Home » Детский сад » Ұрпақ – ұлттық ойынмен шыңдалады

Ұрпақ – ұлттық ойынмен шыңдалады

«Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» дейді дана халқымыз. Ойын арқылы бала табиғатынан дарыған қабілеттерін шыңдап, ептілікке, мергендікке, төзімділікке тәрбиеленеді. Әсіресе, ұлттық ойындар ұрпақтың бойына ата-баба рухын сіңіріп, олардың намысты, батыл, жігерлі болып өсуіне ықпал етеді. Осы мақсатта Алматы қаласы, Медеу ауданына қарасты №109 бөбекжай-балабақшасында 2025 жылдың 20 наурызында «AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында, Алматы қаласы Білім басқармасы, Медеу ауданы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту білім бөлімі мен Алматы қаласының мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың ресурстық орталығының «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде, «Әкелер мектебі» жобасы аясында ерекше іс-шара ұйымдастырылды.
«Ұрпақ – ұлттық ойынмен шыңдалады» атты отбасылық ұлттық ойындар жарысына балабақша тәрбиеленушілері мен олардың әкелері қатысып, өзара бақ сынасты. Ұлттық ойындарды жаңғырту, оларды бүгінгі жас ұрпаққа таныстыру, сондай-ақ әкелердің бала тәрбиесіне белсенді қатысуын арттыру мақсатында ұйымдастырылған бұл жарыс нағыз мерекелік сипатқа ие болды.

Жарыстың ашылу салтанатында №109 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі О.М.Курмамбаева сөз алып, отбасы мен балабақшаның ынтымақтаса жұмыс істеуінің бала тәрбиесіндегі рөлін атап өтті:
«Отбасының да, балабақшаның да мақсат-мүддесі біреу – ол бала тәрбиесі. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, отбасы мен балабақша ынтымақтаса жұмыс істесе, елінің, халқының дәстүрін сыйлайтын, ұлтжанды, білімді жеткіншек өседі. Бүгінгі жарысқа белсене атсалысып, балаларыңызбен бірге келулеріңіз соның айғағы» – деді ол.
Жарыстың әділдігін қамтамасыз ету үшін арнайы қазылар алқасы шақырылды. Олар:
1. Тасшабай Ахмет Болатұлы – «AMANAT» партиясы Медеу аудандық филиалының кеңесшісі
2. Омарова Алия Рысбековна – Медеу ауданы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту білім бөлімінің маманы
3. Бексултанова Гульнар Әскербековна – №106 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі
4. Сыбанова Женискүл Батыровна – №114 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі
Қазылар алқасы әр ойыннан кейін әділ бағаларын беріп, жарыстың әділ өтуін қадағалап отырды.

Сайысқа «Тұлпар» қазақ мектепке даярлық тобы мен «Алтын Бүркіт» орыс мектепке даярлық тобыныңәкелері мен балалары қатысты. Олардың командалық рухы, ұйымшылдығы мен жылдамдығы сынға түсті. Жарыс төмендегідей кезеңдерден тұрды:

1. Топтың аты мен ұраны
Әр команда өздеріне ерекше ұран ойлап тауып, жігерлі дауыспен ұрандатып, жарысты бастап кетті.
2. «Асық ату» жарысы
Бұл сайыста әкелер мен балалардың мергендігі сыналды. Асықты дәл тигізгендерге ерекше қошемет көрсетілді.
3. «Қой көтеру» жарысы
Балалар бел күшін сынап, қой мүсінін көтеріп, жарыстың қыза түсуіне ықпал етті.
4. «Бұқа тартыс» жарысы
Қатысушылардың білек күштері сынға түсті. Әкелер өз балаларына қолдау көрсетіп, жігерлендіріп отырды.
5. «Арқан тартыс» жарысы
Бұл сайыста топтық бірлік пен мықтылықтың маңызы айқын көрінді. Бір-біріне сүйеу болған әкелер мен балалар өздерінің нағыз батыл рухты азаматтар екенін дәлелдеді.
6. «Садақ ату» жарысы
Әкелер мен балалар садақ атып, көз мергендігін сынады. Әр нысанаға тиген жебе – үлкен қуанышқа бөледі.


Сайыс арасында қатысушылар үшін балабақша тәрбиеленушілерінің ән-шашуы ұсынылып, көрермендерді бір серпілтіп тастады. «Наурыз» би тобының ұлттық нақыштағы биі көрермендерді ерекше тамсандырды.

Жарыстың қорытындысында қазылар алқасы әр команданың жетістіктерін сараптап, үздіктерді марапаттады. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер өз жетістіктеріне қуанып, болашақта да ұлттық спортқа деген қызығушылықтарын арттыра түсетіндерін айтты.
Бұл жарыс балғындар үшін тек қызықты ойын ғана емес, үлкен тәрбиелік маңызы бар іс-шара болды. Балалар ұлттық ойындар арқылы батылдық, мергендік, шапшаңдық сияқты қасиеттерді бойларына сіңіріп, әкелерімен тығыз байланыс орнатты.


«Ұлттық ойын – ұлт рухы» десек, бұл шара соның жарқын дәлелі болды. №109 бөбекжай-балабақшасындаөткен «Ұрпақ – ұлттық ойынмен шыңдалады» атты отбасылық ұлттық ойындар жарысы балалар мен ата-аналарға мерекелік көңіл-күй сыйлап, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге үлкен үлес қосты.
Қонақтар мен ата-аналар мұндай іс-шаралардың жиі өткізіліп тұруының маңыздылығын атап өтіп, алғыстарын білдірді. Келешекте де ұлттық ойындар ұлықталып, жас ұрпаққа аманат болып қала бермек!

BILIM AINASY
Алматы қаласы
Ақерке Амангелдіқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*