Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Тәуелсіздік күні мерекесіне орай №154 бөбекжай-балабақшамызда ата-аналар мен тәрбиеленушілеріміздің қатысумен «Жүзден жүйрік» ұлттық спорттық сайысы өтті.
Бұл сайыстың негізгі мақсаты- балалардың денсаулығын нығайту – дене қимылын дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау. Ұлттық ойындарды, құндылықтарды бала бойына сіңіре отырып, спортқа деген қызығушылықтарын арттыру. Координация мен моториканы дамыту – қозғалыс белсенділігін арттыру арқылы физикалық қабілеттерін жетілдіру. Командалық жұмысқа үйрету – бірлесе әрекет етуге және бір-біріне қолдау көрсетуге баулу. Сайысқа қатысушыларға көтеріңкі көңіл – күй мен батылдық сыйлап, жеңіске деген жігерлерін арттыру мақсатында сайыс таңғы жаттығудан басталды. Сергіту жаттығуларын жасап, дене қыздырып алған ойыншылар сайысқа алғашқы кезеңнен-ақ белсене кірісті.
Әр топ жеңіс мәресіне жету үшін бірнеше кезеңнен тұратын кедергілерге төтеп берді. Олар: теңге алу, жамбы ату, өгіз тартыс, арқан тартыс, асық ату.
Отбасылардың бірге орындайтын спорттық өнерлерін көрсетуде жылдам, ұйымшыл және көңілді екендіктерін көру қандай қуаныш. Жарыс барысында топ мүшелері бағдарламаның барлық кезеңдерінен сүрінбей өтіп, ептіліктері мен спорттық шеберліктерін таныта білді.
Әр кезеңнен кейін әділқазылар алқасы өз бағаларын берді. Сайысқа қатысқан әр отбасы дипломдармен марапатталды.
Тәлімді тәрбие отбасынан бастау алса, дені сау ұрпақ – ұлт болашағы болмақ. Әр отбасында ата-ана – шаңырақтың негізгі іргетасы болып есептелінеді. Сондықтан, бала өмірінде салауатты өмір салтын қалыптастыруда әке мен ананың рөлі орасан зор. Алтын уақыттарыңызды қиып, отбасылық сайысқа қатысқандарыңыз үшін әрбір отбасыға алғысымызды білдіреміз!
Жоғары деңгейде өткен бұл шара көрермендерді қызық пен шаттыққа бөлеп, балалардың спортқа деген ықыласын арттырғандай. Балабақша мен отбасының ынтымағын арттырып, балаларға қуаныш сыйлаған бұл жарыс болашақта өз жалғасын табады.
Абдыкалыкова Майгуль Еркасымовна
№154 бөбекжай-балабақшасының
меңгерушісі