Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты Әуезов ауданындағы №34 бөбекжай-балабақшасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Ұлттық құндылық – Асыл қазына» тақырыбында қалалық семинар өтті. Семинарға Білім бөлімінің өкілдері, Алматы қалалық ресурстық орталық мамандары, басқа да мектепке дейінгі ұйым басшылары, әдіскерлер мен педагогтер қатысты.
Балабақша ұжымы ұйымдастырған бұл семинарда тақырып жан-жақты қамтылды. 2024жылы балабақша меңгерушісі Сейдалиева С.К. мен әдіскері Абдулова М.М. Қытай мен Малайзия, Польша мен Германия елдеріне барып, тәжірибе алмасып қайтқан болатын. Сол сапардан алған білім мен тәжірибені ұштастыра отырып, бүгінгі мазмұнды семинарды жоғары деңгейде ұйымдастырды.
Семинарда ұлттық құндылықтармен қоса экологиялық бағытта назардан тыс қалмады. Балабақша ауласында тәрбиеленушілер мен ұжым педагогтері Нысанбаева Б.С., Имярова Г.Я., Алдабергенова Ж.М., Ким Е.С., Дулятова Н.А., Левченко Н.Б., Шишалова С.В., Маматниязова З.А. спорт алаңында өз еңбектерін көпшілік назарына ұсынды. Түрлі ұлттық тағамдар, көздің жауын алатын жүннен және теріден жасалған текемет, тақиялар, құрақ көрпелермен мәсі, дорба, балалар мен қатар үлкендерге арналған аяқ киімдері мен ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқтар көрмеге қойылды. Бидай тартып, ұн дайындау, асқабақтан нан пісіру, жемістерден смузи жасау, теңіз өнімдерімен таныстыру, моншақ тоқу, жүн илеу және теріден түрлі бұйым тігу секілді іс-шаралар ұйымдастырылды. Мұның барлығын кішкентай бүлдіршіндер өз қолдарымен жасап, қонақтарға ұсынды. Қонақтар бүлдіршіндердің қолынан шыққан дәмнен ауыз тиіп, ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар, ұлттық сусын – шұбат та ұсынылды.
Семинардың бір ерекшелігі – балабақша меңгерушісінің өз қолымен жасаған ұлттық бұйымдарының көрмеге қойылуы. «Бұл – менің хоббиім», – дейді он саусағынан өнер тамған жетекші.
Балабақша қабырғаларындағы көрмеге балалар мен ұжым ғана емес, ата-аналар да белсенді атсалысқан. Ұйымшыл ұжымның бұл еңбегі көпке үлгі.
Қонақжай ұжым ашық алаңдағы көріністі тамашалаған қонақтарды балабақша өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалауға шақырды. Концерт балабақша педагогтарының орындауындағы әдемі әнмен және көңілді флешмобпен басталып, ЖШС Бейби Радуга балабақшасынан келген өкілі Кадесова Ж.Б. өзінің «Қазақ халқының ұлттық мұрасына қосқан үлес» тақырыбындағы презентациясымен бөлісті. Ата-аналар да белсенділік танытып, ән шырқап, өз өнерлерін көрсетті. Абай опера театрының солисті Али Мұса Сұңқар «Гүл Алматы», «Атамекен» патриоттық әндерін орындап, көрерменнің көңілінен шықты. Ата-ана Нұржан Абылайхан «Море, море» әнін шырқады.
Музыка жетекшілері Мишина С.С. мен Бобрикова Н.А. мектепалды топ тәрбиеленушілері қазақ халқының ұлттық биі «Жастар думаны», «Фламинго биі», Бидай биі», «Көктемгі вальс» көрермендердің назарына ұсынылды. Сонымен қатар осы аталмыш балабақшаның қабырғасынан түлеп шыққан тәрбиеленушілер, қазіргі таңда «Аваз» музыкалық тобында өнер көрсетіп жүрген өнерпаздар, қонақтарға ұйғыр халқының «Поппури» әнін орындады.
Музыка жетекшілері Енсебаева М.С., Мишина С.С. мектепалды топтарының тәрбиеленушілерінен құралған оркестрімен «Көзімнің қарасы» әуенін орындап, қонақтарды әсем күйге бөледі. Балабақша оркестрінің орындауындағы шығарма тыңдаушыларға ерекше әсер қалдырды. Қонақтар балалардың аспаптарды еркін меңгергеніне таңғалып, зор қошемет көрсетті.
Балабақшаның мұғалім-логопеді Қабылбаева Д.С. қонақтарды су бетіне сурет салу «Эбру» техникасымен таныстырып, желпуіштер жасап шебер сыныбын өткізді.
Педагог-психолог Попова А.В. қонақтармен «7 секунд» интеллектуалды ойынын ойнатты.
Семинар барысында қазақ тілі педагогы Абдраимова М.К. қонақтармен «Садақ ату» спорттық ойынын жүргізді. Бұл ойын балалардың мергендік қабілетін, ептілігін арттыруға бағытталған. Қонақтар да бұл ойынға қызығушылықпен қатысып, нысанаға дәл тигізуге тырысып, шат-шадыман күй кешті. Кейбіреулері өздерін «мергенбіз» деп марқайып қалды. Өзгелері қол соғып, қуанышпен қолдау көрсетті.
Балабақша ұжымы дайындаған семинардың соңғы көрінісі Али Мұса Сұңқардың орындауындағы «Атамекен» әнінің сүйемелдеуімен ұжым педагогтары балалармен бірге ортаға шығып, семинарды аяқтады.
Семинар барысында балабақша ұжымы жасаған ұлттық бұйымдарға түсініктемелер беріліп, әр зат жеке-жеке таныстырылды. Қонақтар бұл бұйымдардың қалай жасалғаны туралы толық мәлімет алды. Кейбір туындылар қонақтарға естелік ретінде табысталды.
Ұлттық құндылық пен экологиялық тәрбиені қатар қамтыған бұл әсерлі де мазмұнды семинар сұрақ-жауап бөлімінде жалғасын тапты. Қонақтар семинардан мол әсер алып, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
Жұлдыз Смаилова
Алматы қаласы