Home » Детский сад » Жазғы демалыс бағдары. Мектепке дейінгі ұйымдарда жазғы сауықтыру жұмыстарының заманауи формалары

Жазғы демалыс бағдары. Мектепке дейінгі ұйымдарда жазғы сауықтыру жұмыстарының заманауи формалары

Алматы қаласы, Медеу ауданы
№106 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі:
Бексултанова Гульнара Аскербековна.

“Жазғы демалыс бағдары. Мектепке дейінгі ұйымдарда жазғы сауықтыру жұмыстарының заманауи формалары”

Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты №106 бөбекжай-балабақшасы «Жазғы демалыс бағдары. Мектепке дейінгі ұйымдарда жазғы сауықтыру жұмыстарының заманауи формалары”
тақырыбында тәжірибе алмасу семинарын ұйымдастырды.

Семинардың шымылдығын балабақша меңгерушісі Бексултанова Гүлнар Аскербековна ашып, келген қонақтарға ізгі тілегін білдіріп, жазғы демалыстың бала тәрбиесіндегі маңызын атап өтті. Жазғы сауықтыру шараларын жүйелі түрде ұйымдастырып, белсенді түрде іске асырып келе жатқан балабақша ұжымы бұл жолы да тыңғылықты дайындықпен көзге түсті. Мұны балабақша ауласына кірген сәттен-ақ байқауға болады.
     

Алғашқы шара ретінде қонақтар балабақша ауласында ұйымдастырылған «Ұлттық құндылықтар» көрмесін тамашалады. Көрмеде қазақы нақышта жасалған түрлі қолөнер бұйымдары қойылған. Тәрбиеші Альжанова М.К. айтуынша, барлық бұйымдар балалар денсаулығына зияны жоқ, табиғи материалдардан жасалған. Әр бұйым өз ерекшелігімен көз тартады, ұлттық нақыш пен шеберлік үйлесім тапқан.
     

Көрмені тамашалаған соң қонақтарға бүгінгі семинар квест технологиясы формасында ұйымдастырылып отырғанын, семинардың негізгі мақсаты:мектепке дейінгі ұйымдардағы жазғы сауықтыру жұмыстарының заманауи тәсілдерін талқылау, квест технологиясының көмегімен педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру және балалардың денсаулығын нығайтуға бағытталған тиімді әдіс-тәсілдермен тәжірибе алмасу. Бұл – балалармен жұмысты ұйымдастырудың ерекше әрі қызықты түрі. «Квест технологиясы – білім беру үдерісін жандандырып, балалардың ойлау, қимыл және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған әдіс», – дейді әдіскер Сұлтанғали Н.А.

Семинар жұмбақ жасырумен басталып, оны шешу барысында карта бөліктерін табу арқылы үш түрлі станциядан өту тапсырылды.

Бірінші станция- “Физикалық дағды алаңы” музыка жетекшісі Амангелдиева Н.А.-ның ұйымдастыруымен мектепалды топ «Алақай! Жаз келді!» атты балалар биін ұсынды. Одан әрі балалармен шынықтыру жаттығулары, қимылды ойындар, тыныс алу гимнастикасы, ұлттық ойындар мен дамытушы орталықтарда белсенді әрекеттер жүргізілді. Тәрбиеші Нұрақын М.А. және логопед- дефектолог Дайырова Т.Н. қонақтарды «Шаңырақ» ойынына қатыстырып, әрі сергіп, әрі қазақ халқының киелі шаңырағына деген құрметтің мәнін тереңірек сезіндірді.

Екінші станция – «Тәжірибе сынақ алаңы». Бұл жерде қонақтар мен балалар құм, кинетикалық құм, және суды пайдаланып тәжірибе жүргізді. Тәрбиешілер Касымбекова Г.А. және Куртжемилова С.Е. жасаған тәжірибе нәтижесінде баланың: зейіні,қиялы,ұсақ моторикасы, тіл байлығы, топпен жұмыс жасау дағдылары дами түседі. Ойын барысында баланың зерттеушілік қабілеттерін дамытуға бағытталған түрлі әдістер көрсетілді.

Үшінші станция – «Шығармашылық әрекет алаңы». Мұнда балалар мен семинар қонақтары дәстүрден тыс сурет салу әдістерімен танысып, бірге шығармашылық жұмыстар атқарды. Әр салынған сурет жазғы демалыс тақырыбымен үндесіп, балалық қиялдың жемісі екені көрініп тұрды. Бірі жайлауды бейнелесе, бірі алқапта жайқалған гүлдерді салды. Суреттер қонақтарға ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар, тәрбиешілер Кузнецова В.Г. және Салимова А.В. бүлдіршіндерге эбру техникасын шебер меңгерткен, балалар арнайы бояуды су бетіне тамызып, әртүрлі өрнектер мен бейнелер жасады. Артынан дайын суретті қағазға түсірді– нағыз сиқырлы сәт! Оған қоса балалар қонақтардың сұрақтарына еркін әрі нақты жауап беріп отырды.

Балалар макаронды түрлі түске бояп, оны дамытушы ойындарға қолдануы – шығармашылық ізденістің нәтижесі. Бұл әдіс бала денсаулығына зиянсыз әрі ұзақ уақыт пайдалануға болатындығымен ерекшеленеді. Балалар бұл материалдардан гүл, көбелек секілді түрлі бұйымдар жасап, көркем өнермен сусындап жатты.

Семинар барысында ұлттық құндылықтар мен заманауи технологиялық әдістер тиімді үйлестіріліп, мазмұнды тәжірибе алаңы құрылды. Психолог Скакова А.Т. қонақтармен тренинг өткізіп, жылы, сенімді және жағымды атмосфера орнатты. Қонақтар бір-бірімен тәжірибе алмасып, болашақ жұмыс барысында осы әдістерді қолданатындарын жеткізді.

Семинар соңында балабақшаның кішкентай тәрбиеленушісі әсем ән шырқап, жиынды әсерлі күймен түйіндеді. Одан кейін қонақтармен кері байланыс орнатылып, семинардан алған әсерлерімен бөлісті.

Бұл шара – балалардың жан-жақты дамуына, ұлттық тәрбие мен заманауи әдістердің үйлесімді қолданылуына бағытталған тағылымды басқосу болды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*