Адам баласы – табиғатынан үмітпен өмір сүретін, армандай алатын ерекше жаратылыс. Арман – жанның терең түкпірінен шығатын ең ізгі, ең шынайы тілек. Ол адамға бағыт-бағдар береді, алға ұмтылдырады, жеңіске жетелейді. “Армансыз адам – бағытсыз кемемен тең” деп айтсам cірә қателеспеспін. Сондықтан, ешқашан армандаудан қорықпау керек. Қайта сол арманың үшін күресіп, алдыға мақсат қойып, әрекет ете білу керек.
Кей адамдар “армандау бос әурешілік” деп ойлайды. Өйткені олар үшін өмірдің қиындықтары армандауға мүмкіндік бермейді. Немесе олар сол арманға жету жолынан тайған болар. Бірақ бұл – үлкен қателік. Арманға жету жолында болған қиын кезеңдер, сенін дұрыс жолда жүргенінің белгісі. Мәселен, кішкентай кезімізден біз “Disney” компаниясының мультфильмдерін көріп өстік. Дисней компаниясы әлемдік деңгейде танымал. Оның негізін Уолт Дисней деген кісі қалады. Уолт Дисней арманыңа жету үшін аянбай еңбек етті. Ол кісіге 302 рет қаржыландырудан бас тартты, алайда 303-ші әрекет сәтті болып, қазіргі уақытта Уолт Дисней компаниясы туралы әлемде барлығы біледі. Сол сияқты, Ховард Шульц 242-рет қаржылай көмек ала алмады. Бірақ, өз арманыңа сеніп, еңбек ету арқасында әлемнің көптеген елдері атақты Starbucks кофесін іше алады.
Қазіргі уақытта жастардың армандауына, үлкен мақсат қоюына барлық мүмкіндік қарастырылған. Ашық әлем, еркін білім, технологиялардың қолжетімдігі – бәрі адам арманыңа жол ашады. Ең бастысы – ішкі сенім мен әрекет. Егер сіз өз арманыңызға шын жүрекпен сеніп, оған жету жолында еңбек етсеңіз, барлығы мүмкін. Адам армандаудан емес, әрекет етуден қорқуы керек. Неге? Өйткені тек армандап қойып, ешқандай қадам жасамайтын адам ғана қиялмен өмір сүріп, өз арманыңа жете алмас. Мысалы, “Не аңсағанда аларсың, не қақсағанда аларсың” деп қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов сөз айтқан. Армандаңыз, мақсат қойыңыз, әрекет жасаңыз. Мұхтар Әуезовтің өзі де бала кезінен білімге құштар болып, әдебиетке ғашық еді. Сол арманын мақсатқа айналдырып, әлем таныған тұлғаға айналды. Ол 1927-1950 жылдар арасында “Абай жолы” роман-эпопеясын жазып, қазақ халқының рухани байлығын күллі әлемге паш етті. Ұлы Абай да: “Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан” деген екен. Бұл – әр адам өз орнын тауып, қоғамға пайда келтіретін тұлға болсын деген сөз. Ол да – армандаудан бастау алады.
АҚШ-тың танымал нейробиологі және мотивациялық спикері Джо Диспенза армандар мен мақсаттарға жетудің ерекше тәсілін ұсынды. Оның пікірінше, адамның ойы мен сезімі бірігіп, болашақты шындыққа айналдырады. Ол былай дейді: “Егер сіз болашақтағы эмоцияны сезінсеңіз, сіздің денеңіз оны шындық ретінде қабылдай бастайды.” Яғни, Джо Диспенза армандардың орындалуын кездейсоқтық емес, адамның саналы әрекеті мен ойлау қабілетінің нәтижесі деп түсіндіреді. Оның ойынша армандарға жету үшін ең алдымен ойымызды, ішкі әлемімізді өзгертуіміз қажет. Жақсы ойлап, сезімімізді болашақтағы мақсатымызға лайық етіп қалыптастыру керек. “Сіздің болашағыңыз өткеніңізден маңыздырақ болуы қажет” деп айтқан Джо Диспенза адамның өткендегі қателіктер пен шектеулерге байланып қалмай, жаңа мүмкіндіктерге жүрекпен ұмтылуы қажет екенін ескертеді. Ол армандарға жүзеге асуы үшін үш қадамды ұсынады:
- Арманыңды анық елестетіп, оны егжей-тегжейлі көре білу. Мәселен, арманыңыз керемет жоғарғы оқу орнына грантқа түсу болса, сол жерде грантта оқып жүргеніңізді сезініз. Сіз қайдасыз? Эмоцияңыз қандай? Не істеп жүрсіз?
- Сол сезімді жүректе сақтау. Әлі жүзеге аспаған болса да, арманың орындалғандай күй кешу. Арманыңыздың әр жерін, әр детальін шындық ретінде қабылдаңыз. Сол сезімді жүрегіңізбен сезініз.
- Өткенді емес, болашақты бағдар етіп, өзіңізді сол арманға лайық адам ретінде сезіну. Өз арманыңыз үшін еңбек етіңіз. Арманыңызға ғашық болыңыз.
Диспензаның еңбектері бүгінде миллиондаған адамдарға өз армандарына сенуге және оларды жүзеге асыруға шабыт беріп келеді. Оның YouTube желісінде сұхбаттары мен видеолары, сатылымда кітаптары орыс және ағылшын тілінде бар.
Қорытындылай келе, армандаудан ешқашан қорықпау керек. Қорқу – ол әлсіздік емес, бірақ сол қорқынышқа берілмеу – нағыз ерлік. Егер сіз арманға берік болып, соған жету жолында еңбек етсеңіз, ол міндетті түрде орындалады.
Армандаудан қорықпаңыз – арманыңыз сізді биікке жетелейді!
Гүлназ Мұратбек
Алматы облысы
М. Мақатаев атындағы
№13 орта мектебі