Home » статьи » «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ!»

«Саналы ұрпақ – жарқын болашақ!»

Қарасай Гауһар Сәндібекқызы
Нұр-Сұлтан қаласы,
№75 мектеп гимназиясының түлегі

«Саналы ұрпақ – жарқын болашақ!»

           Сан ғасырларды кері шегіндірген, тарихы тереңде жатқан қазақ халқының байырғы аxуалы бәрімізге бесенеден белгілі. Тарих тереңіне көз жүгіртсек, елім деп —  ақ найзаның ұшымен, ар-намыстың күшімен ел қорғаған батыр бабалар, тура сөздің тігісін жатқызып, оймақтай аузымен ой саларлық құндылықтар айтқан би-шешендер, бертін келе, қанын төксе де арын төкпеген ақтаңдақтар, ұрпағын ұлықтаған ұлт қайраткерлері, бостандық деп шырылдаған боздақтардың негізгі мақсаты ел тыныштығы мен тұрақтылығы еді. Елім деп еңіреп, жерім деп көз жас төккендердің бар арманы мен мақсаты- қазақ атты қараша халықтың бақытты ғұмыр кешуі болатын. Егемендік аңсаушылар «бақытты болудың нышаны бостандық» деп ұғынды. Ата- бабаларымыз бастамасын бастап, бодан болудан қашқан еліміз-бүгінде тәуелсіз қазақ мекені.

Жас ұрпақ — өрнегін салған өткен күндерді тарих сахнасына қалдырып, асығы алшысынан түсер алдағы сәттерді санасына түйіп,маңызды  іс-әрекетке бет бұруы тиіс. Ол үшін негізгі міндет- сапалы білім. Білімді азамат атанып, ел мерейін асқақтатса,ол тақиямызға тар келмесі анық. Сондай-ақ,айрандай  ұйып, басы біріккен озық елдер қатарына қосылып көшбасшы атану көкірегімізде жалындап тұрған алау –үміттердің бірі.Тереземіз тең, керегеміз кең болуы үшін де зияткер ұл-қыз, білікті балалар тәрбиелеуіміз шарт.

Кез келген мемлекеттің болашағы білімді жастар. Бүгінгі жас – болашақ Қазақстанның жанды бейнесі, ертеңгі ел тізгінін ұстайтын тұлға. Елдің ендігі дамуы мен өркендеуі, келешегі жастарға тікелей байланысты. Ол үшін жас мамандардың ойының ұшқырлығы, тың идеялары өте маңызды. Қандай мамандық иесі болса да, өз істеріне жауапкершілікпен қараған адамның, жетер жетістігі де өте көп болмақ.

Даналықтың қайнар көзі — білім. Даналыққа жету жолы қиын да ұзақ.

Ұстаз – ол көшбасшы. Жаңа қоғам мұғалімі – рухани бай, әлеуметтік

жетілген, шығармашыл тұлға. Өз ісінің маманы, педагогикалық әдіс –

тәсілдерді қолданудың қас шебері. Әрдайым жеке бас дамуына ұмтылатын,

болып жатқан заман талабына тез бейімделе алатын жаңа қоғамның дара

тұлғасы болу керек.

Ұстаз  – мектеп жүрегі болса, оның беделі–мектептің беделі. Ал, мектеп –мемлекеттің басты тірегі. Олай болса, қазіргі таңда мұғалім білікті әрі шебер, ұшқыр ойлы, қабілетті, өз пәнін жетік меңгерген болуы керек. Еліміздің

ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жaс ұрпақтың тағдыры ұстаздың

қолында.Сондықтан әрбір мұғалім бұл жауапкершілікті сезінсе, біздің

мемлекетіміздің қорғаны нығая түспек.

Мектеп – балалардың екінші үйі болса, ал ұстаз – екінші ата-анасы екені сөзсіз түсінікті. Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға соқпайды.Алайда баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі үлкен ғанибет. Ақ парақ бетіне жазу жазғандай баланың кіршіксіз санасына адамгершілік, мейірімділік нұрын сеуіп, білім, өнер нәрімен сусындату -«ұстаз» деген ұлы тұлғаның парызы. Ізгілік пен ізденісті тұмар қылған ұзтаз атаулы үнемі шәкірттеріммен тығыз байланыста болып, олардың ойымен санасып, көкейіндегі арманын тыңдап, сол бойынша бағыт-бағдар беріп, дұрыс жол нұсқап, екінші ата- анасы ретінде көмектескені үшін өзін ерекше бақытты сезінері хақ.

Біз төл тарихын жетік білетін, бағалайтын және мақтан ететін,алған білімін әлемдік өркениетпен үндестіре білетін өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуіміз қажет. Болашақта дамыған елдермен терезесі тең дәрежеде өмір сүруіміз үшін жас буынды бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз керек. Осы тұрғыда мектеп қабырғасынан бастап сапалы білім мен саналы тәрбие беру ұстаздардың алдына қойған мақсаты болып отыр. Қарыштап дамып келе жатқан заманда технология сағат сайын өркендеп, жаңару үстінде. Оқушы қызығушылықтары да өзгеріп, дәстүрлі білім беру жүйесі оқушының бәсекелестік қабілетін шыңдайтындығына күмәнмен қарай бастадық. Сол себепті жаңаша білім беру  жүйесі заман талабына айналып отыр.

Менің түсінігімдегі жаңашыл ұстаз – әдіс-тәсілдерге бай, баланың жеке қабілеттерін ашып, дамыта алатын, рефлексияға қабілетті, ақпараттық технологияларды жетік меңгерген, белсенді және де оқушының жан дүниесіне үңіле білетін ұстаз деп есептеймін. Осы қабілеттердің барлығы бір мұғалімнің бойында жинақталса, міне сол нағыз «жаңашыл ұстаз» болмақ.

Қорыта келе, «Қайыңның қырық бұтағы болады. Алайда, сол қырық бұтақтың ішіндегі біреуі ғана пайдаға асар түзу таяқ болады, ал қалғандары жәй ғана саптыаяқ пен қисық таяқ болады». Мұнымен не айтқым келді, әрбір Қазақстанның жас жеткіншектері қисық не қиғаш ғұмыр кешпей, түзу әрі берік болып жетілуі, болашаққа нық қадаммен бекінуі керек. Тәуелсіз елдің жастары қазақ елінің ертеңі екенін білсе, өз қара басының қамын қамдамай, ел болашағының беріктігін қалқалап жүрсе, демек, М.Мағауин атамыз айтқандай «ұлттық сананы жаңғыртып, ұлттық идеалогияны қалыптастыруымыз», зейінімізді арттырып, топ ішінен дараланып, оза шапқан « XXI ғасыр Құлагері» атануымыз қажет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*