Home » О нас » Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің төресі

Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің төресі

Турганбаева Улбосын Абеновна,
Астана қаласы әкімдігінің
№46 «Самал» санаториялық
балабақшасының әдіскері
Кожабаева Нагима Токсанбаевна,
Астана қаласы әкімдігіні
№46 «Самал» санаториялық
балабақшасының музыка жетекшісі

Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің төресі

Жас ұрпақтың бойына ұлттық тәрбиені сіңіру, халқымыздың бай мұрасын құрметтеуге баулу, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді жаңғырту мақсатында жұма күні Астана қаласы әкімдігінің №46 «Самал» санаториялық балабақшасында «Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің төресі» атты тағылымды іс-шара өтті. Ұлттық нақыштағы киіммен көрерменді жылы қарсы алып, шараны жүргізген Тұрғанбек Ұлдана Сәрсенбекқызы әуелі шараның маңыздылығына тоқталды.
Алғашқы сөзді балабақшасының меңгерушісі Абенова Гүльмира Сартаевна алып тәуелсіз еліміздің рухани жаңғыруы жолындағы ең басты міндеттердің бірі – ұлттық құндылықтарды ұлықтау екенін айта келе, осындай тәрбиелік мәні зор шаралардың жас ұрпақтың бойында елжандылық, ұлттық болмыс пен адамгершілік қасиеттерді қалыптастырудағы маңызы ерекше екенін атап  өтті.

Мерекелік бағдарламаның шырайын кіргізіп, әрбір көріністі әуезді әуенмен әрлеп, кештің рухани әсерін арттырған – балабақшаның музыка жетекшілері Кожабаева Нагима Токсанбаевна  мен Айбекова Ботагоз Наушаевна

болды. Ұлттық нақыштағы әндер мен музыка саздары балалардың сахналық қойылымдарын әсерлі етіп, көрерменнің көңілінен ерекше орын алды. Музыка арқылы балалардың ұлттық рухын оятып, олардың сахнадағы әрбір қимылына жан бітіре білді.Балалардың денсаулығын нығайтып, ұлттық ойындарды қызықты етіп өткізген дене шынықтыру нұсқаушысы  Егинбай Ернұр Ерланұлының еңбегін атап өткеніміз жөн.

Балалармен көңілді ойындар ұйымдастырылып, сахналық көріністер арқылы ұлттық құндылықтар насихатталды. Бұл ретте халық ертегілерінің кейіпкерлері ерекше рөл атқарды. Алдар көсе бейнесін шынайы сомдаған – Шубаева Айгуль Мейрамовна, ал Тазша бала бейнесінде жарқын көңіл мен тапқырлықты жеткізген – Кенжебекова Айгерим Жақсыбаевна. Байлардың рөлін нанымды түрде орындап, көріністі әсерлі еткен Қожабекова Александра Ергалиевна мен Меңдыбаева Мадихан өнеріне көрерменді тәнті етті.

Іс-шара барысында ұлттық дәстүріміздің айнасы – қазақы дастархан жайылып, қонақтарға ұлтымыздың төл тағамдары ұсынылды. Дастархан төрінен бауырсақтың хош иісі аңқып, бабалар сусыны – қымыз сапырылып, шын ықыласпен ұсынылды.

Қонақжайлықтың белгісі ретінде Искакова Армангуль Агабаевна дәстүрлі рәсімді сақтай отырып, күбіде пісілген дәмді қымызды әдемі ожаумен сапырып, ұлттық ыдысқа құйып, келген қонақтарға ұсынды. Бұл көрініс қазақ халқының ежелгі қонақ күту мәдениетінен сыр шертіп, шараға ұлттық сипат пен айрықша шырай берді.

Осындай тағылымға толы сәттер арқылы балалар мен ата-аналар ұлттық тағамның қадір-қасиетін тереңірек түсініп, ата-баба дәстүріне деген құрмет сезімін ұғынды.

Іс-шараға ата-аналар да белсенді атсалысып, өз үлестерін қосты. Атап айтқанда, Айтөренің әжесі  Карденова Бибигүль Лаубаевна мен Темірланның әжесі – Садвокасова Дарья Шаймарденовна ұлттық киіммен сахна төріне шығып, халқымыздың көне дәстүрлерін дәріптеді. Олар қазақ халқының дәстүрлі әндерін нақышына келтіре шырқап, ұмыт бола бастаған тұрмыстық қолөнер түрлері – жүн түту, ұршық иірудің қыр-сырын балаларға көрсетіп, тәрбиелік мәні зор үлгі ұсынды.

Балабақшамыздың бүлдіршіндерімен рухани-танымдық бағытта өткізілген тағы бір тәрбиелік шара – «Астана саябағында» ұйымдастырылды. Табиғат аясында өткен бұл іс-шара балалар үшін ерекше әсерлі, әрі мазмұнды болды. Ашық аспан астында, жайқалған жасыл желектің ортасында тәрбиеші Аглакова Анар Алибековна балаларға қазақ халқының бай ауыз әдебиеті үлгілерінен ұлттық ертегілерді қызықты етіп әңгімелеп берді.

Балалар тек ертегі тыңдап қана қоймай, ондағы кейіпкерлермен етене танысып, олардың іс-әрекеттері мен мінез-құлықтары арқылы жақсы мен жаманның, әділдік пен арамдықтың ара-жігін ажыратуға мүмкіндік алды. Бұл танымдық сәттер балалардың ой-өрісін кеңейтіп, қиялын дамытты. Ертегі әлеміне енген балалар ұлт рухын сезініп, ата-бабаларымыздың өмір салты мен даналығына бір табан жақындай түсті.

Мектепалды тобының тәрбиешісі Байтугелова Гаухар Ергалиевна балаларға “Бес тас” ойынының шартарымен таныстырып, ойнау жолдарын көрсетті.

Мұндай шаралар арқылы бүлдіршіндердің бойында кітапқа деген қызығушылық пен ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілік ұлғаятыны сөзсіз.

Осылайша, «Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің төресі» атты тағылымды кеш – балалардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыруға, елін, жерін, тарихын құрметтейтін азамат болып өсуіне бағытталған ерекше іс-шара ретінде есте қалды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*