Алматы қаласы Наурызбай ауданы КМҚК “№184 бөбекжай-балабақшасында” ағымдағы жылдың сәуір айында “Жаңа заман баласы – ертеңгі еліміздің болашағы!” атты қалалық тәжірибелік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтар үндескен бұл шара – өскелең ұрпақтың бойына Мәңгілік елдің асыл қасиеттерін дарытуды мақсат етті.
Іс-шараға арнайы шақырылған қадірлі қонақтар қатарында еліміздің мектепке дейінгі білім беру саласында аянбай еңбек етіп, жас ұрпаққа жол ашып, шығармашылық толағай үлестерін қосып, біліммен сусындата жүріп, атқарған ісімен өшпес із қалдырған ұлағатты ұстаздарымыз – ардагерлеріміз болды. Олар: Еденбаева Зауре Дүненбекқызы, Исембаева Ардак Келесқызы, Турганбаева Күлаш Рахановна, Белгибаева Гульнара Айтпайқызы.
Бүгінгі ұрпақ кешегі еңбектің жемісі. Осы ардагер ұстаздардың ерен еңбегі мен адамгершілік ұстанымдары – бүгінгі тәрбие мен білім берудің темірқазығына айналып отыр. Олар – біз үшін өнеге, жол көрсеткен шамшырақ іспетті. Уақыт алмасып, дәуір өзгерсе де, ұстаздың ұлы бейнесі мен тындырымды ісі ұрпақ жадында мәңгілік сақталары сөзсіз. Білімнің бастауында тұрған осы асыл жандардың тәжірибесі мен жүріп өткен жолы – жас мамандарға үлгі, кейінгі буынға тағылым.
Сондай-ақ, іс-шараға әдістемелік орталықтың әдіскері Баймаханбетова Алима Нуржановна, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Кусаинова Салтанат Амангельдиевна, МДҰ бөлімінің бас маманы Бобекбаева Шолпан Нусипжановна және қалалық мемлекеттік балабақшалардың меңгерушілері құрметті меймандар қатарынан табылды. Білім беру ісіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан №45, 57, 100, 172, 186, 193, 194 мемлекеттік балабақша меңгерушілері де бұл шарадан шет қалмады.
Балабақша ұжымы ұйымдастырған бұл игі шарада ұлттық тәрбиенің негізі саналатын отбасылық құндылықтар кеңінен насихатталды. «Аталар мектебі», «Әжелер мектебі», «Аналар мектебі» және «Әкелер мектебі» – бұл бастамалар ұрпақ сабақтастығын жалғап, ата-аналар мен балабақша арасындағы алтын көпірді нығайтудың жарқын көрінісіне айналды. Ақ сақалды аталарымыздың ақ батасы, ақ жаулықты әжелеріміздің ізгі тілегі – шараның рухани шырайын аша түсті.
Шара барысында балалардың, ата-аналар мен тәрбиешілердің қатысуымен түрлі ұлттық салт-дәстүрлер көрініс тапты. Әрбір көрініс, әрбір қойылым, әрбір шеберлік кезеңі – қазақтың болмысын, тұрмыс-тіршілігін, өнері мен мәдениетін айшықтап тұрды.
Мәдени бағдарлама мазмұнға бай әрі мағыналы болды:
* «Күбі жасау» атты шеберлік сабағында балалар күбіден қымыз пісу әдісін көріп, ата-баба мұрасымен танысты;
* Балабақшамыздың тәрбиеленушілері ұсынған «Аспаптар оркестрі» ұлттық әуендерді жаңғыртып, көпшіліктің көңілінен шықты;
* Жүн түту, ұршық иіру, көрпеше тігу сынды шеберлік сағаттары арқылы ата-бабаларымыздың күнделікті өмір салты сахналанды;
* Балалар шырқаған “Әжемнің шайы” әні мен «Бешбармақ» көрінісі көрермендерді ескі ауыл тіршілігіне саяхаттатқандай әсер қалдырды;
* Аналар ұйымдастырған «Шаш өру», «Шолпы және шашбау тағу» секілді мастер-класстар – қазақ қыздарының сұлулығын, ұлттық сән үлгісін көрсетті;
* “Көк тудың желбірегені” атты патриоттық көрініс – елге, жерге деген сүйіспеншілікті ұрпақ бойына сіңірудің жарқын мысалы болды.
Шара соңында ардагер ұстаздар мен барлық қатысушылар жылы лебіздерін білдіріп, №184 бөбекжай-балабақшасының ұйымдастырушылық шеберлігіне, ұжымның ізденісіне, бала тәрбиесіне деген шынайы ықыласына ризашылықтарын жеткізді.
“Жаңа заман баласы – ертеңгі еліміздің болашағы!” деген ұранмен өткен бұл іс-шара – мектепке дейінгі білім беру саласында ұлттық тәрбиенің лайықты жолға қойылып келе жатқанын тағы бір дәлелдеді. Қазақы рухты дәріптеген, ата дәстүрді ардақтаған, ұрпақтың бойына ізгілік пен адамгершілікті дарытқан бұл жиын – ел ертеңіне деген сенімімізді нығайтты.
Ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесінде. Ал ұрпақ тәрбиесі – осындай жүрегі жылы, ниеті таза, кәсіби әрі ұлтжанды жандардың қолында болса, еліміздің ертеңі жарқын боларына сенім мол!