Алматы қаласы, Алмалы ауданы
«№188 бөбекжай–балабақшасы»
«Кітап арқылы баланың қиялы оянып, тілі дамиды. Біз осы жобамен олардың бойында рухани құндылықтарға деген құрметті қалыптастырамыз»
23 сәуір күні «Ұлттық кітап күні» қарсаңында «№188 бөбекжай–балабақшасы» қабырғасында ерекше әрі мазмұнды іс-шара өтті. Бұл – «Кітап – білім бұлағы» жобасы аясында ұйымдастырылған семинар. Жобаның басты мақсаты – мектеп жасына дейінгі балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, олардың көркем әдебиетке деген сүйіспеншілігін ояту, шығармашылық қабілеттерін дамыту болып табылады.
Семинарды балабақша меңгерушісі Трусбаева Гулсим Сакенқызы құттықтау сөзімен ашып, жобаның мақсаты мен жүзеге асырылу барысымен таныстырды.
Балабақша тәрбиешілері мен педагогтері жоба аясында балалармен өткізілген оқу іс-әрекеттері, көркем әдебиетпен жұмыс, ертегі оқу сағаттары мен шығармашылық жұмыстарын ұсынып, тәжірибе алмасу алаңын қалыптастырды.
«Кітап – білім бұлағы» жобасы – тек балалар үшін ғана емес, тәрбиешілердің кәсіби шеберлігін шыңдауға, ата-аналармен бірлескен жұмысты жолға қоюға мүмкіндік берген бастама. Жоба барысында балалар кітапты қызыға парақтап қана қоймай, өз ойларын еркін жеткізіп, «Жеті қарақшы» ертегі желісінде сахналық қойылымдарға қатысып, көркем сөйлеуге талпыныс жасағаны байқалды.
Семинар соңында қатысушылар жобаның маңыздылығын атап өтіп, кітап арқылы балалардың танымдық және сөйлеу дағдыларын дамытудың жолдарын кеңінен талқылады. «№188 бөбекжай–балабақшасының» бұл бастамасы – ерте жастан әдебиетке жақын ұрпақ тәрбиелеудің жарқын үлгісі.