№89 «Қыз Жібек» балабақшасы МКҚК
Әдіскер: Кожабергенова Кульпан Батыргалиевна
Халық даналығында «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», — деген нақыл сөз бар. Адам баласының тұлғалық қалыптасуы, оның өмірлік ұстанымдары мен болмысы ең алдымен отбасында, содан соң мектепке дейінгі ұйымдарда, яғни балабақшада қаланады. Балабақша – баланың болашағын қалыптастыратын, өмірге деген сенімін арттыратын бірден-бір маңызды орта. Бұл жерде бала ең алғашқы білім мен тәрбиенің дәмін татып, қоғамдағы өзіндік орнын айқындауға бағыт, бағдар алады.Осы орайда балабақша – ұлттық тәрбие бастауы ретінде аса маңызды институтқа айналып отыр. Бүгінде заман ағымы мен жаһандану ықпалында ұлттық құндылықтарымызды сақтап, оны өскелең ұрпаққа сіңіру мәселесі күн тәртібінде тұр.
Ұлттық құндылықтар – ата-бабамыздың ғасырлар бойы жинақтаған рухани байлығы, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрінің іргетасы екендігін мемлекет Басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан — Адал азамат» ұлттық құрылтайының екінші отырысында сөйлеген сөзінде анық жеткізді. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе»,- деген сөздің негізі сонда болары анық. Жас ұрпақты өз халқының тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілін білетін, мәдениетті, адами қасиетті терең түсінетін шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу – өмір талабы, қоғам қажеттілігі.
Тәрбие – мақсатты жүйеде тұлға қалыптастыруға бағытталған үдеріс, яғни арнайы ұйымдастырылған, тәрбие мақсатын іске асыруға бағытталған тәрбиеші мен тәрбиеленушінің арасындағы – өзара ықпалды іс-әрекет.
Тәрбиеші – баланың жеке дара ерекшеліктері мен икемділіктерін ескере отырып дамытады, теріс, зиянды, жағымсыз әрекеттерден аластатады, туа біткен нышандарды түзетеді. Тәрбие ұлттық табиғи тамырынан кіндік үзсе, тәрбиелік қасиетін жоғалтады.
Тәрбиемен қоса балаға берілетін ол – білім. Білім баланың ішінен шығатын нәрсе емес, ол сырттан келетін нәрсе, балаға өмірлік, рухани азық десек те болады.
«Білім өмірде — таяныш, жолда — дос, қуанышта — бастауыш, қайғыда — медет, күресте — құрал, зұлымдықта — айна».
«Жас бала шыбық тәріздес, оны қалай иетін болсаң сол қалпы өсе береді», — деп айтпақшы,
Ұлттық ойындарды тәрбие мен оқыту процесінде қолдану нәтижесінде:
— Балалардың көңіл-күйі көтеріледі
— денесі қимылдап, бойы сергиді, миы тынығады
— қимыл белсенділіктері артады
— қарым-қатынас жасау мәдениеті қалыптасады
— ептілік, шыдамдылық, икемділік, мергендік т.б. қасиеттері қалыптасады
— қабылдау, есте сақтау, ойлау, қиял т.б. танымдық қабілеттері дамиды, қол, саусақ бұлшық еттері жетіледі
— ұлттық ойын арқылы ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді
— көпшілік ортада өз өнерін көрсетуді, насихаттауды үйренеді
— ұйымшылдыққа үйренеді
Ойын баланың денесін, тұлғасын жетілдіріп, дамытып, қоймай, ақыл-ойын, ұлттық рухын, сана-сезімін, намысында қалыптастыратын тәрбие құралы. Ойын ойнамаған бала әлжуаз, қорқақ, өз күшіне сенімсіз, бос кеуде, қиыншылыққа мойығыш болып өседі. Сондықтан ұлттық ойындарды салауатты өмір салтын қалыптастыруда баланың денсаулығы мен психологиялық саулығын жетілдірудің негізгі құралы ретінде қарастыру көзделді.
Балабақша тәрбиешілері – балалардың ұлттық құндылықтарды дұрыс түсініп, қабылдауында басты рөл атқаратын тұлғалар. Олар балаларға ұлттық мәдениетті танытып қана қоймай, сол мәдениеттің бір бөлігі болуға үйретеді. Тәрбиешілердің міндеті – балаларға ұлттық құндылықтарды тек сөзбен емес, іс-әрекет арқылы да көрсету.
Ұлттық тәрбие берудің негізгі шарттарының бірі — мемлекеттік тілді баланың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру. Балаға туған тілінде тақпақ жаттатып, ән айтқызып, ертегілер оқыту арқылы тілге деген сүйіспеншілік қалыптастыру. Балаларға қазақтың салт-дәстүрлерін, батырлар мен билердің ерліктерін, ұлттық мерекелердің мән-мағынасын үйрету арқылы тарихымызды құрметтеуге баулимыз.
Ұлттық киімдер кию, ою-өрнектерді тану, күй тыңдау, айтыс өнерімен танысу – баланың эстетикалық танымын кеңейтетін маңызды құралдардың бірі екенін айтқым келеді.
Бала тәрбиесінде отбасы басты орын алады. Мектепке дейінгі жастағы бала тұлғасының қалыптасуында отбасы тәрбиесі әрқашанда маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ бала тұлғасының дамуына оның ортасы әсер етеді. Осыған байланысты тәрбиеші мен отбасы арасындағы тығыз байланысты қалпына келтіру қажеттілігі туындайды. Баланың мүддесін дамуы тек қана, отбасы өкілдері (тек ата – аналар ғана емес) және мектепке дейінгі мекеменің өзара тығыз қарым – қатынаста болғанда ғана табысты болады.
Ата-аналар мен балалармен бірлескен іс-шаралары, ашық есік күндері, тренингтер, дөңгелек үстелдер өткізу, кездесулер ұйымдастырып отыруымыз керек. Мектеп жасына дейінгі балаларды өмірге дайындау өте күрделі қажымас еңбекшіні қажет етеді. «Отан – отбасынан басталады» дейміз. Тәрбиеші ата-ананың ынтымақтастығын құруда орасан еңбек ету қажет деп есептеймін. Себебі, ата-ана және тәрбиеші бала тәрбиесіне тең дәрежеде жауапкершілікпен қарауы керек және тәрбиелеу әдіс-тәсілдерін бір арнаға құйып жатса, қабілетті, шығармашыл, білімді тұлғаны дайындап шығатынымыз сөзсіз.
Қорытындылай келе — бүгінгі балабақша – ертеңгі ел тұтқасын ұстар азаматтың алтын ұясы. Ондағы әрбір педагог, әрбір тәрбиеші – ұлт болашағы үшін еңбек ететін идеологиялық тұлға. Ұлттық құндылықтар – жас ұрпаққа берілетін ең асыл мұра. Сондықтан ұлттық рухты, ұлттық сананы, отаншылдықты, имандылық пен ізгілікті сәби шақтан бастап қалыптастырып, балабақша қабырғасында жан-жақты сіңіру – ұлттық жаңғырудың өзегі болмақ.