Қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беру саласында балалардың шығармашылық қабілетін дамытудың жаңа, қызықты әдіс-тәсілдері белсенді қолданылуда. Солардың бірі — ұлттық қолөнер элементтерін пайдалану арқылы кішкентай балалардың эстетикалық талғамын, ұқыптылық пен еңбекқорлығын тәрбиелеу. Осы бағыттағы жарқын мысалдардың бірі – Алматы қаласы, Алмалы ауданындағы №7 бөбекжай-балабақшасында өткен «Ғажайып мата әлемі» атты жобалық іс-шарасы.
Бұл жоба аясында КМҚК «№7 бөбекжай-балабақшасының ортаңғы «Ботақан» тобының тәрбиеленушілерімен өткізілген «Жүннен өрілген өнер» атты іс-әрекет күнделісті оқу процесін жаңа бір белеске көтерді. Тәрбиеші ретінде менің негізгі мақсатым – балаларға жүн, мата секілді табиғи материалдардың қасиетін таныстыру, одан түрлі бұйымдар жасау арқылы балалардың ұсақ қол моторикасын, зейінін, елестету , шығармашылық қабілетін дамыту болды.
Іс – шараны бастамас бұрын балалармен қазақ халқының дәстүрлі қолөнері туралы шағын әңгіме өткізілді. Олар киіз басу, жүннен иірім жасау, алаша тоқу сияқты ұлттық өнердің түрлерімен танысып, көрнекі құралдар арқылы жүннің түрлі – түстерін, жұмсақтығын сезініп көрді.
Негізгі бөлімде балалар жүннен шағын бұйымдар жасауға кірісті. Әсіресе олар жүннен гүлдер, түрлі бейнелер мен ою-өрнек пішіндерін жасауды аса қызығушылықпен орындады. Бұл жұмыс барысында балалардың шығармашалығы еркін дамыды. Бірі күн бейнесін жүнмен өрнектесе, енді бірі алманы бейнеледі.
Іс-шара соңында балалар өз қолымен жасаған бұйымдарын бір – біріне көрсетіп, өз әсерлерімен бөлісті. Балалармен бірге жүннен жасалған бұйымдардың шағын көрмесі ұйымдастырылып, ата-аналар мен басқа топ тәрбиеленушілеріне ұсынылды.
Бұл іс-шара арқылы балалар тек өнерге жақындап қана қоймай, ата-бабамыздың табиғи материалға деген құрметін, экологиялық тәрбиенің мәнін ұғынып, қол еңбегінің бағасын сезіне білді. «Жүннен өрілген өнер» тақырыбындағы іс –әрекет балалар үшін естен кетпес әсер мен пайдалы дағды қалыптастырған ерекше күн болды.
Алматы қаласы Алмалы ауданы
КМҚК «№7 бөбекжай-балабақшасы»
ортаңғы «Ботақан» тобы
тәрбиеші: Умирзакова А.Т.