Халқымыз үшін қасиетті де қадірлі мейрам – Наурыз мерекесі жыл сайын кең көлемде аталып өтеді. Бұл мерекенің маңызы – жаңа жылдың, жаңа өмірдің, табиғаттың жаңаруын білдіруінде. Осындай игі дәстүрді жалғастыра отырып, Алматы қаласы, Түрксіб ауданы №149 бөбекжай-балабақшасында да Наурыз мейрамы ерекше сән-салтанатпен тойланды.
Балабақша ұлттық нақышта безендірілді. Кішкентай тәрбиеленушілер ұлттық киімдерін киіп, мерекенің ажарын аша түсті. Балабақша ұжымы мен ата-аналар бұл шараға белсенді қатысып, ұлттық дәстүрлерді ұлықтауға өз үлестерін қосты.
Наурыз тойы қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын дәріптеуге бағытталды. Іс-шара барысында тәрбиеленушілер әсем әндер шырқап, мың бұрала би биледі. Кішкентай өнерпаздардың орындауындағы халық әндері көрермендердің көңілінен шықты. Сонымен қатар балалар қазақтың «Қара жорға» биін билеп, өз өнерлерін ортаға салды. Балабақша тәрбиеленушілері мен тәрбиешілердің дайындаған көріністері де ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар ата-аналармен бірге ұлттық ойындар ұйымдастырылды.
Наурыз мерекесінің басты ерекшеліктерінің бірі – ұлттық ойындардың ойнатылуы. Балалар үшін «Асық ату», «Теңге ілу», «Арқан тартыс» сияқты ойындар ұйымдастырылды. Бұл ойындар балалардың ептілігін, шапшаңдығын, төзімділігін шыңдап қана қоймай, олардың ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігін арттыра түсті.
«Қол күрес», «Білектесу» сияқты сайыстар ер балалар арасында үлкен қызығушылық тудырса, қыз балалар үшін «Бесікке салу», «Тұсаукесер» сияқты дәстүрлер көрсетілді. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың бойына қазақ халқының рухани мұрасын сіңіруге зор ықпал етеді.
Балабақша ұжымы бұл іс- шараны тәрбиелік мәні зор мереке ретінде ұйымдастырып, балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге ерекше мән берді.
№149 бөбекжай-балабақшасында өткен Наурыз мерекесі балалар үшін танымдық әрі қызықты іс-шара болды. Балабақша ұжымының ұйымдастыруымен өткізілген бұл мереке ұлттық мәдениеттің ұлықталуына, балалардың салт-дәстүрлерді терең түсінуіне ықпал етті. Мұндай шаралар өскелең ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды сіңіріп, ұлттық тәрбие беруде үлкен рөл атқарады.
Наурыз – тек көктемнің ғана емес, татулық пен бірліктің, мейірімділік пен ізгіліктің мейрамы. Бұл мереке әр шаңыраққа шаттық, молшылық, береке әкелсін!
BILIM AINASY
Алматы қаласынан
Ақерке Амангелдіқызы