Алматы қаласы, Бостандық ауданы,
№99 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі:
Жорашова Нарима Мырзановна
Қазақ халқының сан ғасырлық тарихынан сыр шертетін салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, өнері мен мәдениеті – ұлттық құндылықтарымыздың асыл өзегі. Ұлттың ұлы болмысы – оның рухани мұрасында, ал сол мұраны келер ұрпақтың бойына сіңіру – баршамыздың қасиетті парызымыз.
Осы мақсатта балабақшамызда «Ұлттық құндылық – ұлт тәрбиесінің алтын діңгегі» атты тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор іс-шара ұйымдастырылды. Бұл іс-шара арқылы біз бүлдіршіндерімізге қазақтың ұлттық болмысын, салт-дәстүрін, ұлттық ойындары мен тағамдарын таныстырып, олардың бойында ұлттық рух қалыптастыруға күш салдық.
Балалар қазақтың төл ойындарын ойнап, өз өнерлерін көрсетті. Асық атып, арқан тартып, тоғызқұмалақ ойнап, нағыз қазақы ортада тәрбиеленіп жатқанын дәлелдеді. Сонымен қатар, ұлттық тағамдар ұсынылып, балалар қонақтарға қазақтың дәмін таныстырды.
Шараның тағы бір ерекшелігі – ұрпақтар сабақтастығы көрініс тапқан сәттер. Қыз балалар әжелерімен бірге ою-өрнек тігіп, қамшы өруді үйренсе, ұл балалар аталарымен сырласып, салт-дәстүрдің мән-маңызын ұқты. Тәрбиеші қыздарымыз әжелермен бірге көріністер қойып, ұлттық нақыштағы өнерлерімен көзге түсті. Бұл – ұлт рухын ұрпақ бойына сіңірудегі ерекше тәрбиелік жолдың бірі болды.
Іс-шараға ата-аналар, арнайы шақырылған қонақтар қатысып, балабақша қабырғасындағы осындай рухани кештің куәсі болды. Жылы лебіздер мен ризашылық сезімдері шараның маңызын арттыра түсті.
Мен, балабақша меңгерушісі ретінде, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, оны жас ұрпақтың бойына сіңіруге бар күшімді салуға әрқашан дайынмын. Себебі ұлттық құндылық – бұл біздің тамырымыз, тарихымыз, болмысымыз. Ұлттық тәрбие алған бала – еліне адал, отанына шын берілген, рухани бай тұлға болып қалыптасады.
Сондықтан да біз, балабақша ұжымы, ата-аналармен бірлесе отырып, қазақ халқының құнды мұрасын, салт-дәстүрін бүлдіршіндеріміздің жүрегіне жеткізу жолында аянбай еңбек ете бермекпіз. Ұлттық мүддені әрдайым биік ұстай отырып, ұрпақ тәрбиесіне үлес қоса беру – басты мақсатымыз.