Home » Новости » Білім бастауындағы алтын көпір

Білім бастауындағы алтын көпір

Мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш білім берудің сабақтастығы – балалардың мектеп табалдырығын сенімді аттауына мүмкіндік беретін маңызды кезең. Осы орайда 2025 жылдың сәуір айында Алматы қаласы Наурызбай ауданына қарасты КМҚК “№184 бөбекжай-балабақшасының” “Толағай” мектепалды даярлық тобының бүлдіршіндері №157 мектеп-гимназиясына арнайы барып, үлкен өмірге қадам басар білім ордасымен жақын танысты.

Бұл шараның басты мақсаты – балалардың мектеп жайлы алғашқы әсерін қалыптастыру, оларды болашақ білім жолына қызықтыру, мектептің тыныс-тіршілігін өз көзімен көру арқылы бойларына сенімділік ұялату. Бұл бастаманы ұйымдастырған қос мекеменің де ортақ мақсаты – бала бойында оқу мен білімге деген құштарлықты ерте жастан ояту.

Мектепке алғашқы қадамдарын жасаған бүлдіршіндерді №157 мектеп-гимназиясының ұжымы жылы қарсы алды. Мектеп директоры Света Агабековна кішкентай меймандарға ерекше ықылас танытып, «кішкентай достарым» деп еркелете отырып, оларды мектеп әлеміне қызықты саяхатқа жетеледі. Балалар бастауыш сынып кабинеттеріне кіріп, парта, тақта, бор, глобус, карта сынды оқу құрал-жабдықтарымен танысты. Мұғалімдер оларға қарапайым оқу үдерісін қызықты етіп көрсетіп, балғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жылы жауап қайтарды.

Мектеп ішіндегі түрлі кабинеттер: информатика, музыка, спорт залы, кітапхана – балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Олар жаңа ортамен танысып, болашақта оқитын сыныптарын көзбен көріп, жүректерінде қуаныш пен үміт ұялады. Әсіресе, ұстаздардың мейірімділігі мен ілтипаты балаларға зор әсер етті.

Шара соңында балаларға ыстық шәй мен дәмді тоқаш ұсынылып, кішігірім дастархан жайылды. Бұл – тек ішкі жан дүниені емес, балалардың қарнын да, көңілін де тойдырған сәт болды. Света Агабековна мен мектеп ұжымының шынайы ықыласы бүлдіршіндердің есте қаларлық әсермен оралуларына себепкер болды. Осындай шынайы қарым-қатынас пен мейірім баланың мектепке деген қызығушылығын арттырып, алдағы өмірінде білімге деген сүйіспеншілігін оятары сөзсіз.

Мектеп пен балабақша арасындағы осындай тығыз байланыс – болашақ білім сапасының кепілі. №184 бөбекжай-балабақшасының тәрбиешілері мен №157 мектеп-гимназиясының ұстаздары бұл бағытта бірлесе жұмыс жасап, ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосып келеді. Мұндай тәжірибелік кездесулер мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерге зор серпін беретіні сөзсіз.

Қорыта айтқанда, мектепалды даярлық тобына арналған бұл танымдық шара – тек бір күндік сапар емес, болашаққа бағытталған сенімді қадам. Бала жүрегіне сенім ұялатқан, оларға жылы жүзбен жол көрсеткен №157 мектеп-гимназиясы ұжымына ата-аналар мен балабақша атынан шексіз алғыс білдіреміз!

Кафарова Мереке Суимбайкызы
Алматы қаласы
КМҚК “№184 бөбекжай-балабақша
әдіскері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*