Home » статьи » « Желтоқсан – Тәуелсіздігіміздің ұлы рухы »

« Желтоқсан – Тәуелсіздігіміздің ұлы рухы »

Дәл осындай атаумен желтоқсанның он бірі  күні Алматы қаласы, Медеу ауданы, Мәншүк Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейде тұғырлы тәуелсіздіктің бастауы болған Желтоқсан оқиғасы куәгері — Сатамбаева Гүлнар Абеновнамен кездесу кеші өтті.Еліне қорған бола білген батыр қызымыз жалынды жастығында «Желтоқсанның» ызғарында ел болашағы деп аянып қалмай, сәулелі ғұмырын да дәл солай ел болашағына – өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беру жолына арнаған екен. Қазіргі таңда Мемлекеттік архивтің  қойма меңгерушісі қызметін абыроймен атқаруда. Бүгін ұзақ жылдар бойы жүрек түкпіріне сақтаған естеліктерімен бөлісуге келді.

Ұлт тағдырына өшпес із қалдырған Желтоқсан оқиғасын ойға алғанда дір етпейтін жүрек жоқ. Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың  есімін иеленген №28 мектеп-лицейдің ұжымы жыл сайын өскелең ұрпақтың бойына құндылықтарды дарыту, туған жерге деген патриоттық сезімді нығайту, өткенді ұмытпай, ұрпаққа ұлықтау мақсатында іс-шара, кездесу кештеріне ерекше ықыласпен дайындалады. Бүгін де сондай ерекше кештің куәсі болдық. Кешіміздің қадірлі  қонақтары  төрден орын алғаннан кейін мектеп директоры Медетбекова Айсұлу Темірғалиевна сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді:

  • Бар бақыттың бастауы болған тәуелсіздік – дүйім жұрттың дүрбелең сәттен өтіп, кемел болашаққа аяқ тіреген сәті болатын. Биыл тәу етер тәуелсіздігімізге қол жеткізгенімізге 33 жыл толып отыр. Қазақстан бүгінде бұғанасы бекіген, дамыған елдердің қатарындағы, ел таңданып, тамсанар елге айналып үлгерді . Тәуелсіздік – таусылмас тарих.

Желтоқсанның қыршын құрбандарына арналған 1 минуттық үзілістен кейін кеш қонақтары мектеп оқушыларының сұрақтарына жауап берді. Оқушылар тағы бір мәрте бейбіт күннің қадіріне жету керектігін , бұл айтулы күннің Отанның әрбір азаматы үшін елеулі мереке екенін ұқты. Әсерлі сыр-сұхбат арасында өнерлі оқушыларымыз күй тартып, патриоттық әндер орындады.  8-11 сынып оқушылары тәуелсіздік туралы әсерлі өлең шумақтарын мәнерлеп оқыды.

Бұл кеште көптеген естеліктер айтылды, өскелең ұрпаққа өнеге боп қалар өмірбаяндар баяндалды. Сонымен қатар, дәл осы күн мектебіміздің 2-сынып оқушыларының естерінде мәңгіге сақталар күнге айналды. Себебі , оқушыларды «Жас қыран» балалар ұйымының кіші тобына  қабылдау рәсімін желтоқсан оқиғасының куәгері мен мектеп директорына ұсынылды.  Оқушыларымыз «Жас қыран»  ұйымына қабылданып, галстуктарын тағып, ант берді.Дәл осы сәт көрермендер үшін ұрпақтар сабақтастығының ең әсерлі көрінісі болып көрінді.

Мәншүк Мәметова атындағы

№ 28 мектеп-лицейде болып өткен тағылымға толы тарихтан сыр шерткен кездесу кеші барлық оқушылар мен қонақтардың жүрегінен орын алып, ерекше әсер қалдырды:

 

Ерлердің ер деп айтып батырлығын,

Азаттық — айтылатын батыл ұғым.

Кешегі боздақтардың ерліктерін,

Біздің мектеп дәріптеп жатыр бүгін…

Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын !Еліміздің айбары, елдігіміздің айғағы болған көк Туымыз көк аспанымызда қалықтап, көк Ту астында керемет күндер кеше берейік! Тәуелсіздіктің әр ақ таңы бейбіт еліміздің әрбір шаңырағына шаттық сыйласын!

М.Мәметова атындағы
№28 мектеп- лицейдің директоры
Медетбекова Айсұлу Темірғалиевна
Директордың тәрбие жөніндегі орынбасары
Сейдуллаева  Сауле  Абдукадировна

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*