Дана Қанатқызы,
Алматы қаласы,
жас тілші
ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы 140 гимназия» МКК-де 23 желтоқсан күні 18.00-де «ХХІ ғасыр: Ата-ана. Ұстаз. Оқушы» тақырыбында ата-аналар жиналысы өтті. Жиналыстың ерекшелігі – «Ата-ана. Ұстаз. Оқушы» үштігі өкілдерінің қатысуында. Жиналысқа қала мектептерінің «Қамқоршылық кеңесі» төрағалары мен төрайымдары да қатысты. Жиналысты гимназияның «Өзін-өзі басқару» ұйымы патриоттық көрініспен ашты. Тәуелсіздік жолында жанын қиған Желтоқсаншылар жайлы, рухқа толы сахналық қойылым көрермендердің көзіне жас үйірді.
Әсерлі қойылым үштіктің жиналысына ұласты. Үштіктің жұмысы мен өзара байланысы жайлы қадау-қадау ойларымен жиналыс шымылдығын ашқан, гимназия директоры Сәния Өскенбайқызы Жопанияға барғандағы іс-тәжірибесін ортаға салып, бала тәрбиесіндегі басты құндылықтарға тоқталды.
Астана қаласында өткен «Балалар мен жастар тәрбиесі: мемлекет, қоғам және отбасының бірлескен іс-әрекеті» тақырыбындағы форумға қатысушы, гимназия ата-аналары Р. Актаева мен Қ.Саяхметтің бала тәрбиесі жайлы түйінді ойлары жиналысты қыздыра түсті. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары С.С.Темурбаева үштік жұмысты жақсарту мақсатында жүргізіліп жатқан шараларға тоқталып, қолданыста жүрген бағдарламаларға тоқталып, жаңа жобалармен таныстырды.
Гимназия ұстаздары Л. Ө. Сатымбаева «Ұлттық иммунитет»,
Л. Ш. Батырхан «Стресс пен оның алдын алу шаралары», Г.С. Чайзаданова «Қаржылық сауаттылық», А.С. Сламова «Агрессия және оны жеңу жолдары» тақырыбында жобаларын қорғаса, гимназия шәкірттері А.Саяхмет «Гаджетке тәуелділіктің алдын алу», Н. Мылтықбай «Буллингті болдырмау жолдары», Ж.Сайн «Тіл тазалығы», М. Төлеубек «Боқтық сөз айтуға, балағаттауға жол бермеу» тақырыбындағы жобаларын ортаға салды.
Жиналыс ата-аналардың ыстық лебіздерімен, тілек, ұсыныстарымен қорытындыланды. Аталмыш жиналыс «Ата-ана. Ұстаз. Оқушы» үштігіне ерекше серпін, жаңа шабыт сыйлады, өткенге есеп беріп, жаңаға жоспар құруына негіз болды. Жаңаша форматтағы үштік жиналысы одан әрі жалғасын табары хақ. Барша қатысқан ата-аналарға, ұстаздарға бала тәрбиесінде толағай табыстар мен жетістіктер тілейміз!