіргі заманда сол асыл мұраларды бала бойына сіңіру – біздің басты парызымыз. Осы орайда ҚМҚК №94 бөбекжай-балабақшасында «Ұлттық тәрбие – балабақшадағы құндылықтар негізі» атты кең ауқымды тағылымдық іс-шара ұйымдастырылып, ұлттық рухты жаңғырту жолында мазмұнды жұмыстар жүргізілді.


Шараның басты мақсаты – ұрпақ санасына ұлттық болмысты, отбасылық құндылықтарды, қазақ халқының бай мәдени мұрасын сіңіру, балабақша мен ата-аналар арасындағы тығыз байланысты нығайту. Бұл шараға барлық топтар мен ата-аналар қауымы белсенді қатысып, қазақ халқының ұлттық дәстүрлері мен рухани байлығы кеңінен насихатталды.

Іс-шара барысында алғаш болып аналар қауымы ұйымдастырған “Аналар мектебі” өтті. Бұл бөлімде ұлттық тәрбие мен қазақы мінез-құлықтың негізі саналатын ананың рөлі туралы әңгімелер өрбіді. Аналар балаларына бесік жырын айтып, тұсау кесу мен бесікке салу рәсімдерін сахналап көрсетті. Бұл көріністер арқылы балалар тек көріп қана қоймай, ұлттық дәстүрлердің мән-маңызын жүрекпен сезінді. Ананың мейірімі мен тәрбиесі – ұрпақ санасының негізін қалайтын іргетас екені баршаға айқын аңғарылды.

Содан кейін “Әкенің ақылы – тәрбие бастауы” атты бөлімде әкелер қауымы белсенділік танытты. Олар ұл мен қыз тәрбиесіндегі әкенің орнын, ер азаматқа тән қасиеттерді үлгі етіп көрсетті. Балалармен бірге ұлттық ойын ойнап, ертегілер айтып, ақыл-кеңес берді. Бұл шара арқылы бала жүрегінде әкеге деген құрмет пен сенім нығайып, отбасыдағы әкенің рухани беделі арта түсті.

Іс-шараның ерекше бөлігінің бірі – балалар арасында өткен ұлттық ойындар сайысы болды. Балалар «Арқан тартыс», «Ақ серек – көк серек», «Ханталапай» сияқты ұмыт бола бастаған ойындарды ойнап, ұлттық дәстүрдің дәмін сезінді. Әсіресе, «Асық ату» ойыны балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Тәрбиешілер асық ойынының шығу тарихын, оның адамды мергендікке, ептілікке, шапшаңдыққа тәрбиелейтінін түсіндіріп берді. Балалар топ болып жарысып, өздерінің ептіліктерін сынап, жеңімпаздар марапатталып, ерекше қуанышқа бөленді. Асық – тек ойын емес, ол – ата-бабадан қалған бай мұра, баланың бойына батылдық пен достықты, сыйластықты дарытатын рухани тәрбие құралы екені тағы да дәлелденді.


Сонымен қатар, балалар мен ата-аналар ұлттық аспаптармен танысып, олардың ерекшелігімен, үнімен жақыннан танысты. Домбыра, сырнай, жетіген, шаңқобыз сияқты аспаптар туралы мағлұмат беріліп, балалар домбырамен ән шырқап, өз өнерлерін көрсетті. Бұл сәттерде қазақ музыкасының сиқырлы үні арқылы баланың жүрегіне ұлттық өнердің дәні себілді.

Іс-шара соңында “Ұлттық тағам – ұлттың дәмі” атты жәрмеңке ұйымдастырылып, ата-аналар өз қолдарымен дайындаған тағамдарын ұсынды. Бауырсақтың иісі мен женттің тәттілігі, құрт пен ірімшіктің дәмі балаларға ұмытылмас әсер сыйлады. Қазақтың ұлттық тағамдары тек қана ас емес, ол – ұрпақтар сабақтастығының бір бөлігі екенін балалар ұқты. Әр тағамның артында тарих, дәстүр, еңбек, ананың мейірімі жатқанын көрді.

Бұл мазмұнды, ауқымды іс-шара ұлттық құндылықтарды баланың бойына сіңіру жолындағы сәтті бастама болды. Ата-ана мен балабақша арасындағы рухани байланыс нығайып, тәрбиенің ортақ жауапкершілік екені тағы бір мәрте айқын көрінді. Біз – балабақша ұжымы – бала тәрбиесінде ұлттық рухты тірек етіп, келешекке ұлтына жанашыр, тілін, дәстүрін құрметтейтін саналы ұрпақ өсіруді басты мақсат етеміз.

Ұлттық тәрбиемен сусындаған бала – елінің ертеңгі тірегі, болашағы. Сондықтан осындай тағылымды шаралар жалғасын таба береді. Ұлт болашағының негізі – ұлттық тәрбиеде екені даусыз.

№94 балабақша меңгерушісі
Абизова Жанаргуль Жармухаметовна

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*