Отанның отбасынан бастау алып, көрікті мемлекеттің айқын көрінісін көрсететін отбасы құндылықтарын жаңғыртып, жандандыратын кез келді.
«Тәрбие басы — тал бесік»,- деп тәрбиеге аса мән берген қазақ — білімді, бекзат халық. Олай дейтінім, біздің аталарымыз бен әжелеріміздің, әкелеріміз бен аналарымыздың тәлімі мен тәрбиесі, өнегесі мен өсиетінің өскелең ұрпақтың «ТӘРТІПТІ» болып өсуіне ықпалының зор екені сөзсіз.
Қазағымның қайта оралған салты мен дәстүрі, киім үлгісі, қазақы дәмнің мәйегі болған ас мәзірі мен шаруашылықта қолданған малды күтіп, баптау сияқты әдіс — тәсілдерінің пайдасы шаш етектен.
Бала тәрбиесін жіті бақылап, басты назарда ұстаған аталарымыздың аңыз-әңгімелері мен әжелеріміздің әлдиінің сыры да тереңде…
Өшкенді тұтатып, өткенді еске салған Алматы қаласы Әуезов ауданына қарасты КМҚК «№ 53 бөбекжай –балабақшасы» бүгін, «Отбасы құндылықтары» атты тәрбие сағатын өткізді. Тәрбие сағатын өткізуді жоспарлап, жүзеге асырған балабақша меңгерушісі: Ермекбаева Айгерім Абызқызы.
Әдіскер: Малюкова Наталья Васильевна
Қазақ тілі мұғалімдері: Жақсыбаева Айгүл Амангелдіқызы мен Ержанова Сәрсен Мырзалиқызы және «Құлыншақ» ересектер тобының тәрбиешісі: Масимова Валентина Владимировна өз үлестерін қосты.
Қазақы дастархан жайылып үстел үстіне бауырсақ, тары-талқан, жент, құрт, ірімшік, шұбат қойылды. Сонау Қызылордадан қонаққа келген әжелер бұрынғы-соңғының жолы ғой,- деп балабақша бүлдіршіндеріне шашу шашып кірді, кәмпит теріп таласқан бөбектердің қуанышында шек жоқ…
Дастархан басына жайғасқан ақ жаулықты аналар құртпен ірімшіктің, тары мен талқанның жасалу жолын бүлдіршін қыздарға айтып, көрсетті. Сүттен жасалатын құрт пен ірімшіктің жасалу жолы екі түрлі: сүтті ұйытып, сүзіп, сары суынан сорғытқаннан кейінгі шыққан қатықтан құртты жайып сықпа құрттан балаларға ауыз тигізді. Ірімшіктің жасалу жолы тіпті ерекше, сүтке мәйек салып, қазанға баппен қайнатып отырып жасалатын тәтті қоңыр-сары түсті астың дәмі тіл үйіреді. — Біздің бала күнімізде әжелеріміз мұндай астың түр-түрін жасайтын,- деп қонаққа келген әжелеріміз әңгімесін жалғастырды.
Бидайды шаңын ұшырып, жуып, тазалап, ыстық, құрғақ қазанға қуырып алған соң, ағаштан ортасы үңгіп жасалған келіге салып, оны ұзын жұмырлап жасалған, ұстауға ыңғайлы келсап ағашпен түйіп уатып жасайтынын жеткізді. Ал тарыны тазалап, жуып, кептіріп қызған қазанға қуырғаннан кейін, қол диірменнің астына жарғақ салып, уыстап тарыны төбесіндегі тесігінен салып отырып, үстіндегі тасты ақырын айналдыра бастағанда екі тастың ортасына түскен қуырылған тары үгітіліп жарғаққа түседі,- деп әжелер қыздарға көрсетіп, дайын тарыны майға араластырып жент жасап берді. Аяулы ана қызғалдақтарға бауырсақты қалай ашытып пісіру керегін баяндады, балаларға ыстық бауырсақ пен түйенің сүтінен жасалған шұбат сусынын ішкізіп мәре-сәре болдық.
Ал, ер балаларға асықпен хан талапай ойнатқан ақсақалдан батырлар, ойынның шартын үйренді. Ойылған оюдың қисынын тауып құрастыруды үйреткен атаның балаша мәз болғанына сүйсіндік.
«Әке көрген — оқ жонар»,- демекші ер балаларға қойды қырқудың қыр-сырын түсіндірген әкейдің бейнесі де сонау бір заманның қырықтығына тап болғандай әсер қалдырды. Ерте көктемде шыбын-шіркей шықпай тұрып қойды жылына бір рет қырқады, қойды қырқар алдында 12/14 сағат бойы азықтандырмайды,- деп әкей балаларға өзінің білген-түйгенін үйретті.
Қазақы салт-дәстүр мен тәлім-тәрбиені, титтей күнінен көріп, естіп өскен баланың есінде қалары анық, өйткені бала көргенін жасайды. Сондықтан да болар қазақта, «КӨРГЕНДІ ЖЕРДІҢ БАЛАСЫ ЕКЕН»,- деген сөз кеңінен тараған. Ұрпағымыз өнегелі, көргенді болсын десек ұлттық тәрбиеге ұмтылайық.
«Бала бақсаң- бабын тап»,- демекші ашық сабақты сондай ыждақаттылықпен ұйымдастырған балабақша қызметкерлерінің еңбегі жеміспен жеңіске толы болса екен деген тілекпен қайттым.
BILIM AINASY
Назира Сұлтанмұратқызы
Алматы қаласы