Айман Русланқызы
Алматы қаласы, Әуезов ауданы
№190 бөбекжай-балабақшаның
меңгерушісі
Алматы қаласы, Әуезов ауданы, №190 бөбекжай-балабақшамызда “Мен суретшімін” атты байқау өтті.
Суретші болу – бұл қызықты дүниелерді көре білу, түстерді сезіну. Бүгінде суретші болуға талпынатын жастар өте көп. Олар әлемді басқа қырынан танып, табиғаттың әсемдігін қалам арқылы жеткізеді. Барлық ғажайыпты бір параққа тоғыстыру да үлкен шеберлік екені анық. Қылқалам иелерінің жұмысын бағалаудың өзі үлкен өнер. Себебі олар бір туындыға кемінде бір жылын арнауы ғажап емес. Шабытпен жұмыс істейтін өнер иелері бастаған туындысын аяқтай алмай қалатын сәттері де жиі кездеседі екен. Бұл нағыз шығармашылық адамдарына тән дүние.
Шығармашылықты шыңдау, ата-аналар мен балабақша арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында біздің Байқаудың ерекшелігі сол аналар мен тәрбиешілер жұптаса өнер көрсетті.
«Ботақан» тобының намысын қорғап келген Исмаилова Нургуль Бакытовна,
Арыстанова Ранида;
«Күншуақ» тобының жалауын көтеріп келген сайыскерлеріміз
Кызайбек Малика Ербосынқызы, Базарбаева Динара Сергазиевна;
«Бәйшешек» тобының үмітін арқалап келген қатысушыларымыз
Сағымбек Айдана Сәтжәнқызы,
Жусипова Орынай Камидоллаевна;
«Сұңқар» тобы сұңқардай биікті бағындырамыз деп келген сайыскерлеріміз Жомартқан Айтолқын Муратқанызы, Нурдаулет Арайлым Кабдулдақызы; «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» деген ұстаныммен келген «Қарлығаш» тобының қатысушылары
Камбарова Каламкас Серикызы
Оспанкулова Асель Ерденовналар өз өнерлерін ортаға салды.
Сайыс барысында қатысушылар өздерін таныстырып, «шебер қолдар» кезеңінде қалдық, керексіз заттардан керекті заттарды жасап, «Мен суретшімін» атты еркін тақырыпта сурет салды.
Бүлдіршіндеріміз де бұл шарадан тыс қалмады. Әсем ән айтып, мың бұрала би биледі. Балабақша психологы Жансая Ержанқызы ата-аналармен бірге тренинг өткізіп, қонақтарды бір серпілтіп тастады. Әділ қазылар алқасының шешімі шыққанша, балабақшамызды әсем әндерімен әрлеп жүрген музыка жетекшісі Лида Жумановнаның әнін тыңдадық. Сайыс соңында қатысушылардың барлығына мадақтамалар табысталып, жүлделі орын иегерлерін құттықтадық.
Иә, бұл сайыс бұрынғы сайыстардан өзгеше болды. Ата-аналар мен тәрбиешілердің шеберліктерін сипаттауға тіл байлығымның жетпесі анық.
Бұл байқауды ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз ата-аналардың да балабақша өміріне белсене араласуына бір себеп болу. Біздің де, ата-аналардың да мақсат-міндеттері бір. Ол, әрине балалардың тәртіпті, білімді, елі ертең мақтан ететін ұл-қыз өсіріп тәрбиелеу.
Балаға тәрбие мен білім беруде басты тұлға ата-ана болса, оны жалғастырушы, демеуші-педагогтер.
Тәрбиенің сан алуан келелі мәселесін шешетін, қарапайым дағдыларды бала санасына орнықтыратын алғашқы білім баспалдағы – балабақша. Сондықтан “Отбасы-Бала-Балабақша” үштігінің іргетасы мықты болсын.
Балаға тәрбиені беруде адам ең бірінші өз тәжірибесіне сүйенеді. Адамның өз тәжірибесі- оның жүріп өткен жолы, көрген-білгені. Бірақ әр адамның жолы тура жол, бала тәрбиесінде қатып қалған осы жолмен жүру керек деуге де болмайды. Ол жолдың тек дұрысын ғана таңдап алу керек. Балаға міндетті түрде өзіңді қайталату мақсат емес, өзіңнен асырып түсіру мақсат. Бала кейде сенің ойлағаныңнан да артық затты немесе қиялына ерік берсе ешкімнің ойы түгіл түсіне де кіре бермейтін идеяларды дүниеге әкелетіні рас.
Сондықтан педагогтың өз тәжірибесіне сүйенуі аздық етеді. Екінші жағынан, ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып тәрбиелеу. Халқымыздың баға жетпес құнды қасиеттерін жастайынан санасына сіңіріп өскен бала өскенде ұлтжанды, халқының намысын қорғайтын азамат болады. Балабақша — баланы адамгершілікке тәрбиелеуде қазіргі заманғы маңызды әлеуметтік институт.
Бүлдіршіндер үшін балабақшадағы тәрбие ата-ана берген тәлім-тәрбиені жалғастырып, жандандыратыны сөзсіз.
Бала тәрбиелеу — біздің өміріміздегі ең маңызды міндет. Біздің қызметіміз де, өміріміз де бала өмірімен өте тығыз байланысты. Еліміздің жас ұрпақтарын білімді, жан-жақты дамыған, дені сау, рухани бай, жерін, ата-анасын құрметтейтін саналы азамат болып өсуіне жауапкершілік маңызды.