Ана – әлемнің жарығы, мейірім мен жылулықтың символы. Оның жүрек жылуы, баласына деген шексіз махаббаты – өмірдің мәні мен сәні. Осы ұлы сезімді дәріптеу мақсатында 149-бөбекжай-балабақшасында «Ана мейірімі – әлемнің нұры» атты аудандық семинар өтті.
Семинарға Түрксіб ауданының бөбекжай-балабақшаларының педогогтері мен әдістемелік бірлестіктің мүшелері қатысты. Бұл іс-шара тек өнер сайысы ғана емес, аналар мен балалар арасындағы тығыз байланысты нығайтуға, қазақтың салт-дәстүрін насихаттауға бағытталған мерекелік думан болды.
Байқау алты кезеңнен тұрды. Әр кезең қатысушылардың өнері мен шеберлігін, ақыл-парасаты мен тапқырлығын, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігін сынады.
І кезең: «Өзін-өзі таныстыру»
Жарыстың шымылдығы «Өзін-өзі таныстыру» кезеңімен ашылды. Бұл бөлімде аналар мен қыздары өздерін ерекше таныстырып, көрерменге өз отбасының жылулығын сезіндіруге тырысты. Әр отбасы өзіндік мәнерімен ерекшеленіп, көрермендерге жүрекжарды лебіздерін арнады.
ІІ кезең: «Қыздарға әсемдік жарасады»
Қазақ қыздарына тән көркемдіктің бір белгісі – шаш өрімінің әдемілігі. Бұл кезеңде аналар қыздарының шашын шеберлікпен өріп, нәзіктік пен ұқыптылықты көрсетті. Қолдары жылдам қимылдап, түрлі өрім түрлерін жасай отырып, аналар тек шеберліктерін ғана емес, қыздарының бойындағы сұлулықты одан әрі айшықтай түсті.
ІІІ кезең: «Өнерлі өрге жүзер»
Өнер – адам жанының айнасы. Бұл кезеңде аналар мен қыздары ән айтып, би билеп, мәнерлеп өлең оқып, көркемсөзбен көпшілікті тәнті етті. Бірі әуезді әнімен жүректерді елжіретсе, енді бірі мың бұрала билеп, сахнаның көркін аша түсті. Әрбір қойылымда ана мен бала арасындағы сүйіспеншілік пен жылы қарым-қатынас айқын сезілді.
IV кезең: «Сыр-сандық»
Бұл кезеңде қатысушылар қазақ халқының даналығынан сыр шертетін мақал-мәтелдер мен жұмбақтарға жауап беріп, тапқырлықтарын сынға салды. Сонымен қатар, оларға түрлі ситуациялық сұрақтар қойылып, аналар мен қыздары өздерінің ой-өрістерінің кеңдігін көрсетті. Көрермендер бұл кезеңнен ерекше әсер алып, қазақ халқының терең даналығы мен өмірлік ұстанымдарын тағы бір мәрте ұғынды.
V кезең: «Дәм-думан»
Ана – отбасының берекесі, ас үйдің сәні. Бұл кезеңде аналар мен қыздары өз қолдарынан жасалған тағамдарын ұсынды. Ұлттық тағамдардан дәм татып, олардың дайындалу жолдары мен ерекшеліктері туралы әңгіме өрбіді. Қазақтың қонақжайлылығын көрсеткен бұл бөлім көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
VI кезең: «Шебер қолдар» сайысы (құрақ көрпе құрау)
Ана мен қыздың нәзік үйлесімі мен шебер қолдарының ықыласымен құрақ көрпе құралып, әсемдік пен ұқыптылықтың жарасымын көрсетті.
Байқауға қатысушылардың әрқайсысы өз ерекшеліктерімен есте қалды.
«Шағала» тобының тәрбиеленушісі Рақым Айым Абзалқызы мен анасы Жүнісханова Әсел Тлеубердіқызы өнерімен тәнті етті. «Балдырған» тобының тәрбиеленушісі Қарасай Ясина Рысбекқызы мен анасы Бисенғалиева Айнұр Өмірбекқызы сахнада ерекше үйлесімділік көрсетті. «Күншуақ» тобының тәрбиеленушісі Долгих Лера Романовна мен анасы Долгих Юлия Александровна өнерімен көрермендерді қуантты. «Күншуақ» тобының егіздері Нұрғали Айкөркем мен Нұрғали Айжұлдыз аналары Осенова Галина Мамыровнаның қолдауымен тамаша өнер көрсетті.
Әрбір қатысушының өнері мен шеберлігі жоғары бағаланып, әділқазылар әрбір ананы алғыс хаттармен марапаттады. Байқау соңында барлық аналар мен қыздар қошеметке бөленіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
«Ана мейірімі – әлемнің нұры» атты бұл байқау – тек жарыс қана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің, аналар мен балалар арасындағы мейірім мен сүйіспеншілікті нығайтудың тамаша үлгісі болды. Ана мен бала арасындағы жылулыққа толы іс- шара көпшіліктің есінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Ана – әлемнің шуағы, жүрегіміздің жылуы. Олардың қадірін біліп, құрмет көрсету – әрбір перзенттің парызы. Осы байқауда аналар мен балалар арасындағы нәзік сезім, сүйіспеншілік, мейірім шуағы айқын сезілді. Бұл іс-шара алдағы уақытта да жалғасын тауып, аналар мен қыздардың бірлігі мен өнерін паш ететін игі дәстүрге айналсын!
BILIM AINASY
Алматы қаласынан
Ақерке Амангелдіқызы