Астана қаласындағы №43 «Қызғалдақ» балабақшасында МКҚК осы тақырыпта өткен шара кішкентай бүлдіршіндер мен әкелерінің және аталардың қатысуымен өтті.
Тәрбиелік мәні зор бұл шара әкенің қоғамдағы рөліне назар аударып, отбасындағы бала тәрбиесіне, біліміне көңіл бөліп, ата-ана белсенділігін арттыруды, саналы, ұлтжанды ұрпақты қалыптастыру жолында бірлесіп әрекет етуді көздейді.
Шара барысында ұйымдастырушылар жиналғандардың назарын бейне тақтадағы «Әкеден-ақыл, анадан-мейір», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», «Әке – асқар тау, ана – етегіндегі бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» сынды халқымыздың тәрбиелік мәні зор мақал-мәтелдеріне аударды.
«Әкем – мақтанышым, менің алтын қазығым» шарасының жүргізушісі, тәрбиеші Айтбала Жилкибаева сайыс кезеңдеренің атадан балаға мирас болып жалғасып келе жатқан салт-дәстүр, ұлттық құндылықтармен ұштасқанын тілге тиек етіп өтті. Байқауды ашқан балабақша меңгерушісі Бақыт Исақызы және ұйымдастырушы инновация әдіскері Назкен Рысбаева қатысушыларға игі тілектерін білдіріп, сәттілік тіледі. Байқау басталмай тұрып балабақша тәрбиеленушілері қазақша күрестен өз өнерлерін ортаға салды. Тәрбиеші Асель Жарқынбекова «әке», «отағасы» сөзінің мән-мағынасына тоқталып, бала тәрбиесінде ер-азаматтардың атқаратын рөлінің жоғары екендігін айрықша атап өтті.
Алты кезеңнен тұратын сайыс әділқазылары құрамында №34 орта мектеп педагог-психологы Ақнұр Әбдісадықова, №43 «Қызғалдақ» балабақшасының педагог-психологы Сәуле Сеитова мен дене шынықтыру нұсқаушысы Нұрсұлтан Есенәлі. Қатысушылар – «Самұрық» тобынан Қанат Әли атасы Қайырбек Нұрынбекұлымен, «Балбөбек» тобынан Адиль Тлевбек әкесі Арман Басжуреуовпен, «Балапан» ортаңғы тобынан Омар Қайрат әкесі Жандос Сейітқалиев, «Күншуақ» ортаңғы тобынан Диас Нугербеков әкесі Хабибулла Айитов, «Айгөлек» ересек тобынан Омар Бақыт пен әкесі Нұрлан Дәуренбеков, ересек «Аққу» тобынан Айзере Нурмаханбет және әкесі Бек Шыналиевтер бақ сынады.
Таныстыру кезеңінде қатысушы әкелер балаларымен бірге ортаға шығып, ата-тегі, отбасы мүшелері және қай топтан қатысып отырғаны туралы өздерін таныстырып, қысқаша ақпарат берді. Бүлдіршіндер «Бәйге ойыны» сайысында қағаздан жасалынған тұлпарларға тартылған жіпті шапшаң айналдырып бәйге мәресіне жетуден жарысты.
«Өнерліміз, өркенбіз» кезеңінде қатысушы әкелер балаларымен бірлесіп жасаған колөнер бұйымдарын қорғап шықты. Бұл жерде қайыстан өрілген қамшы, оюмен безендірілген бесік, құстың ұясы, ұлттық нақышта әзірленген қабырға суреттері, киіз үйдің макеті тағы басқалары бар. Қолдан шыққан бұл бұйымдардың үлкен жауапкершілікпен орындалғаны байқалады. Атап өткен жөн, осының алдында балабақшаның барлық топтарында колөнер бұйымдары көрмесі ұйымдастырылған болатын. Белсенділік танытқан 60 ата-анаға алғыс хаттар тапсырылды. Бүгінгі сайыс барысында жиналғандар тәрбиеші Нурсулу Имангалиева дайындаған «Өнерліміз, өркенбіз» қолөнер бұйымдарын жасау байқауының бейнематериалды тамашалады.
Әкелер сайысы аясында №43 «Қызғалдақ» балабақшасының мектепалды тобының өнерлі бүлдіршіндері музыка жетекшісі Меруерт Мырзагерейдің сүйемелдеуімен «Келіншек» күйін орындады. Содан кейін байқаудың төртінші кезеңі басталып та кетті. Қатысушылар қолдан жасалған қойдың жүнін қырқудан жарысса, келесі сайыста асық атудан өз ептіліктері мен қырағылықтарын паш етті. Соңғы шешуші кезеңде әкелер мен балалары бірлесіп ән шырқап, би билеп, мәнерлеп оқудан отбасылық өнерлерін ортаға салып, озық шығуға тырысты. Шара соңында әділқазылар алқасының шешімімен әр отбасы көрсеткен өнеріне қарай «Мейірімді әке», «Батыр әке», «Өнерлі әке», «Ержүрек әке», «Шебер әке», «Балажан әке» номинациялары бойынша марапатталып, грамоталар мен сыйлықтар табысталды.
Тәрбиелік мәні зор іс-шараны ұйымдастырушы инновация әдіскері Назкен Рысбаевның айтуынша, балабақша жұмысына әкелерді жиі тартып тұруға баса назар аударылады. Әрі осы арқылы отбасы құндылығын арттыруды, әкелердің бала тәрбиесі туралы мазалап жүрген сұрақтарын топ тәрбиешілерімен бірлесіп талқылап, пікір алмасуына мүмкіндік жасап, балабақша мен тәрбиешіге деген сенімін нығайтуды көздейді.
«BILIM AINASY»
Астана қаласы
Балдырған Саркенова