Home » Новости » «Ана мен қыз – ай мен жұлдыз» байқауы

«Ана мен қыз – ай мен жұлдыз» байқауы

Ананың аялы алақаны мен қыз баланың жарқын болашағы – егіз ұғым.
Ана – өмірдің шуағы, отбасының ұйытқысы, ал қыз – сол жылылықтың жалғасы, ұрпақтың ұлағаты. Осындай ізгі мақсатты арқау еткен №57 бөбекжай-балабақшасында «Аналар мектебі» жобасы аясында «Ана мен қыз – ай мен жұлдыз» атты байқау ұйымдастырылды.
Бұл шара – аналар мен қыз балалар арасындағы рухани байланысты нығайту, олардың өнерін шыңдау, шығармашылығын дамыту, ұлттық тәрбие негіздерін насихаттау мақсатында өткізілді. Сайысқа 9 ана мен 9 қыз бала қатысты. Әр жұп сахнаға шығар реттік нөмірін анықтау үшін «Гүл сыйлаймын, себебі…» атты интерактивті әдіске қатысып, жылы лебіздері мен тілектерін білдірді. Осылайша, сайыс қызықты әрі ерекше форматта басталды.
Байқау бірнеше бөлімнен тұрды. Алғашқы кезең – «Таныстыру», онда әр жұп өзін ерекше стильде таныстырып, жұртшылыққа жылы әсер қалдырды. Аналар мен қыздар отбасы құндылықтары мен өзара қарым-қатынасы туралы әсерлі әңгімелер айтып, сахна төрінде жарқырай түсті.


Келесі «Өнер сайысында» қатысушылар ән салып, би билеп, жыр оқып, өз қабілеттерін паш етті. Әр ана мен қызының бойынан дарындылықтың, шығармашылықтың, өнерге деген құштарлықтың жоғары деңгейін байқауға болды.
«Сұрақ-жауап» кезеңінде аналар мен қыздарға түрлі қызықты, танымдық сұрақтар қойылды. Бұл бөлімде олардың тапқырлығы мен ой ұшқырлығы сынға түсті. Қатысушылар халықтық дәстүрлер, отбасы құндылықтары жайлы сауалдарға ойлана жауап беріп, өздерінің парасаттылығын көрсетті.
Ал «Шығармашылық сайысында» аналар мен қыздар бірлесіп сурет салып, қолөнер бұйымдарын жасады. Бұл кезеңде олардың бір-бірін қаншалықты жақсы түсінетіні, өзара үйлесімі ерекше көрініс тапты.
Сайыстың соңғы кезеңі – «Сән көрсету», онда аналар мен қыздар әсем көйлектерін киіп, сән әлеміндегі ерекше образдарын таныстырды. Олар өздерінің талғамы мен нәзіктігін көрсетіп, көрермендерді таңғалдырды.

Әрбір ана мен қыз өз ерекшелігімен көзге түсіп, қазылар алқасы олардың дарыны мен еңбегін жоғары бағалады. Байқау соңында жеңімпаздар түрлі номинациялар бойынша марапатталды:
* «Креативті ана, өнерлі қыз»
* «Мейірімді ана, ақылды қыз»
* «Шебер ана, сәнді қыз»
* «Шығармашыл ана, тапқыр қыз»
* «Ақылды ана, сүйкімді қыз»
* «Көрікті ана, талантты қыз»
* «Аяулы ана, ерке қыз»
* «Ару ана, асыл қыз»
* «Үлгілі ана, қылықты қыз»
Бұл марапаттар – тек атақ қана емес, ана мен қыз арасындағы ерекше байланыстың, шынайы мейірімнің белгісі болды.

Бұл сайыс аналар мен қыздардың арасындағы жылы қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, көрермендерге де үлкен ой салды. Әр ана – қыз баласына өмірлік ұстаз, жүрек жылуын сыйлайтын аяулы жан. Ал қыз бала – сол жылулықты бойына сіңіріп, әдептілігімен, инабаттылығымен, білімімен ата-анасының мақтанышына айналатын болашақ ана.
Осындай игі шаралар арқылы отбасы құндылықтарын дәріптеу, ананың қадірін ұлықтау, қыз баланы ұлттық тәрбие негіздерінде өсіру сынды маңызды мәселелер көтеріледі.
№57 бөбекжай-балабақшасында өткен «Ана мен қыз – ай мен жұлдыз» байқауы – осы мақсаттың жарқын көрінісі болды.
Ұлттың ұлағаты – ананың тәрбиесінде, ал сол тәрбиенің жалғасы – қыздың инабатында. Осындай шаралар аналар мен қыздарды жақындастырып қана қоймай, олардың жүрегіне мейірім мен жылулық ұялатары сөзсіз.

BILIM AINASY
Алматы қаласы
Ақерке Амангелдіқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*