№184 бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушілері №174 мектеп-гимназияда қонақта болды. Алматы қаласы, Наурызбай ауданына қарасты №174 мектеп-гимназиясының қабырғасында ерекше бір шуақты күн өтті. Бұл күні білім ордасы кішкентай қонақтарды – №184 бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушілерін құшақ жая қарсы алды. Жас ұрпақтың алғашқы қадамын шабытпен, шат көңілмен бастауына себепші болған бұл кездесу балғын бүлдіршіндер үшін ұмытылмас сәттермен есте қалды.
Мектеп директоры Маликова Арнагүл Мұзсразовна бастаған ұстаздар қауымы балаларды ерекше мейіріммен қарсы алып, мектептің ішкі құрылымы, сынып бөлмелері мен пән кабинеттері жайлы кеңінен таныстырып өтті. Балдырғандар мектептің заманауи жабдықталған кітапханасын, түрлі пәндерге арналған арнайы сыныптарын тамашалап, өзін нағыз оқушыдай сезінді. Әсіресе, интерактивті тақталар мен зертханалық құрал-жабдықтарға қызығушылық танытқан бүлдіршіндердің көзінен қуаныш пен таңданыс байқалды.
Балабақша тәрбиеленушілері мектеп ішіндегі тыныш әрі таза атмосфераға, кең әрі жарық сынып бөлмелеріне ерекше тәнті болды. Әр қабырға, әр бұрыш білім мен тәрбиенің ұштастырылған мекені екенін анық аңғартты. Балалар мектептің шығармашылық бұрыштары мен спорттық залын да аралап, жаңа білім ордасымен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болды. Оларға арналып ұйымдастырылған түрлі ойындар мен қызықты сұрақ-жауап сәттері де бұл күннің әсерлі өтуіне себеп болды.
Осы бір игі шара барысында балалар тек мектеппен ғана танысып қойған жоқ, олар үлкендердің ілтипаты мен жан жылуын сезініп, болашаққа деген сенімдері арта түсті. Бұл – мектеп пен балабақша арасындағы байланыстың көрінісі, тәрбие мен білім берудегі жүйелі сабақтастықтың нәтижесі десек артық айтпаған болармыз.
Бүлдіршіндеріміз мектеп қабырғасынан керемет әсермен оралды. Балаларымыздың балаша қуанып, көздерінде жарқыраған шаттықты көру – біз үшін үлкен бақыт. Осындай жылы жүзбен қарсы алғаны үшін №174 мектеп-гимназиясының басшысы Маликова Арнагүл Мұзсразовнаға және барша ұжымға №184 бөбекжай-балабақшасы атынан шынайы алғысымызды білдіреміз.
Білімнің алғашқы баспалдағына нық қадам басқалы тұрған кішкентай бүлдіршіндер үшін бұл кездесу шабыттың, арман мен үміттің бастауы болды. Ізгілікті іс жалғасын тауып, жас ұрпаққа бағытталған осындай шаралар жиі өткізіле берсін деген тілек білдіреміз.
Алматы қаласы, Наурызбай ауданы
№184 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі
Алиакбарова Жанна Абдуллаевна