Алматы қаласы Білім басқармасының
“№182 бөбекжай-балабақшасы» КМҚК
Рысбекова Акмарал Ертаевна
Асық — тәрбие және терапия
Еліміздің заманауи білім кеңістігіне бет бұруы ұлттық педагогикада, оның ішінде мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуда уақыт талабына сай өзгерістер енгізуді қажет етеді.
Мектепке дейінгі кезеңнен бастап ұлттық тәрбиені қалыптастыру, баланың физикалық және ой-өрісінің дамуын қамтамасыз ететін жаңа технологияларды іздестіру өте өзекті. Ұлттық кодты қалыптастырудың педагогикалық құралы ретінде қарапайым асықтың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып отырмыз.
Арғы заманда асық қазақ балаларының күнделікті ойыны болатын. Халқымыз қыз бала туса еліктің асығын, ұл бала туса арқардың асығын сыйға тартуды жақсылыққа балағаны белгілі. Қазір балалар балпаң баса бастағаннан-ақ ата-анасы жүйкесі тыныш болуы үшін қолына планшет беріп қоятынын көріп жүрміз. Педагогтардың пайымына сүйенсек, бұдан баланың зейіні тұйықталады, көзінің көру қабілеті төмендейді, жүйкесі жұқарады, төмен қарап отырғандықтан омыртқалары қисаяды және кәдуілгі адами қарым-қатынасты ұмытады. Виртуалды әлемге бой ұрған бала қоршаған ортамен сөйлеспейді. Ал бұл балабақшадағы асық ойнай бастаған баланың бойындағы өзгерістерді ата-аналар күн са-йын байқай бастағанын айту керек. Яғни, бала еңкейеді, тұрады, үздіксіз қозғалыс дене сымбатына көмектеседі. Сонымен қатар, кәсіпкерлік қабілеті дамиды, ұтып алған асығы көбейген сайын қуанады. Жанындағы өзі қатарлы балалармен бірге ұйымшылдығы мен тіл байлығын дамытады
Асық – төрт түлік пен аңдардың тілерсегіндегі қызметі күрделі, буынға біткен шымыр сүйек. Қой, ешкі, сиыр, түйе асығы үлкен-кішілігіне қарамастан бір пішіндес келеді. Ал жылқы асығы басқа пішінде болады. Халқымызда «Ханталапай», «Үш табан», «Шеңбер» сияқты түрлі асық ойындары бар. Ойын кезінде асықтың сыртқы пішіндері үлкен рөл атқарады. Алшы – асықтың иірілгенде тегіс табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ойын кезінде оған бірінші дәрежелі мән беріледі. Тәйке (тауа) – асықтың иірілгенде шұңқырлау табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Бұл екінші дәрежелі мәнге ие. Бүге (бүк) – асықтың иірілгенде дөңес жоны үстіне қарап, етпетінен жатық түсуі. Бұл үшінші дәрежелі мәнге ие. Шіге (шік) – асықтың иірілгенде шұңқыр құрсақ жағы үстіне қарап, шалқасынан жатық түсуі. Бұл төртінші дәрежелі мәнге ие. Тұрық – асықтың алшы не тәйке түсуі. Омпы – асықтың тұмсығымен жер тіреп, тік шаншылып түсуі. Сомпы – асық тұмсығының көкке қарап, тік шаншылып шоңқая түсуі. Табан – асықтың тәйке жағы. Оңқай – асықтың бүгесі алақанға қарап, тәйкесі оң қол бас бармағына басылып ыңғайлы ұсталуы. Оңқай асық малдың сол жақ аяғының тілерсегінде болады. Солақай – асықтың шігесі сыртқа қарап, алшысы оң қолдың бас бармағына басылып ыңғайлы ұсталуы. Солақай асық малдың оң жақ аяғының тілерсегінде болады. Сақа – қолдағы бар асықтың үлкенінен, ірісінен, межемдісінен, салмақтысынан, оңқайынан белгіленеді. Солақайлар сақаны солақай асықтан ұстайды. Асықпен ойын балаларды ертеректе шеберлікке, мергендікке, батылдыққа, шешім қабылдауға, ырымға, ырысқа тәрбиелеу құралы болды.