Балабақшада ата-аналар мен тәрбиешілердің қатысуымен танымдық іс-шара өтті.
№57 бөбекжай-балабақшасында ата-аналар мен тәрбиешілердің бірлескен танымдық іс-шарасы өтті.
Балабақшадағы біртұтас тәрбие жүйесі бала дамуына кешенді түрде ықпал етіп, отбасы мен балабақшаның бірлесе жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Бұл жүйе арқылы баланың тұлғалық қасиеттері, шығармашылық әлеуеті мен әлеуметтік дағдылары қатар дамып, болашаққа сенімді қадам жасауына жағдай жасалады. Осылайша, мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиенің тұтастығы мен үздіксіздігін сақтап, болашақ саналы ұрпақты қалыптастыруға үлес қосады.
Бұл кездесудің мақсаты – ата-аналар мен педагогтердің өзара қарым-қатынасын нығайту, балалардың танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған тиімді әдістерді тәжірибе жүзінде көрсету болды.
Іс-шара шаттық шеңберінен басталып, қатысушылар бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, жағымды көңіл-күй қалыптастырды. Балалар ата-аналарымен бірге әріптермен қызықты ойындар ойнап, сөз құрау, буынға бөлу, әріптерді сәйкестендіру секілді тапсырмаларды орындады. Бұл ойындар арқылы балалардың сөйлеу дағдылары мен ойлау қабілеті дамып, ата-аналар өз балаларының үйренген білімдерін бақылап, олардың жетістіктеріне куә болды.
Сонымен қатар, іс-шара барысында ата-аналар мен тәрбиешілер өзара пікір алмасып, балалардың дамуы мен тәрбиесіне қатысты тәжірибелерімен бөлісті. Әр қатысушы өз ойларын ортаға салып, балалардың білім алудағы белсенділігін арттырудың маңызды тұстарын талқылады.
Кездесу соңында ата-аналар балабақша ұжымына алғыстарын білдіріп, осындай іс-шаралардың жиі ұйымдастырылып тұрғаны құптарлық екенін атап өтті. Бұл басқосу балалар, ата-аналар және тәрбиешілер арасындағы тығыз байланысты нығайтып, мектепке дейінгі білім беруде тиімді әдістерді қолданудың маңыздылығын көрсетті.
Алматы қаласы
Білім Айнасы
Елназ Тұрсынғалиқызы