“ҰСТАЗ ПЛАТФОРМАСЫ” Енді ұстаз құжаты жинақталып бір жерде тұратын болды. Ол жөнінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Әдістемелік сүйемелдеу департаментінің директоры: Вильданова Сәуле Аифовнамен сұқбатастым.
— Сәуле Аифовна ұстаз платформасы деген не?
— Білім сапасы педагогердің кәсіби өсуімен тығыз байланысты. Атестаттау олардың біліктілік деңгейін бағалаудың негізгі механизмі болып табылады және олардың кәсіби өсуін ынталандыруда маңызды рөл атқарады. Кәсіби өсу мен аттестаттау арасындағы өзара байланыс үздіксіз кәсіби даму циклін қалыптастырады.
Педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуының ақпараттық жүйесін әзірлеу Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 29 наурызда VIII сайланған Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында педагогтердің аттестаттаудан өткізу рәсімін жетілдіру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында ҚР Оқу-ағарту министрлігімен бастамашылық жасады.
Сенімді әдістемелерді қолдана отырып, аттестаттау процесін автоматтандыру оны мақсатты етеді және бағалаудың негізгі қағидаттарын – валидтілікті, сенімділікті және объективтілікті сақтауды қамтамасыз етеді.
Аттестаттаудың негізгі мақсаты – педагогтердің кәсіби дамуының үздіксіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатқа толық қол жеткізу үшін аттестациялау ережелеріне енгізілетін өзгерістер жобасы аясында педагогтардың кәсіби деңгейі туралы мәліметтер негізінде объективті бағалауды қамтамасыз ететін ұлттық үздіксіз кәсіби даму платформасын енгізу ұсынылады.
«Ұстаз» платформасында педагогтердің жеке кабинеттері құрылады, жыл сайын сабақтарды бақылау нәтижелері, білім сапасы мен жетістіктері, сондай-ақ кәсіби қоғамдастықтағы белсенділік туралы ақпарат беру арқылы педагог қызметінің жүйелі мониторингін қамтамасыз етіледі. Платформа педагогтердің материалдарын жинауды және сақтауды, әртүрлі көздерден алынған мәліметтерді (мысалы, ҰБДҚ) біріктіруді қамтамасыз етеді, осылайша дамудың жеке кәсіби траекториясын қалыптастырады. Әр педагог өз қызметін талдауға, өзгерістерді жоспарлауға және тәжірибені жақсартуға мүмкіндік алады.
– Ол кімнің меншігіндегі портал, және болашақта бұл парталдың техникалық жұмыстарын кімдер қамтамасыз етеді?
— «Ұстаз» платформасы мемлекетке тиесілі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы педагогтерді аттестаттаудан өткізу ережелері мен шарттарына сәйкес әзірледі.
«Ұстаз» платформасын техникалық іске асыру талаптарға бейімделу үшін қажетті икемділікті қамтамасыз ететін заманауи open-source технологияларын қолдануға негізделген. Бұл технологиялар сонымен қатар платформаның функционалдығын кеңейтуге және оны басқа жүйелермен және мәліметтер базасымен біріктіруге мүмкіндік беретін ауқымдылықты қолдайды. Сонымен қатар, open-source пайдалану қауіпсіздікті үнемі жаңартып отыру және жақсарту арқылы жоғары сенімділікті қамтамасыз етеді.
«Ұстаз» платформасының техникалық қолдауын «Өрлеу» акционерлік қоғамы жүзеге асырады, бұл мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етіп, педагогтердің сұраныстарына тиімді жауап беруге және деректердің құпиялылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, платформаның құрылымы оны одан әрі жетілдіруге, білім беру ақпараттық жүйелерімен интеграциялауға, сондай-ақ деректерді жинау мен талдауға арналған құралдарды енгізуге мүмкіндігі көзделеді.
— Ұстаз платформасы ресми жұмысын қашаннан бастауды жоспарлап отыр?
— 2024 жылдың маусым айында ҚР Оқу-ағарту министрлігі және ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірлескен бұйрығы негізінде «Ұстаз» платформасы арқылы педагогтерді аттестаттаудан өткізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Жобаны пилоттық жүзеге асыру Қарағанды облысында өтті және мектепке дейінгі, орта, қосымша, арнайы, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері, сондай-ақ интернат мекемелерінің педагогтері мен әдістемелік кабинеттердің әдіскерлері қамтылды.
Платформаны апробация нәтижесі бойынша сауалнама жүргізілді, оған педагогтер мен аттестаттау комиссияларының мүшелері арасынан 4 мыңға жуық респондент қатысты. Педагогтер платформа арқылы аттестаттауды өткізудің маңызды артықшылықтарын атап өтті, мысалы, материалдарды басып шығару қажеттілігінің болмауы және уақытты үнемдеу, сондай-ақ сабақтарды белгіленген критерийлер бойынша сабақты бақылау және уақтылы кері байланыс алу мүмкіндігі.
2025 жылдың қаңтар айынан бастап «Ұстаз» платформасында «педагог-модератор» және «педагог-сарапшы» біліктілік санаттарынан бастап бүкіл елдің педагогтерін аттестаттауды кезең-кезеңімен өткізу жоспарлануда.
— Өздеріңіз айтып отырған «Ұстаз платформасы» тек ұстаздарға қол жетімді бола ма, мұғалімнің жетістігін ата-ана да бақылай алауы мүмкін бе? Нақтырақ айтқанда тағы кімдерге қол жетімді?
— «Ұстаз» платформасы педагогтердің кәсіби қызметіне мониторинг жүргізуге және аттестаттаудан өтуге арналған, сондықтан жеке кабинетке кіру тек педагогтерге беріледі. Портфолио материалдарын бағалау үшін білім беруді басқару органдарының, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері кіретін аттестаттау комиссиясына уақытша қолжетімділік беріледі.
Бұл ретте педагогтерді еркін қолжетімділікте қолдау үшін әдістемелік және нұсқаулық материалдар, аналитикалық деректер орналастырылатын платформаның мүмкіндіктерін кеңейту жоспарлануда.
— Ұстаздар платформаға құжаттарын қалай жүктейді, арнайы тетіктер бар ма, әлде құжаттарының атауын өздері енгізе ме?
— «Ұстаз» платформасы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық білім сапасын бағалау және зерттеу орталығы, «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы және Ұлттық тестілеу орталығының жұмыс істеп тұрған ақпараттық жүйелерімен интеграцияланады, бұл педагогтер туралы өзекті ақпаратты автоматты түрде жинауға мүмкіндік береді.
Әдістемелік және зерттеу қызметінің дәлелі немесе педагогтердің тәжірибесін жалпылау және тарату сияқты бүгінгі күнге дейін цифрланбаған деректер үшін қолмен енгізу функциясы қарастырылған. Құжаттар санаттар бойынша құрылымдалған интуитивті қосымша беттер арқылы жүктеледі (мысалы, дипломдар, жарияланымдар, конкурстарға қатысу). Әр құжат үшін нақты талаптар мен сипаттама бар, бұл жүктеу процесін жеңілдетеді.
Жүктеу процесін оңтайландыру, қателерді азайту, сондай-ақ жарамсыз деректерді енгізу мүмкіндігін болдырмау мақсатында педагогтердің материалдарын білім беру ұйымдарының жауапты тұлғалары жүктейді. Бұл ретте әрбір педагогтің жеке кабинетте автоматты түрде енгізілген және жиналған деректердің толықтығы мен дұрыстығын тексере алады.
— Тәрбиешілер мен әдіскерлердің, ұстаздардың қолдау тәсілі бірдей ме, әлде талаптар әр түрлі ме?
2024 жылғы сәуір айында педагогтерді аттестаттау ережелеріне енгізілген негізгі өзгерістер олардың педагогикалық қызметінің ерекшелігін ескере отырып, әртүрлі білім беру ұйымдарының педагогтерінің материалдарына қатысты болды. Мысалы, арнайы ұйымдардың педагогтарының сабақтарын бақылау парақтары, мектепке дейінгі ұйымдардың ұйымдасқан қызметін бақылау парақтары енгізілді, сондай-ақ әдіскерлердің, басшылардың және педагогтардың материалдарына қойылатын талаптар сараланды.
Сонымен қатар, «Өрлеу» бұл құралдарды «Ұстаз» платформасында апробациядан өткізуді ұйымдастырды. Айта кету керек, педагогтар сабақтарды, ұйымдастырылған қызметті немесе іс-шараларды бақылау критерийлерінің нақты әрі түсінікті екенін атап өтті. Апробация барысында педагогтердің айтқан барлық ұсыныстары платформаның функционалын жетілдіру кезінде ескерілді.
— Бұл платформаға қолданушылар тарапынан толықтырулар ұсыныса, қабылдайсыздар ма?
— Мұндай жүйелерді іске қосу кезінде олардың үнемі дамуы – табиғи процесс, сондықтан «Өрлеу» платформаның функционалдығы мен бейімделуін жақсарту мақсатында педагогтердің ұсыныстарын қабылдауға әрдайым ашық. Еліміздің әр өңірінде аттестаттау процесі бойынша кеңес беретін және сұрақтарға жауап беретін арнайы «Өрлеу» жұмыс топтары жұмыс істейді.
«Ұстаз» платформасында «Техникалық қолдау» модулі қарастырылған. Осы модуль арқылы пайдаланушылар өз сұрауларын жібере алады, олардың өңделу күйін бақылай алады және жауаптар ала алады. Сондай-ақ, осы құрал арқылы платформаның функционалдығын жақсарту және дамыту бойынша ұсыныстар қабылданады. Сонымен қатар, педагогтердің жедел байланысы үшін мессенджерлерде чаттар құрылды.
Болашақта техникалық қолдау қызметінің жұмысын одан әрі жақсарту және тұтастай алғанда платформа функционалын кеңейту және дамыту үшін жасанды интеллект элементтерін енгізу жоспарлануда.
— Уақытыңызды бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін сізге рақмет!
Астана
“БІЛІМ АЙНАСЫ”
Қуантай Амантайұлы