Қазіргі заманның күрделі мәселелерінің бірі — экологиялық дағдарыс және оны шешудің жолдары. Бұл бағытта ерекше көзге түсіп, өз тәжірибесімен үлгі болып отырған оқу орнының бірі —Астана қаласы Білім басқармасына қарасты №59 мектеп-лицейі. Бұл білім ордасы, энергия үнемдеу саласында айтарлықтай жетістіктерге жетіп, еліміздегі ең энергиясын аз өндіруші білім ошағы ретінде танылды.
№59 мектеп-лицейі өз жұмысында энергия үнемдеудің тиімді әдістерін енгізіп, оқу орнындағы барлық энергетикалық ресурстарды үнемді пайдалануды мақсат тұтты. Мектептің осы саладағы жетістіктері «Орта Азияда тұрақты энергетикалық байланыстар (SECCA)» жобасы аясында жүргізілген зерттеулер нәтижесінде айқындалып, бүгінде мектеп еліміздің ең энергия үнемдейтін оқу орны ретінде танылып отыр.
Мектептің жетекшілері мен ұжымының үлкен еңбегінің арқасында оқу орны электр энергиясын үнемдеу бойынша бірнеше маңызды шараларды іске асырды. Мектеп ғимаратына заманауи энергия тиімді құрылғылар орнатылып, жарықтандыру жүйесі энергия үнемдейтін лампалармен ауыстырылды. Сонымен қатар, мектепте баламалы энергия көздерін — күн және жел энергиясын пайдалану жоспарлары жүзеге асырылуда. Бұл шаралар оқу ордасының жалпы энергия тұтынуын азайтып, экологиялық тазалықты сақтауға мүмкіндік береді. Одан бөлек, мұнда энергия үнемдеу тақырыбы оқушылар мен мұғалімдер үшін күнделікті сабақтарға ендірілген. Энергия үнемдеудің әрбір аспектісі оқыту процесіне енгізіліп, жас ұрпақты экологиялық біліммен қаруландыру маңызды міндеттердің бірі ретінде анықталды. Мұның өзі, балаларды энергияны үнемдеуге және экологиялық жауапкершілікті сезінуге баулиды.
Осы тұста, мектептің жетістіктері мен білім саласындағы жаңа бастамалары 2024 жылдың 19 қарашасында атап өтілген 17 жылдық мерейтойында айқын көрінді. Білім ордасы 17 жыл ішінде қол жеткізген табыстарының бірі — энергия үнемдеу бойынша жүргізілген жүйелі жұмыстар мен ғылыми-зерттеу жұмыстары. Бұл іс-шаралар нәтижесінде мектеп энергетикалық тиімділік саласында көптеген елдерге үлгі бола алатын тәжірибе жинақтады.
№59 мектеп-лицейінің жетістіктері тек ішкі ресурстармен шектелмейді. Мектеп халықаралық деңгейде серіктестермен тығыз жұмыс істеп, олардың қолдауымен көптеген жобаларды жүзеге асыруда. 2024 жылдың 7 қарашасында өткен VI Халықаралық энергия үнемдеу форумына мектептің басшысы Гүлжазира Сұлтанова энергия тиімділігі бойынша атқарған жұмыстарының арқасында, басқа білім беру мекемелеріне үлгі ретінде қатысты.
Бұл форумда Шығыс серіктестік және Орталық Азия FELICITY II бағдарламасы, сондай-ақ Германияның Экономика және климатты қорғау федералды министрлігі (BMWK) мен халықаралық климаттық бастама (IKI) ұйымдары да қаржылай және консультациялық тұрғыдан қолдау көрсетті.
“ Қазіргі таңда мектебіміз өз жетістіктерін одан әрі арттыруды көздеп отыр. Алдағы уақытта оқу орасында энергия тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа жобалар жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, мектепте баламалы энергия көздерін кеңінен пайдалану, энергия үнемдеуші технологияларды жаңарту және экологиялық білім беру жүйесін жетілдіру жоспарлануда.” – дейді, мектеп басшысы Гулжазира Алимханқызы.
Мектеп басшылығы болашақта оқу орнын толықтай жаңартылған энергия көздерімен жабдықтап, оқушыларға энергия үнемдеу мен экология тақырыптары бойынша терең білім беруді көздеуде. Осылайша, №59 мектеп-лицейі тек қана білім беру саласында емес, сонымен қатар экологиялық жауапкершілікті арттыруда да айтарлықтай жетістіктерге жетуді жоспарлап отыр.
№59 мектеп-лицейі өз жұмысында экология саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Бұл мектептің табыстары халықаралық деңгейде мойындалып, энергия үнемдеу мәселесіне қатысты жаһандық деңгейдегі ынтымақтастыққа жаңа серпін беруде. Мектептің білім беру процесі мен инфрақұрылымындағы өзгерістер мен жаңалықтар Қазақстанның білім беру саласында жаңа дәуірдің басталуына жол ашатыны сөзсіз. Әрбір мекеме, әрбір мектеп осындай үлгілерді қабылдап, энергия үнемдеу мен тұрақты даму бағытына бет бұрса, бұл әлемнің болашағына оң ықпал етеді.
BILIM AINASY
Астана
Әсел Ерболқызы