Home » О нас » «Бірге құрамыз»: №119 бөбекжай-балабақшасындағы жаңашылдық пен шығармашылыққа толы семинар

«Бірге құрамыз»: №119 бөбекжай-балабақшасындағы жаңашылдық пен шығармашылыққа толы семинар

2025 жылдың 14 мамырында Алматы қаласы Түрксіб ауданына қарасты №119 бөбекжай-балабақшасында ерекше форматтағы аудандық семинар өтті. «Бірге құрамыз» атты бұл семинар мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне арналды және Германия мен Польша елдерінде тағылымдамадан өтіп келген балабақша меңгерушісінің тәжірибесіне негізделді.

Шара барысында Еуропалық тәжірибе, нақтырақ айтқанда, Фребель технологиясы негізге алынып, оның баланың еркін дамуына бағытталған әдіс-тәсілдері қолданылды. Семинар баланың шығармашылық әлеуетін ашу мен ата-ана, педагог және баланың үштік байланысын нығайту мақсатында ұйымдастырылды.
   

№119 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі жуырда Германия мен Польша елдерінде кәсіби тағылымдамадан өтіп, еуропалық мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі үздік тәжірибелермен танысып қайтқан. Сол тәжірибе негізінде қолға алынған «Бірге құрамыз» жобасы – баланың жан-жақты дамуына, шығармашылық мүмкіндіктерін ашуға және ата-анамен серіктестікті тереңдетуге арналған тың бастама.

Семинар қатысушыларды тіркеумен басталып, балабақша меңгеруші м.а. Данаева Гулайым Турсыебаевна қатысушыларды семинардың мақсаты мен мазмұнымен таныстырды. Ашылу сәтінен-ақ ұжымның ұйымдастырушылық үйлесімділігі мен қонақжайлығы ерекше байқалды.

Алғашқы бөлімде тәрбиеші Бүркітбаева Ә.Н. «Аққу» тобы тәрбиеленушілерімен бірге Фребель ойын құралдарын қолданып, балалардың логикалық ойлау, кеңістікпен жұмыс істеу және эстетикалық талғамын дамыту жолдарын көрсетті. Қонақтар балалардың өздігінен ойлап, жасампаздықпен әрекет етуіне таңдай қақты.

Бакытова Ш.Т. жетекшілігімен өткен сахналық көрініс «Бұлбұл» тобының ата-аналары мен балаларының қатысуымен ұйымдастырылды. Бұл қойылымда ойынның бала өміріндегі орны мен тәрбиелік мәні терең ашылды. Қатысушылар ата-ана мен баланың бірлікте ойнауы – тәрбиенің берік негізі екенін ұғынды.

«Аққу» тобының тәрбиешісі

Солтанбаева  А.Т жүргізген шығармашылық жұмыс барысында ата-аналар мен балалар «Жыл мезгілдері» тақырыбында бірлесіп композиция жасады. Бұл бөлім ата-аналарды педагогикалық процеске тартудағы озық үлгі ретінде танылды.

Тұрсынова Назерке Қанатқызы жетекшілік еткен бұл бөлімде балалар табиғат көріністерін қағаз бетіне түсіріп, ішкі сезімдерін көркем түрде жеткізді. Жұмсақ музыка мен балалардың таза ниеті көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

«Менің Қазақстаным» әні мен «Тәтті балақай» биі – семинардың көркем шарықтау шегі болды. Одан кейін психолог Тұрсынова Назерке Қанатқызы қатысушыларға арналған «Жағымды көңіл-күй сыйлау» тренингін ұйымдастырып, бір-біріне жылы лебіз айту арқылы ұжымдық рух пен сенімді нығайтты.

Семинардың соңында ұйымдастырылған шығармашылық көрмеде ата-аналар, балалар мен тәрбиешілердің бірлесіп жасаған бұйымдары қойылды. Әр жұмыс ерекше идея мен ықыласпен орындалған. Бұл көрме ата-аналардың тәрбие жұмысына белсене араласуын көрсетті.

Семинарға қатысқан қонақтар мен ата-аналар өз ризашылығын білдіріп, Фребель әдісінің тиімділігіне көз жеткізгендерін айтты. Қатысушылар балабақша ұжымының шебер ұйымдастырушылық қабілетін, шығармашылық орта қалыптастыруға деген ынтасын ерекше атап өтті. Түрксіб ауданы мектепке дейінгі ұйым меңгерушілері мен тәрбиешілер семинардан мол әсермен, тың идеялармен оралды.

Семинардың құрметті қонақтарының қатарында Алматы қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталығының әдіскері Туралина Жанар Анварбековна да болды. Өз сөзінде ол:

«Фребель әдісін қолдану – балалардың логикалық ойлауын, шығармашылық қабілетін дамытуда таптырмас құрал. Бүгінгі шараның мазмұны мен форматы – қала деңгейіндегі үздік тәжірибелердің бірі» – деп атап өтті.

«Бірге құрамыз» жобасы – №119 бөбекжай-балабақшасының жаңашыл бағыттағы нақты қадамы. Еуропалық тәжірибені сәтті енгізе отырып, бұл ұжым балалардың шығармашылық әлеуетін арттыруда, ата-анамен серіктестік орнатуда озық үлгі көрсетті. Мұндай бастамалар – еліміздегі мектепке дейінгі білім беру сапасын жаңа белеске көтерудің нақты көрінісі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*