Home » статьи » Қош бол, алтын ұя – мектебім!

Қош бол, алтын ұя – мектебім!

ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы
 №140 гимназия» МКК-нің
2025 жылғы түлегі
 Орынбасар Әділет

 Мектеп – өмірге бастар үлкен жол. Міне, көзді ашып-жұмғанша он бір жыл да өте шықты. Бұл – бір қарағанда көп уақыт сияқты көрінгенімен, қас қағымда өте шығатын ерекше кезең екен.

Осы жылдар ішінде біз білім алып қана қоймай, өмірлік құндылықтарды бойымызға сіңірдік, армандарымызға қанат қақтық, жақсы мен жаманды ажыратуды үйрендік.  Кеше ғана қолымызға қалам ұстап, алғаш мектеп табалдырығын аттаған едік. Енді бүгін үлкен өмірге қадам басқалы тұрмыз. Осы жылдар ішінде бізге білім беріп, тәрбиелеп, бағыт-бағдар көрсеткен алтын ұямыз – мектебімізге, аяулы ұстаздарымызға алғысымыз шексіз.
Мектеп – көшбасшылыққа жетелеген алтын ұям. Мектеп – мен үшін тек білім ордасы ғана емес, тұлғалық қалыптасуыма жол ашқан өмір мектебі. Осы қасиетті шаңырақтың қабырғасында жүріп, мен «Өзін-өзі басқару» ұйымының Президенті болу мәртебесіне ие болдым. Бұл сенімді артқан мектебіме, ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Президент ретінде атқарған жұмыстарым, ұйымдастырған іс-шараларым мені жауапкершілікке, көшбасшылыққа, ұйымдастырушылыққа үйретті. Осы жолда әрдайым бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсеткен ұстаздар қауымына, әсіресе менің бастамаларыма әрдайым сеніммен қараған мектеп әкімшілігіне үлкен рақмет! Осы орайда, М.Мақатаев атындағы №140 гимназия директоры Тілеубай Сәния Өскенбайқызына айтар алғысым шексіз. Ол — менің алғашқы жанкүйерім, саналы өмір сүруге баулыған кеңесшім, сүйікті ұстазым. Ол менің әрбір ісіме жанашырлықпен қарап, алға ұмтылуыма себепші болды.

Мектеп менің өз қабілетімді танып, сенімді түрде әрекет етуге мүмкіндік берген орта болды. Бұл жерден алған білім мен тәрбие – болашақ өмірімнің темірқазығы болмақ. Енді мен үлкен өмірге аяқ басып бара жатқанда, осы мектебіме, ұстаздарыма деген ризашылық сезімім шексіз. Олардың бізге берген білімі, үйреткен өмір сабақтары – болашағымыздың берік іргетасы. Әрбір жылы сөздері, қолдаулары, талапшылдықтары бізді шыңдады, шынықтырды. Біз болашақта қай салада жүрсек те, ұстаздарымызды ұмытпаймыз.


Сынып жетекшіміз Ботабек Назгүл Бақтярқызы біз үшін екінші анамыздай болды. Қуанышымызға қуанып, қиын сәттерімізде қолдау білдірді. Әрдайым қасымыздан табылып, тәртіпке, татулыққа, мейірімге баулыды. Білім нәрімен сусындатқан барша ұстаздар қауымына, пән мұғалімдеріне, сүйікті апайларыма, Темурбаева Сафура Сәлімбайқызы  бастаған гимназия әкімшілігіне ерекше құрметпен алғыс айтамын. Үлкен әріппен жазылатын Ұстаз бейнесі мен үшін осы ұстаздарым арқылы қалыптасты.

Сүйікті мектебіміздің талай арман иелерін ұшырған қасиетті ұя екенін жүрегімізбен сезінеміз. Жаңа өмір жолына қадам бассақ та, әр күнімізге себепкер болған мектеп өмірін сағынышпен еске алатын боламыз, себебі мектеп тек білім ғана емес, өмірлік сабақ сыйлады.

Рақмет саған, алтын ұям – мектебім!
Рақмет сіздерге, аяулы ұстаздар!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*