Минамутдинова Несібелі Махмутқызы
Алматы қаласы Алмалы ауданы
КМҚК «№74 бөбекжай-балабақшасы»
қазақ тілі педагогы
Қазіргі таңда мектепке дейінгі ұйымдарда баланың жеке тұлға ретінде дамуы, оның тілдік дағдыларының қалыптасуы үлкен мәнге ие болып отыр. Осы орайда «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында Алматы қаласы Білім басқармасының КМҚК №74 бөбекжай-балабақшасында «Қош келдіңіздер! Қазақ тілі әлеміне» атты балабақша бүлдіршіндері мен ата-аналары арасында іс-шара өтті.
Іс-шараға өзге ұлт өкілдерінен құралған мектепалды топтарының тәрбиеленушілері мен ата-аналары қатысты. Сайыс түрінде өткен іс-шарада қатысушылар үш кезең бойынша бақ сынасты. Атап айтсақ, қазақ тілінде сәлемдесу, ұлттық құндылықтарға негізделген тіл дамыту ойындары, қазақ тілінде викториналар болды. Сайыс барысында ата-аналар балаларымен бірге қазақ тіліндегі ұлттық ойындарды ойнап, қазақтың ұлттық әшекей бұйымы «шекелік» жасаудан шеберліктерін көрсетті.
Сайыс қорытындысы бойынша жүзден жүйрік шыққан қатысушыларымыз мақтау қағазы мен естелік сыйлықтармен марапатталды.
Қорытынды сөзді балабақша меңгерушісі Г.К.Салимханова: «Бала тәрбиесі — баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның да, мақсат- мүддесі біреу, ол — болашақ ұрпақ тәрбиесі. Алдымыздағы әрбір бүлдіршін еліміздің ертеңгі болашағы. Болашақтың нұрлы болуына қазірден еңбек етуіміз керек» деп аяқтады.
Қорыта айтқанда балалардың қазақ тіліндегі дыбыстарды анық айтып, дұрыс сөйлей білуге балабақшада берілер тәрбиенің ықпалы зор. Мұндай іс – шаралар балалардың тілін дамытуға ғана емес, сонымен қатар отбасы мен балабақша арасында тығыз байланыс орнатуға да септігін тигізеді. Әр ата-ана мен баланың тіл әлеміне деген қызығушылығы артқан сайын, қазақ тілінің мәртебесі биіктеп, оның болашағы жарқын болатыны сөзсіз.