Лудомания – бұл адамның құмар ойындарға деген бақыланбайтын әуестігі. Қазіргі қоғамда ойынқұмарлық немесе лудомания – кең таралған психологиялық тәуелділіктердің бірі. Ол жеке тұлғаның психологиялық және әлеуметтік күйіне әсер етіп қана қоймай, қаржылық шығындарға, отбасы ішіндегі кикілжіңдерге, заңсыз әрекеттерге итермелеуі мүмкін.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша 2020 – 2023 жылдар аралығында қазақстандықтар құмар ойындарға 1 трлн теңгеден астам қаражат жұмсаған, лудомания ажырасулардың 38 %-ына себеп болған. Қазіргі уақытта 400 мыңға жуық адам казино мен букмекерлік конторалардың тұрақты клиенттері болып табылады екен. Бұл деректер лудомания қоғамды жайлап бара жатқан қауіпті індет екенін көрсетеді.
Лудоманияға шалдыққан адамдардың анамнезіне сүйенсек, оған бейім болудың бірнеше себебтері — жұмыс барысындағы жоғары стресс деңгейі, қызметтік жауапкершілік пен қысым, қаржылық қиындықтар, демалыс пен бос уақытты тиімді пайдаланбау екен. Алайда, аталған себептердің шешімін құмар ойындардан табамын дегендер, өздерінің психологиялық күйзеліске (депрессия, ашушаңдық, ұйқысыздық), қаржылық қиындықтар мен несиеге тәуелділікке, жұмыстағы тәртіп бұзушылық пен өнімділіктің төмендеуіне, қызметтік этика мен заң талаптарының бұзуына, тіпті қылмыстық істерге тартылу тәуекелдігіне (пара алу, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, ұрлық және т.б.) әкелгенін мойындайды.
Осындай қоғамдық дерттің алдын алу бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 31 мамырдағы № 432 қаулысымен «Қазақстан Республикасында заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024 – 2026 жылдарға арналған кешенді жоспары» бекітілді және мына шаралар қабылданғанын назарға саламын:
— құмар ойындарға патологиялық тәуелділіктен зардап шегетін адамдарды мемлекет есебінен тегін емдеу және медициналық-әлеуметтік оңалту;
— заңсыз интернет-казинолар мен букмекерлік сайттарды бұғаттау:
— букмекерлік кеңсенің аккаунтын толықтыру және одан қаражатты шығару кезінде бәс тігуге қатысушыларды биометриялық сәйкестендіру жөніндегі талапты төлем жасау мекемелеріне енгізу;
— ата-аналардың келісімін алып, білім алушылардың компьютерлік және ойынға тәуелділік белгілерінің бар-жоғын тестілер түрінде анықтау;
— SMS байланыс операторлары арқылы букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасын таратуға заңнамалық тыйым салуды енгізу;
— лудомандар мен олардың жақындарына психологиялық көмек көрсету үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі «Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы» ШЖҚ РМК-ның 111 байланыс орталығы базасында қоңыраулар қабылдауды ұйымдастыру.
Қазіргі уақытта – eGov mobile қосымшасы арқылы құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуына өзіне ерікті түрде шектеу қою туралы өтініш беру мүмкіндігін еске саламыз және ол барлық заңды ойын мекемелері мен букмекерлік кеңселердің сайттарына 6 айдан 12 айға дейін кіруге тыйым салады.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлерге «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі» талапьарына сәйкес қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемесіне барудан тартыну қажеттігін еске саламын.
Алматы қаласының
санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау департаментінің
Әдеп жөніндегі уәкілі
Г.С. Каткенова